Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру бойынша ҚР Үкіметінің іс-шаралар жоспарына сәйкес облыстық жоспар әзірленеді. Аталған жоспардағы көрсеткіштердің сапалы әрі нәтижелі орындалуы қатаң бақылауда болады.
Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев кезекті аппараттық кеңесте баса айтып, жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, өткен жылы облыстың бюджеті 103,3 пайызға орындалған. Бұдан бөлек, 2023 жылдың қорытындысымен негізгі капиталға жалпы 517,2 млрд. теңге инвестиция тартылды. Биыл бұл межені 702 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда. Қаңтар-ақпан айларының қорытындысымен аталған бағыт бойынша Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің жұмысына баға берілетін болады.
Ербол Қарашөкеев бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша қатаң шаралар қабылданатынын ескертті.
Сондай-ақ, аймақ басшысы инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру, инвесторлармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізудің маңыздылығын әкімдер мен басқарма басшылары жете түсіну керектігін жеткізді.
Бұдан бөлек, барлық басқармалар мен аудан әкімдіктері мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалау бағытында әзірленетін жаңа заңнама негізінде жұмысты жандандыруы тиіс. Ал, экономиканы ырықтандыру шеңберінде тиімді жекешелендіру бағытына айрықша көңіл бөлінеді.
Өткен жылы облыстың өнеркәсіп саласында 847,7 млрд.теңгеге өнім өндірілген. Атап өтерлігі, өнеркәсіп өнімінің едәуір бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.
Биыл өңірімізде агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында 40,7 млрд. теңге қаржы қарастырылып отыр. Осы орайда, ауыл шаруашылығы өнімінің және салаға тартылатын инвестиция көлемін арттыру аса маңызды.
Аймақ басшысы кеңес барысында ел Президентінің өңірлерге инвесторлар тарту, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу, көгалдандыру жөніндегі тапсырмалары да мүлтіксіз орындалуы керектігін, өңірдегі салық түсімін реттеп, көлеңкелі экономикадан арылу қажеттігін баса айтты.
– Жалпы, өндірістен түскен табыспен шектелмей, техникалық жағдайын да қатаң бақылауға алып, еңбек қауіпсіздігі, экология сияқты маңызды мәселелерге де назар аударған дұрыс.
Мемлекет басшысы индустрия саласында мықты орта –кәсіпкерлікті қалыптастыру мәселесіне тоқталды. Өңірде жаңа өндірістер ашуға мүмкіндік жетеді. Бұл ретте, қолданыстағы индустриялық аймаққа қосымша екі аймақ құру – маңызды. Кәсіпкерлік басқармасы мен тиісті аудан әкімдері осы бағыттағы жұмыстарды қолға алуы тиіс.
Инвесторларға қажетті жағдай жасау – әкімдердің тікелей міндеті. Ал, Тараз қаласы мен аудан әкімдері инвесторларға тиісті жағдай жасаудың орнына түрлі сылтау айтып, инвесторларды әуре сарсаңға салуға әбден машықтанған, – деген облыс әкімі кейбір басшылардың жұмысына мүлдем көңіл толмайтындығын ашып айтты.
Басқосудағы екінші мәселе бойынша құрылыс нысандарында анықталған кемшіліктер сараланды. Құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармалары тарапынан атқарылып жатқан шаралардың есебі тыңдалды.
Ербол Қарашөкеев жауаптыларға құрылыс саласындағы заң бұзушылықтардың алдын алу, кемшіліктерді дер кезінде түзету және өз жұмыстарына салғырт қараған тапсырыс беруші мен мердігерлерді жауапқа тарту, қызыл сызық нормаларын бұзған нысандар бойынша заңға сәйкес шаралар қабылдауға қатысты нақты міндеттер жүктеді.