Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аппараттық кеңес өткізіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді,–деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.
Жиында қалыптасып отырған ахуалға байланысты елдегі жағдайды тұрақтандыруға қатысты Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалардың орындалуын бақылауға алу, мәселелерді жүйелі түрде шешу барысы қаралды.
– Зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру, көліктер шығынын есептеу бойынша тапсырма берілді. Керек құжаттарды төтенше жағдай режиміне сәйкес тезірек дайындап, өткізу қажет.
Жөндеу жұмыстарына тартылған жұмысшылардың коменданттық сағат кезінде жүріп-тұруын ескеріңіздер.
Жаппай тәртіпсіздікке қатысқандардың саны шамамен 2000-ға жуықтайды. Әзірге 269 бүлікші ұсталған. Басқа да белсенділерді ұстау бойынша шараларды жеделдету қажет. Арандатушылар мен күдіктілерді анықтау бойынша аудан, ауылдық әкімдіктер мен полиция инспекторлары белсенді әрекет етуі тиіс. Күнделікті мәліметтерді штаб отырысында саралап отырмыз.
Халықты жылу, су, газ, жарықпен қамтуда ешқандай мәселе болмауы керек.
Президенттің тарифтердің, жанар-жағармайдың, газдың және азық-түліктің бағасын көтермеу, қажетті қорын қалыптастыру бойынша тапсырмалары орындалуы тиіс. Әсіресе, әлеуметтік маңызды тауарлардың жеткілікті болуын, бағасының өспеуін бақылауда ұстаңыздар.
«Қазақ халқына» атты қордың құрылуы бойынша Республикамен жұмыс істеңіздер, – деп облыс әкімі өзінің орынбасарлары мен жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Бүгінде облыс аумағында 264 жанар-жағармай құю бекеті бар. Оның 169-ында автогаз құю қондырғылары орналасқан. Қазір өңірде сұйытылған газ 60 теңгеден сатылуда. Облыс орталығынан 200 шақырымнан аса қашықтықта орналасқан алыс аудандардағы бекеттерде 65 теңгеден өткерілуде.
Коммуналдық нысандар штаттық режимде жұмыс істеуде. Қоғамдық көліктердің қозғалысы 70 пайызға қамтылған.
Аймақ басшысы коронавирустық инфекцияның қайта өршіп келе жатқанын, ел тыныштығы мен халық денсаулығы қашан да басты назардан түспеу керектігін еске салды. Санитарлық талаптардың сақталуын қадағалау, ревакцинация бойынша жұмыстарды күшлейтуді тапсырды.
– Ел игілігі негізделген кез-келген бастамада мемлекеттік қызметкерлер алдыңғы шептен көрініп, өзгелерге үлгі болуы керек. Қазіргідей жағдайда мемлекеттік қызметкерлер өздерінің ағайын-туыстарына, жақындарына үгіт-насихат, түсіндіру шараларын жүргізу қажет. Мемлекеттің болашағы үшін ел бірлігі, қоғамдық ынтымастық аса маңызды. «Бірлік болмай – тірлік болмайды»,-деп бекер айтылмаған. Ата-бабамыздың арман-аңсары болған Тәуелсіздігімізге сызат түсіріп алмауымыз керек.
Елдегі ахуалды тұрақтандыру бойынша Мемлекет басшысы маңызды бірнеше Үндеу жариялап, шаралар қабылдап, нақты міндеттер жүктеді. Олар нәтижелі орындалуы тиіс,- деп түйіндеді Б.Сапарбаев.