Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі kznews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысына жұмыс сапары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізуден басталды.
Президент өз сөзінде Қазақстанды экономикалық және рухани-мәдени тұрғыдан дамытуда өңірдің рөлі зор екенін атап өтті.
– 30 жылда бұл өлкеге 7 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Аймақтағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2 есеге, яғни 3,5 пайыздан 8 пайызға дейін артты. Облыс өңірлік жалпы өнім деңгейі бойынша алдыңғы қатардағы бестікке кіреді. Еліміздің тораптық көлік-логистика орталығы осында орналасқан. Ақтау және Құрық айлақтары – Қазақстанның теңізге шығатын қақпасы. Тәуелсіздік кезеңінде облыста 11,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 78 мектеп, 334 балабақша салынды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент аймақта жылдам шешуді қажет ететін бірқатар қордаланған мәселе бар екеніне назар аударды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы облыста еңбек даулары өршіп тұрғанын ерекше атап өтті.
– Жыл басынан бері өңірде осындай 150 дау туындады. Бәрі заң аясында шешілуге тиіс. Жаңаөзенде тұрақты жұмыс істейтін Ведомствоаралық штаб құру қажет. Оған мемлекеттік органдар мен «Самұрық-Қазына» белсене қатысуы керек. Бұл штаб шұғыл шешім қабылдауға және халықпен тығыз қатынас орнатуы қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы облыста жұмыссыздық мәселесінің ушығып тұрғанына мән беріп, жергілікті жұрттың жұмыс таппай жүргенін, ал мердігерлердің басқа жақтан еңбек күшін тартатынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдік пен «Самұрық-Қазына» қорына, ең алдымен, өңірдің жергілікті тұрғындарын жұмыспен қамтуға баса мән беруді тапсырды.
Президент инфляция деңгейінің жоғары екенін және азық-түлік тауарларының бағасы тез қымбаттап жара жатқанын келесі бір маңызды мәселе ретінде атап өтіп, аталған проблеманы шешу қажеттігін айтты.
– Азық-түліктің 80 пайызға жуығы импортталады. Осы ретте, 50 мың тонна көкөніс сыятын қоймалардың тапшылығы байқалады. Бұл еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш. Аталған мәселені маңыздылығына қарай шешу қажет. Ол үшін тиісті механизмдер бар. Осыған қатысты Үкімет Көкөніс қоймаларының құрылысы жөніндегі жол картасын әзірледі. Азық-түлік бағасының қымбаттауын тоқтату үшін ауыл шаруашылығы өнімдеріне толық қол жетімді әрі ретке келтірілген сауда алаңдарын ашу керек. Әкімдікке Ақтау қаласында коммуналды және көтерме базарларды салуды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент банкрот жағдайында тұрған Бейнеу астық терминалының жұмысын қайта қалпына келтіру қажеттігін жеткізді. Оның пікірінше, бұл өңірді ұнмен және жеммен толық қамтамасыз етіп, 200 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осы міндеттерді шешу үшін Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімдігі мен Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияға азық-түлік тауарларының бағасын төмендету, сауда инфрақұрылымын дамыту шараларын қабылдауды, өзге аймақтардың өндірушілерімен ұзақмерзімді шарттар жасауды тапсырды.
Президент облыстағы өзекті проблемалардың бірі – өңір тұрғындарының сапалы ауызсумен толық қамтамасыз етілмеуіне арнайы тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде қыруар қаржының түрлі қымбат ғимараттар салуға және басқа да мақсаттарға жұмсалып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл да керек, бірақ, ешқайсысы судан маңызды емес.
– Мен Жолдауымда Кендірлі елді мекенінде су тұшыту зауытын салуды тапсырған болатынмын. Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, 2024 жылдың соңына дейін зауытты іске қосуы керек. Ауылдық жерлер әлі күнге дейін сапалы ауызсуға мұқтаж. Облыстағы 12 елді мекенде, яғни ауылдардың 20 пайызында ауызсу жоқ. Биыл 4 ауылға ғана су жеткізу жоспарланған. Бұл жұмыстың қарқыны өте баяу. Әкімдікке келесі жылдың соңына дейін осы 12 ауылдың бәріне таза су беруді тапсырамын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай суға деген сұраныс арта түсетініне тоқталды. Ақтау қаласын сумен қамтамасыз етуге қатысты бұл мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы Үкімет пен өңір әкімдігіне «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» кешенін жаңғырту жөніндегі іс-шаралардың шұғыл жоспарын әзірлеуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктердің біліксіздігінен «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын арттыру жобасының жүзеге асырылуы созбалаңға салынып кеткенін және жобаның құны көтерілгенін сынға алды. Президент жыл соңына дейін аталған жобаны аяқтауды тапсырды.
Мемлекет басшысы мұнай-газ саласын одан әрі дамыту, соның ішінде өңірдегі жаңа кен орындарын игеру мәселесін көтерді. Осы ретте, Мемлекет басшысы жалпы құны шамамен 5 миллиард доллар болатын «Қаламқас теңіз» және «Хазар» ірі кен орындарын игеру жұмыстарын бастау жөніндегі шешімін еске салды. Президент кен орындарын игеру жұмыстарына жергілікті компаниялар мен кадрларды барынша тартудың маңызды екенін атап өтті.
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай кен орындарының бірте-бірте тозуына, 2030 жылға қарай өндірілетін мұнайдың азаюына байланысты проблеманы да қозғады. Аталған мәселені шешу үшін Президент геологиялық барлау және жаңа кен орындарын іздеу бағытына белсенді түрде инвестиция тартуға шақырды. Бұл жұмыстарды атқару барысында жыл соңына дейін құрылатын Ұлттық геологиялық қызмет маңызды рөл атқаруға тиіс.
Кеңес барысында өңір экономикасын, соның ішінде шағын және орта бизнесті әртараптандыруға арнайы мән берілді. Шикізат секторындағы, оның ішінде дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар, электр кабельдері өндірісі бойынша жобаларды жүзеге асыруға мән бере отырып, Арнаулы экономикалық аймақтың әлеуетін одан әрі арттырудың өзектілігіне назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде жаппай мал шығынына алып келген қуаңшылық мәселесіне қатысты көзқарасын білдірді. Мемлекет басшысы мұқтаж фермерлерге көмек көрсету кезінде шенеуніктердің сылбырлығын сынға алды. Оның айтуынша, облыс әкімдігі мен құзырлы министрлік қайта-қайта қағазын түгендеп, құжатын реттеп отырғанда ахуалды тұрақтандыру үшін резервтен бөлінген тиісті қаражат қиналған шаруаларға мезгілінде жетпеген.
– Құдық қазуға бөлінетін субсидия 80-нен 50 пайызға дейін қысқарған болатын. Үкіметке бұл шешімді қайта қарауды тапсырамын. Маңғыстау және Қызылорда облыстары үшін өтемақы мөлшерін қайтадан 80 пайызға дейін көбейту қажет. Құзырлы министрлік шөлді аймақта ауыл шаруашылығын дамыту үшін ұсыныс енгізсін. Оның ғылыми негізі болуы шарт. Халықаралық озық тәжірибені, соның ішінде Израильдің тәсілін зерттеңіздер, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент заңсыз балық аулау әрекеттерінің көбейіп кеткенін тағы бір өзекті проблема ретінде атады. Осы ретте, Мемлекет басшысы мұның қудалаумен ғана шешілмейтінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев балық өсіріп, оны өңдейтін кәсіпорын құруға қолайлы жағдай жасау керек деп есептейді.
Президент еліміздегі ең үздік он туристік аймақтың қатарына қосылатын Маңғыстау облысының туристік әлеуеті зор екенін атап өтті. Ол мұның дәлелі ретінде осы жылдың бірінші жартысында туристер саны үш есе артқанын алға тартты. Дегенмен, Президент курортты жерлердің туристік әлеуеті толық игерілмей отырғанын жеткізді.
– Каспий жағалауы сияқты дәстүрлі бағыттармен қатар, жақын келешекте Кендірлі курорт аймағы мен Баутин портының да мүмкіндігін тиімді пайдалану қажет. Ақтау қаласындағы туристік аумақта инженерлік және көлік инфрақұрылымы жасалуға тиіс. «Самұрық-Қазына» қоры биыл «Сарша» елді-мекені мен «Жылы жағажай» курорттық аймағына газ тарту жұмысын аяқтауы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент газбен қамтудың перспективалары туралы айта келіп, Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, үш жыл мерзімде «Бейнеу-Жаңаөзен» магистральді газ құбырының екінші бөлігінің құрылысын қамтамасыз етуді және Маңғыстау облысының газ тасымалдау жүйесін реконструкциялауды тапсырды. Бұл газ химия өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау проблемаларына арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы облыста екпе салу жұмысы өте баяу жүріп жатқанын, еңбек ұжымдары екпеден жаппай бас тартып отырғанын, жергілікті жұрттың жартысына жуығы медициналық қызметтің сапасына риза емес екенін атап өтті. Президент дәрігерлердің жетіспеушілігін тағы бір өткір проблема ретінде көтерді.
– Өңірде 276 медицина маманы жетіспейді. Соның ішінде емханаларға 147 дәрігер қажет. Сөйте тұра, жолдамамен келген жас мамандардың 28 пайызы ғана әлеуметтік қолдауға ие болған. Бұл еш қисынға келмейді. Біз жас мамандарды жұмысқа белсенді тартып жатырмыз. Бірақ, оларға уәде еткен көмекті бере алмай отырмыз. Аймаққа қажетті барлық медицина қызметкерлеріне толық әлеуметтік қолдау көрсетуді облыс әкімдігіне тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасын жаңартуды маңызды міндет санайды. Үкімет пен әкімдік осы мәселені шешуі керек. Өңірдегі тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығының жағдайы да Президент назарынан тыс қалмады.
– Қала тұрғындарының саны өскен сайын электр қуатын тұтыну көлемі де арта түспек. Сондықтан әкімдік 2023 жылға дейін Ақтаудағы Ботаникалық бақтың маңына қосалқы электр станциясын салуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ақтау қаласын көгалдандыру жұмыстарын сапалы ұйымдастыруды талап етіп, облыс әкіміне ағаш отырғызу мәселесін шешуді тапсырды.
Бұдан бөлек Президент жергілікті экологиялық проблемаларға, соның ішінде «Қошқар Ата» қалдықтар қоймасына қатысты мәселеге тоқталды. Мемлекет басшысы Үкімет пен облыс әкімдігіне үш жыл мерзім ішінде қалдық қоймасын қайта қалпына келтіруді және қалдық жиналатын толық инфрақұрылым қалыптастыруды, сондай-ақ қатты тұрмыс қалдықтарын нормативті талаптарға сай өңдеу жұмыстарын толық аяқтауды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі көлік-транзит әлеуетін дамытуды тағы бір маңызды міндет ретінде атады. Бұл ретте еліміздің теңіз порты арқылы өтетін транскаспий мультимодальді халықаралық жолының маңызы арта түседі. Осыған орай Мемлекет басшысы Үкіметке Ақтау және Құрық порттарының базасында контейнерлік хаб құруға және Қытайдан келетін экспорттық жүктердің бір бөлігін қайта бағыттауға тапсырма берді.
Президент сөзінің соңында көтерілген мәселелерді шешу үшін Үкімет пен облыс әкімдігіне екі аптаның ішінде Өңірді дамытудың кешенді жоспарын бекітуді тапсырды.
Жиын барысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр және «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев