Қоғам қайраткерлері, Жамбыл облысы әкімдігінің басқарма басшылары мен аудан әкімдері Президенттің 2021 жылғы 1 қыркүйекте жарияланған Қазақстан халқына Жолдауын тыңдап, талқылады.
Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің алдағы кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын атап өткені белгілі.
Жамбыл облысында Жолдаудың стратегиялық міндеттері мен басымдықтарын жүзеге асыру аясында барлық әлеуметтік-экономикалық салаларда оң нәтижелерге қол жеткізілген. Нақтылай айтқанда, ұлтаралық келісім орнаған, өнеркәсіп өркендеп, индустриялық жобалар іске асырылуда, жаңа технологиялар табысты қолданылуда, тұрғын үйлер, әлеуметтік саланың жаңа объектілері салынуда.
Біздің облыс әртүрлі ұлт өкілдерінің қоныстануымен ерекшеленеді. Мұнда 80-нен астам ұлт өкілдері тұрады. Өткен жылы Президенттің тапсырмасы бойынша өңірде мониторинг, әлеуметтік сауалнама, талдау және тұрғындарды толғандыратын түрлі проблемаларды шешуге бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы іске асырыла басталды. Мысалы, Мемлекеттік бағдарламалар аясында Қордай ауданын дамытуға 35 миллиард теңге бөлінді: 3 мектеп, 4 спорт кешені, 3 денсаулық сақтау нысаны, 1 мәдениет үйі, 5 көп қабатты тұрғын үй салынды, 6 ауыл орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылды, 22 елді мекен көгілдір отынмен қамтамасыз етілді, 200-ден астам көше жөнделді.
Біздің облыс аграрлы аймаққа жататыны белгілі, халықтың 60 пайыздан астамы ауылдарда тұрады. Агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру биыл 20,6 миллиард теңгені құрады. Бірінші жартыжылдықта 77,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілді, өсім – 4,3 пайыз. Оңды істердің бірі – мал басының көбеюі.
Мемлекет басшысының сөйлеген сөзіндегі тағы бір маңызды бағыт – тұрақты еңбек пен білім алуға ұмтылу.
2020 жылы АӘК-пен 69 489 адам қамтылды, ағымдағы жылдың 1 маусымына 50 618 азамат АӘК алды, яғни көмекпен қамтылғандар саны 18 871 адамға азайды, 1.3 миллиард тенге үнемделді. Ағымдағы жылдың соңына дейін үнемдеу 3.9 миллиард теңгені құрайды.
Денсаулық сақтауды дамыту бағдарламасын іске асырудың негізгі мақсаттарының бірі — өңірде өмір сүру ұзақтығын 74,5 жасқа дейін ұлғайту. Айта кету керек, бала туу көрсеткіші артып, қатерлі ісік, миокард инфаркті, туберкулезден болатын өлім-жітім азайды.
Өңірдің медициналық ұйымдарын қажетті техникамен жабдықтау деңгейі 87,9 пайызды құрады.
Дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға өсті.
Мемлекет басшысы атап өткендей, денсаулық сақтау саласын дамытудың маңызды мәселесі медицина кадрларымен қамтамасыз ету болып табылады. Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін Тараз қаласында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің филиалы ашылды.
Ел Президенті 2025 жылдың соңына дейін кемінде 1000 мектеп салу туралы тапсырма берді. Осы міндетті орындау аясында өткен оқу жылында облыста 7 жаңа мектеп өз есігін айқара ашты, ағымдағы жылы облыста 23 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 11 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Мемлекет басшысының Жолдауы аясында бұқаралық және балалар спортымен айналысуға тиісті жағдай жасау үшін өткен жылы өңірде бірден 15 дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды, биылғы жыл соңына дейін тағы да осындай 11 кешен салынады. Нәтижесінде халықты бұқаралық спортпен қамту деңгейі 34 пайызды құрайды.
«Тұрғын үй мәселесі қай кезде де тұрғындардың басты проблемаларының бірі болып санаады. Осыған байланысты біртұтас тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады. Оның операторы ұлттық даму институтына айналатын «Отбасы банк» болады. Банк алдында «бір терезе» қағидаты бойынша азаматтар арасында тұрғын үйді есепке алу мен бөлуді қамтамасыз ету міндеті тұр.
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін кейіннен тұрғын үй сатып алу үшін «Отбасы банкінің» шотына жеткіліктілік шегінен жоғары аударуға рұқсат беру қажет деп санаймын. Бұл сондай-ақ қаражат жинау, оларды сауатты басқару мәдениетін ынталандыруға мүмкіндік береді», – деп Жолдау барысында атап өтті Мемлекет басшысы.
Ағымдағы жылы өңірде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 50 көп қабатты тұрғын үйдің (3 мыңға жуық пәтер) құрылысы жүргізілуде және жыл соңына дейін оларды пайдалануға беру жоспарлануда.
Президенттің тапсырмасы бойынша біздің өңірде биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ жанынан вакцина шығаратын биофармацевтикалық зауыттың құрылысы жүргізілуде.
Осы жылдың сәуір айында QazVac отандық вакцинасының алғашқы 50 000 дозасы еліміздің барлық өңірлерінің Денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларына жіберілді, сондай-ақ гуманитарлық көмек көрсету шеңберінде Қырғызстанға вакцинаның 25 000 дозасы жөнелтілді.
Ағымдағы жылдың қазан айынан бастап ай сайын қазақстандық вакцинаның 500-600 мың дозасы шығарылатын болады.
Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтына іргелес аумақта отандық және шетелдік мамандардың өмір сүруі үшін үш көппәтерлі тұрғын үй, дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынды.
Жамбыл облысында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасты.
Өнеркәсіптің неғұрлым перспективалы салаларының үштігіне химия және тау-кен өндірісі, ауыл шаруашылығы кіреді.
Ағымдағы жылдың басынан бері облыс экономикасына барлығы 160,8 миллиард теңге инвестицияланды.
«БҰҰ мәліметтері бойынша, 2030 жылға қарай су тапшылығы 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан, су тапшылығымен күресу үшін бізге нақты шешімдер әзірлеп, жаңа технологияларға көшу және деректерді цифрландыру қажет», − деді Президент өз Жолдауында.
Өңірімізде ауыл шаруашылығы алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесінде жер үсті және жер асты суларын тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлінеді.
Сондай-ақ, біздің облыста тамшылатып суару және жаңбырлату сияқты заманауи су үнемдеу технологиялары белсенді енгізілуде. Өйткені, өздеріңіз білетіндей, бұл әдістер бір жарым-екі есе ылғалды үнемдеуге мүмкіндік береді, дақылдардың өнімділігі айтарлықтай артады.
Қорытындылай келе, отырысқа қатысушылар – Әулиеата жұртшылығы Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған бастамалар мен нақты қадамдарды толық қолдайтынын және қойылған мақсатқа сапалы қол жеткізу үшін, атап айтқанда – азаматтардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау үшін бар күш-жігерін салатынын атап өтті.
Облыс әкімі өзінің орынбасарларына, аудандар мен Тараз қаласының басшыларына, басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар берді, сондай-ақ Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті.