Болашақ мамандардың теориялық білімдері мен практикалық тәжірибелерін ұштастыратын негізгі форма – практика. Келешекте білікті маман болуды көздеген жастың қызметті меңгеруі тек теориялық оқу мен тәжірибе өзара байланыста болған жағдайда ғана жүзеге асады. Практикадан өту кезінде студент-практикант қаншалықты мамандықты дұрыс таңдағанын, өзінің тұлғалық қабілеттерінің болашақ мамандығымен үйлесімділік деңгейін анықтайды.
Студенттің кәсіби әрекеті мазмұнды материалдардың негізінде, практика барысында жетіледі. Бұл кезеңде студенттердің іскерлігі мен дағдылары қалыптасып, өзіне деген сенімі артады. Шығармашылық деңгейде жұмыс істеу барысында олар өз білімдерін дәлелдейді. Сол арқылы студент өз іс-әрекетін талдай отыра, жұмыс барысында туындаған қиыншылықтарды іскерлікпен шешеді.
Бұл орайда практиканың алатын орны ерекше. Өйткені қазіргі студент – болашақ кәсіби мамандық иесі өзінің бейімділігін, алған теориялық білімдерін өндіріс өмірімен байланыстыра отырып жүзеге асырады. Сол арқылы білікті маманға тән шеберлікке, іскерлікке жетуге жол ашылады.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінде де студенттердің практикадан өтуіне айрықша көңіл бөлінуде. Айталық, «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасы «6В02313-Аударма ісі» және «6В02312-Филология: ағылшын филологиясы» сынды екі білім беру бағдарламасы бойынша мамандар дайындайды.
Оқу, өндірістік және дипломалды практикаларын «Аударма ісі» білім беру бағдарламасының студенттері «Taraz Travel» туристік компаниясында және «Interlingua» білім беру орталығында, ал «Филология: ағылшын филологиясы» мамандығының студенттері «Білім», «Парасат» және «Астана» колледждерінде өтеді. Болашақ аудармашылар практика барысында аудармашы мамандығының қыр-сырымен, аударманың түрлерімен танысып, ауызша және жазбаша аударма жасауды үйренеді.
Болашақ филологтардың практикасы колледждерде жүргізіледі. Студенттер оқу орнындағы оқу бағдарламаларымен, оқу жоспарларымен, тәрбие жұмысының жоспарларымен танысады. Сондай-ақ ағылшын тілінен сабақ беруді, сабақ жоспарын құруды және талапқа сай рәсімдеуді меңгереді. Осы арқылы студенттердің педагогикалық дағдылары мен кәсіби құзыреттілігі қалыптасады.
1-курста жүргізілетін оқу практикасында студенттер болашақ мамандығының қызмет түрлерімен, функцияларымен және міндеттерімен танысып, іс жүргізуді, еңбек ұжымында еңбек дағдыларын меңгереді. Ал 2 және 3-курстарда өндірістік практика барысында студенттер өздері оқып жатқан білім бағдарламасы бойынша теориялық білімдерін бекітіп, кәсіби дағдылары мен құзыреттерін қалыптастырады. Сондай-ақ жазбаша және ауызша аударма жасауды меңгеріп, инновациялық технологияларды, еңбек пен өндірістің озық әдістерін, өз жұмысын өз бетімен жоспарлау дағдыларын үйренеді. Ұжымда басқа әріптестерімен пайдалы байланыс орнатып, жауапкершілік сезімі қалыптасады.
4-курста білім беру бағдарламасы шеңберінде өтетін дипломалды практикасы диплом жұмысын орындауға бағытталған. Оның барысында студент дипломдық зерттеу тақырыбы бойынша практикалық материалдар жинақтап, оларды өңдеп, жалпылайды. Сонымен қатар статистикалық мәліметтер болса, оларға талдау жасайды.
2023-2024 оқу жылындағы оқу жоспары мен академиялық күнтізбеге сәйкес «Әлем тілдері» кафедрасында «6B01707-Шетел тілдері мұғалімдерін даярлау» және «6В01712-Ағылшын және неміс тілдерінің оқытушысы» білім беру бағдарламалары бойынша 4-курс студенттері өндірістік, «6B01707-Шетел тілдері мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша 3-курс студенттері педагогикалық практикадан Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназия, Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназия, Төле би атындағы №8 мектеп-гимназия, №47 орта мектеп, №3 мектеп-лицей, №38 орта мектеп, №31 Бауман атындағы орта мектеп, №7 мектеп-гимназия, Гайдар атындағы №35 орта мектептерінде өтуде.
Тәжірибе барысында студенттер мектеп бағдарламасына сәйкес оқу үдерісін ұйымдастыру, оқу-әдістемелік жұмыс және құжаттамамен, сабақ жоспарын дайындаумен танысты. Сонымен қатар жетекшілерімен бірлесе отырып сабақтарға дайындалып, өз сабақтары мен пән мұғалімінің сабақтарына талдау жүргізді.
Педагогикалық тәжірибе барысында студенттер әртүрлі интерактивті әдістер мен тапсырмаларды кеңінен қолдануды үйренуде. Атап айтсақ, Kahoot, Wordwall, DID жүйелерін қолданып бейнепрезентациялар, проблемалық талқылаулар жасауды меңгерді. Студенттер оқытушы ретінде жұмыс істеу үшін қажетті техникалық және ұйымдастырушылық дағдыларды игеріп жатыр.
Педагогикалық тәжірибе барысында студенттер бекітілген сыныптарға жетекшілік етті. Студенттер тәрбие жұмыстарын жүргізіп, оқушылардың ата-аналарымен әңгімелесу, кездесулер, бекітілген сыныптарында ашық тәрбие сағаттарын өткізді. Олар талапқа сай әрқайсысы екі оқушыға педагогикалық-психологиялық мінездеме жазды. Осылайша тәжірибеден өтушілер білім беру мекемесі қызметкерлерінің мінез-құлық этикасын сақтап, мектеп ұжымымен және әкімшілігімен, оқушылармен және олардың ата-аналарымен ынтымақтастыққа дайын екендерін көрсетті.
Ағымдағы жылдың 15 қаңтарынан бастап М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Орыс тілі және әдебиеті» кафедрасының «6В01702-Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» бағдарламасы бойынша 3-4-курс студенттері Тараз қаласы орта білім беру ұйымдарында өздерінің педагогикалық (өңдірістік) тәжірибесінен өтуде. Студенттеріміз барлық өздерінің жоспарларын, есептерін, фото-бейне есептерін электронды портфолиоға жүктеуге мүмкіндіктері бар. Мұның барлығы артық қағазбастылықтан арылтып, студенттердің ақпараттық құзыреттіліктерін арттырады.
«Орыс тілі және әдебиеті» кафедрасындағы білікті әдіскерлер тарапынан студенттерге түрлі әдістемелік көмек көрсетілуде. Оның ішінде пән бойынша сабақтардың тақырыптарын жоспарлау, сыныптан тыс іс-шараларға да көңіл бөлу, оқушылардың білімдерін бағалау бойынша көмек көрсетіледі. Студенттеріміз сабақ барысында түрлі жаңа технологияларды пайдалана алады. Әсіресе дидактикалық материалдар балалардың сабаққа деген ынтасын көтеруде. Бірінші күннен бастап қарым-қатынас орнатылып, балаға тұлға ретінде қараудың маңыздылығы айтылды. Сыныптан тыс тәрбиелік іс-шаралар жастардың тұла бойында рухани құндылықтарын арттыруға бағытталған. Ең маңыздысы – орыс тілі сабақтарында пәнаралық байланысқа да ден қойылып отыр.
«6В02211-Тарих» білім беру бағдарламасының студенттері оқу (археология), өндірістік-1 (архив), өндірістік-2 (музей), дипломалды өндірістік практикаларынан өтеді. Студенттерге практика алдында кафедрада бағыттау (нұсқау беру) конференциясы ұйымдастырылып, практикалардың мақсат-міндеттері таныстырылады.
Оқу практикасы Тараз қаласы маңындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді таныстыруға бағытталады. Ол бір апта бойы бірнеше бағыттағы экскурсиядан тұрады. Практиканың алғашқы күндері студенттер «Тектұрмас» кесенесіне барып, зерттеу жүргізсе, одан кейін «Түймекент» қалашығына аялдайды. Келесі экскурсия «Қарахан», «Айша бибі» және «Бабаджа хатун» кесенелерінде жалғасады. Осы арқылы студенттер тарихи-мәдени кешендердің тарихындағы тың мәліметтермен танысады. Оқу-археологиялық практика кезінде студенттер «Төрткүл» керуен сарайындағы түрлі артефактілерді, құмыра, құрылыстарды көріп, суретке түсіп, саяхаттап қайтады. Университеттен берілетін бір реттік көлікпен Тараз қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан «Ақыртас» кешеніне бару да жоспарда бар.
«6В02211-Тарих» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері өндірістік (архив) практикасынан Жамбыл облысының мемлекеттік архивінен өтеді. Ондағы «Ұлттық мұрағат қорын қалыптастыру және құжаттаманы тексеру», «Құжаттарды есепке алу және сақталуын қамтамасыз ету», «Әлеуметтік құқықтық сипаттағы сұраныстарды орындау», «Ғылыми анықтамалық ақпарат және құжаттарды жариялау» бөлімдерімен танысады. Осы уақыт аралығында студенттеріміз облыстық архивтің бай қорларымен танысып қана қоймай, архив ісіне, қызметіне байланысты негізгі ұғымдарды жете түсініп, қорда құжаттарды сақтауды және іс жүзінде пайдалана білуді үйренеді. Сондай-ақ мемлекеттік архив қызметтерімен және қызметкерлерімен тәжірибе алмасып, мұрағаттағы қорлардың аталуын және тізімін құрудың әдістерін меңгереді.
Аталған мамандықтың 3-курс студенттері Жамбыл облысының тарихи-өлкетану музейінде практикадан өтеді. Музей практикасының негізгі мақсаты – студенттерге мұражайдың қоғамдағы алатын орнын, оның бөлімдерінің құрылу тарихын, экспонаттарды сақтаудың тәртіптерін түсіндіру. Ал осы мамандықтың 4-курс студенттері дипломалды өндірістік практикадан өтуге жіберіледі. Кафедрада дипломалды практиканы өткізуге арналған келісімшарттар бар. Педагогикалық практиканың базалары – қаланың жалпы білім беретін мектептері. Кафедрада дипломалды практика бойынша жұмыс бағдарламасы жұмыс берушімен келісіліп жасалған. Мұндағы басты мақсат – студенттердің университет қабырғасында алған теориялық білімдерін қолдана отырып, тәжірибе процесінде ұйымдастыру жұмыстарын үйреніп, мамандықтарына сай кәсіби тапсырмаларды орындауға даярлығын шыңдау, педагогикалық шеберліктерін ұштау. Сонымен қатар оларға дипломдық жұмыстарына қажетті материалдар жинақтау жүктеледі.
Студенттер практика бағдарламасына сәйкес есеп беру құжаттарын өз уақытымен жүргізе отырып, талапқа сай толтырып, өткізуге тиіс. Барлық студенттер жинаған материалдарын сұрыптап, електен өткізіп, кафедра ішінен құрылған практика бойынша арнайы комиссия алдында есептерін қорғап, қорғау сапасына қарай тиісті бағаларын алады. Қорытынды бағалары есептің соңында жазылады. Есептері мен күнделіктерін бір қалыпқа келтіріп, талаптарға сай орындап, кафедра іс-құжаттарына сақтауға жөнелтеді.
«Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасы бойынша білім беру бағдарламасында көрсетілген барлық практика түрлері оқу жоспары мен академиялық күнтізбесіне сәйкес жүргізілуде. Жамбыл облыстық білім басқармасы мен Тараз қалалық білім бөлімі және университет тарапынан жасалған келісімшарт негізінде «6В01700-Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасы студенттері облыс аудандары мен қала бойынша барлық мектептерден практикадан өтуге мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ Жамбыл инновациялық жоғары колледжімен, «Достық» білім беру орталығымен, «125 education» ЖЖС орта мектебімен де келісімшарт жасалып, студенттер практикаға жіберілуде.
Педагогикалық практика барысында студенттер талапқа сәйкес бөлінген сыныптарына сынып жетекшісі мен пән мұғалімі функциясын атқарды. Ал осы жұмыстарды атқаруда студенттерге практикада мектеп мұғалімдерімен қатар, кафедрадан бөлінген әдіскер-оқытушылар әдістемелік тұрғыдан қажетті көмек берді. Әдіскер-оқытушылар студенттердің барлық ашық пәндік сабақтары мен тәрбие сағаттарына қатысып, дер кезінде өз кеңестерін ұсынды. Әрбір мектепке бөлінген жетекші өз практикант-студенттерімен «WhatsApp» мессенджерінде жеке чат ашып, сол жерде күнделікті жұмыстарын қадағалап, тексеріп, қажетті мәселелерді де талқылайды. Сондай-ақ барлық студенттер практикаға байланысты ашылған «Telegram» каналына да тіркеліп, ол жерден де студент электронды портфолиоға қатысты сұрақтарына жауап ала алады. Практика барысында жұмыс түрлерін атқаруда студент-практикант іс-әрекетінде айтарлықтай қиындықтар болмайды. Өйткені олар мамандыққа қатысты оқыту әдістемесі пәні курсын оқыған, біршама дайындығы бар әрі мектепте алғаш рет емес, алдыңғы курстардағы практикаларда да сабаққа талдау жасап, сабақ жоспарларын құрып, тәрбиелік бағытта да жұмыстар жүргізгені белгілі. Сол себепті де олар сабақ беруге бірден кірісіп кетеді. Дегенмен де, мектепке бөлінген студенттердің теориялық білім деңгейі әртүрлі екенін, әрі сабақ процесі жаңартылған білім мазмұны бағдарламасына негізделгенін, әрі басым көпшілік практиканттарға жоғары гимназия сыныптары бөлінгенін ескерсек, студент-практиканттың өткен алғашқы сабақтарында кемшіліктер кездескенін әдіскерлер жасырмайды. Мәселен, бұл қатарда қысқа мерзімді сабақ жоспарын жасау, уақытпен санаса алмау, сабақ құрылымын түсінбеу, бағалауда кездесетін қиындықтар, сынып ұжымымен жұмыс істеудегі, жеке оқушымен немесе қиын оқушылармен жұмыс жүргізудегі қиындықтарды атауға болады. Бірақ осы сияқты кейбір жайттар практика соңындағы сабақтарда кездеспеді. Оған әдіскерлер мен студенттердің тығыз байланысы себеп болды деуге болады. Басқаша айтқанда, сабақ талдауда айтылған ескертпелерді дер кезінде жоя біліп, нәтижелі жұмыс істеген практиканттардың саны басым.
Практикант-студенттер жұмыс мазмұнына қарай атқарған жұмыстарын практика портфолиосына салып, электронды күнделікті жүргізіп отырды. Ал әдіскерлер күнделікті салынған материалдармен танысып, соңынан арнайы көрсетілген жүйе бойынша бағаланады.
Практикадан өту барысында әдістемелік тұрғыда айтарлықтай қиындықтар туындамады. Әр практикант-студент өзінің күнделікті жоспарына сай сабақтарын өткізді. Күнделікті атқарған жұмыстарының материалдарын электронды порталға жүктеп отырды. Алайда порталға жүктелген материалдарды сақтау жағынан мәселелер кездесті. Мәселен, кейбір студенттердің 2 апта көлемінде порталға жүктеген материалдарының өшіп кетуіне байланысты оны қайта жүктеулеріне де тура келді. Оны дер кезінде университеттің жауапты техник маманына хабарлап отырдық.
Жалпы педагогикалық практика барысында студенттердің көпшілігі өздерінің білім деңгейлерінің жоғары екендігін практикада жан-жақты көрсете біліп, көптеген студенттер мектеп ұжымы тарапынан Алғыс хатпен марапатталып жатады. Мәселен, былтырғы оқу жылында «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша студенттердің басым бөлігі мектеп практикасын өте жақсы нәтижемен аяқтап келді. Біраз студенттер мектеп ұжымдары тарапынан Алғыс хатпен марапатталса, аталған білім беру бағдарламасының 2 студенті, атап айтқанда, «125 education» ЖЖС орта мектебінен практикадан өткен Аружан Әкімхан және Балым Бимұрат сол білім ордалары басшыларының ұсынысымен жұмысқа қабылданды.
Демек, өндірістік педагогикалық практика барысында көптеген студенттер оған үлкен жауапкершілік танытып әрі теориялық білім деңгейлерінің жоғары екендігін барынша дәлелдеуде. Жалпы кафедраның бекітілген әдіскер-оқытушылары мектеп мұғалімдерімен бірлесе отырып, студенттер практикасын нәтижелі ұйымдастырып, өткізу бағытында жүйелі жұмыс атқаруда. Қысқаша айтқанда, аталған білім беру бағдарламасы бойынша педагогикалық практика талап-ережеге сәйкес жүргізілуде.
Гулнур Исабекова,
«Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің деканы,
PhD доктор