Талғат Ерғалиев кезектен тыс президенттік сайлауға кандидат ретінде тіркелу үшін Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ОСК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«10 қазанда Талғат Файзуллиұлы Ерғалиевтің «Қазақстан Құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігінен Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат болып ұсынылғаны туралы келесі құжаттары ұсынылды:
1. «Қазақстан Құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігі жоғары органы отырысының Қазақстан Республикасының президенттігіне ұсыну туралы хаттамасынан үзінді;
2. Талғат Ерғалиевтің Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат болуға келісімі туралы өмірбаяндық деректері қоса берілген өтініші;
3. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат;
4. Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5. Жоғары білімі туралы дипломының көшірмесі», – делінген хабарламада.