Президент құттықтауын жеткізді

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жүзу спортынан Паралимпиада чемпионы Зульфия Габидуллина мен көпбалалы ана Айжарқын Сарықованың шаңырағына мерекемен құттықтауға арнайы барды.

Дәрмен Ерболов

Бердібек Машбекұлы алдымен Зульфия Габидуллинаның үйіне барып, Мемлекет басшысының құттықтау хатын табыс етті.

– Мен сізге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауын жеткізгім келеді. Сіздің мінезіңіз, төзімділігіңіз бен еңбекқорлығыңызды бағалаймыз. Сіз тек шебер спортшы ғана емес, өзіңіздің ерекше болмысыңыз, жан-дүниеңізбен көпке үлгісіз. Мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп, өз қаражатыңызға балаларға арнап спорт алаңын да салдыңыз, – деген облыс әкімі Зульфияға гүл шоқтарын ұсынып, мерекемен құттықтады.

– Мен үшін облыс әкімінің өзі келіп жылы лебізін білдіруі, Мемлекет басшысының құттықтау хаты тосынсый болып отыр. Барша әйелдер қауымына әрдайым жарқын өмір мен ізгілік тілеймін, – деді Зульфия Габидуллина.

Ел мерейін үстем етіп жүрген спортшыны құттықтай келген аймақ басшысы көпбалалы ана Айжан Сарықованың үйіне де арнайы барды. Бүгінде жолдасы екеуі жеті бала тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Сондай-ақ алтын құрсақты ананың ерекше қабілеті бар бір баласы болғандықтан, оның күтімін жасау үшін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек пен балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер алып тұрады. Облыс басшысы көпбалалы ананы мерекесімен құттықтап, гүл шоқтарын табыс етіп, сый-сияпат көрсетті.

Comments (0)
Add Comment