11 қазан күні Қазақстан президенттігіне кандидат болғысы келетін азаматтарды ұсыну аяқталды. Қазір барлығы 12 кандидат Орталық сайлау комиссиясына өз құжаттарын тапсырған. Сайлауға дейін жүргізілетін үгіт-насихат жұмыстарының алдында үміткерлер президент сайлауы туралы пікірлерін білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Танымал құқық қорғаушы әрі қоғам белсендісі, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан ұсынылған Салтанат Тұрсынбекова сайлауға «президент атану үшін бармайтынын» айтқан.
«Сайлауға президент атану үшін бара жатсыз ба?» – деп сұраған Азаттық журналистінің сауалына Тұрсынбекова осылай жауап берген.
«Жоқ, мен президент атану үшін бара жатқан жоқпын. Сайлауға түскен кандидаттың бәрі тек президент болу үшін түспейтін шығар деп ойлаймын», – деген ол.
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының атынан ұсынылған Жигули Дайрабаев алдын ала халыққа көп уәде бере алмайтынын жеткізген.
«Көп уәде бермеймін, әрине. Шынымды айтсам партияластарым мені ұсынады деп ойлаған жоқпын», – деп ағынан жарылған Дайрабаев.
Ал жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ОСДП) атынан президенттікке кандидат болып ұсынылған Нұрлан Әуесбаев «елдің патриоты есебінде қазіргі президентті сыйлайтынын» ашып айтқан.
«Қазақстандық футбол жанкүйерлер лигасы» қоғамдық бірлестігінің атынан сайлауға түспек үміткер Бақыт Жаңабаев «президент болуды көздейтінін» баса айтқан.
Алайда журналистердің «Тоқаев саясатының қай тұсына көңіліңіз толмайды» деген сұрағын «шектен тыс сұрақтар» деп атаған.
Еске салайық, Қазақстанда кезектен тыс сайлау 20 қарашада өтеді. 11 қазанда оларға қатысуға өтінім беру мерзімі аяқталды.
Президенттік сайлауға үміткерлер
Орталық сайлау комиссиясына 12 қатысушы өз кандидатураларын ұсынды:
Мейрам Қажыкен «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығынан;
Жигули Дайрабаев «Ауыл» ХДПП атынан;
Қасым-Жомарт Тоқаев кең қоғамдық-саяси коалициядан;
Нұрлан Әуесбаев жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан;
Нұржан Әлтаев «Мұқалмастан»;
Қаракат Әбден кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсынан;
Салтанат Тұрсынбекова «Қазақ аналары – дәстүрге жол»;
Фатима Бизақованы «Практикалық психология» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған;
Талғат Ерғалиев Қазақстан құрылысшылар одағынан;
Бақыт Жаңабаевты «Қазақстандық футбол жанкүйерлер лигасы» қоғамдық бірлестігі ұсынған;
Жұматай Әлиев «Халық демографиясы» атынан;
Хайрулла Ғабжалилов «Асар» оралмандар бірлестігінен ұсынылды.