Тоқаев Қапшағай атауын Қонаев деп өзгерту туралы айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Мемлекет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл оның тапсырмасы бойынша Қазақстанда бірқатар өңірлер трансформацияланғанын еске салды.
«Биыл менің шешіміммен елімізде бірнеше облыс қайта құрылғанын білесіздер. Жетісу жерінде дербес екі аймақ пайда болды. Алматы облысының әкімшілік орталығы Қапшағайдың жағасына көшірілді. Жұрттың өтінішіне сай қалаға Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Мұны, шын мәнінде, тарихи әділдіктің орнауы және халықтың ортақ қалауы деуге болады», – деді Тоқаев.
«Біз бірлесе отырып, Қонаев қаласын маңызды әрі тартымды облыс орталығына айналдырамыз. Үкіметке осы мәселелерді шешуде әкімдікке қолдау көрсетуді тапсырамын.
Облыс орталығын Қонаевқа көшіру жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй қорын ұлғайту, инфрақұрылымды дамыту, көшелерді абаттандыру жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Өңірде әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер, ауруханалар, мектептер, балабақшалар, мәдениет және спорт нысандары жаппай салынады, санаториялық және курорттық аймақтар пайда болады. Облыс орталығын экологиясы таза, өмір сүруге қолайлы «ақылды» қала ретінде дамыту қажет. Жаңа облыс орталығына жаңа бас жоспар керек. Бұр ретте қаланың жаңа мәртебесін ескеру маңызды», – деп толықтырды Мемлекет басшысы.