Праймериз: саяси пікірлер сайысы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев праймериздің басталуына байланысты Үндеуінде: «Бүкіл еліміз бойынша ауқымды праймериз өткізу биліктегі партияның «қайта жаңғыруының» нәтижесі болады», – деді. «Nur Otan» партиясының жаңа форматтағы іріктеу праймеризіне қатысушылардың жеребе тарту рәсімі өтті.

Сәндібек Піренов

Кандидаттарды іріктеу кезеңінде бағын сынап көрмекке бекінген белсенді азаматтардың қатары көп болды. Нақтырақ айтсақ, облыс бойынша 853 үміткер тіркелген. Ашық түрде өтетін праймеризге 308 өтініш әйел азаматшалардан, 243-і 35 жасқа дейінгі жастардан, 43-і көпбалалы аналардан, 28-і қандастарымыздан және 9 өтініш мүмкіндігі шектеулі азаматтардан түсіпті. Үміткерлердің 116-сы бастауыш партия ұйымдарынан ұсынылса, 737-сі өзін-өзі ұсынғандар. Олардың ішінде өзінің әлеуетіне қарай 14-і ҚР Парламент Мәжілісін, 123-і ҚР Парламенті Мәжілісін және аудандық (қалалық) мәслихаттарды, 76-сы облыстық мәслихатты, 29-ы облыстық және қалалық (аудандық) мәслихаттарды, 109-ы қалалық мәслихатты, сондай-ақ 502-сі аудандық мәслихатты таңдаған. Жиында «Nur Otan» партиясының Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев үміткерлермен пікір алмаса отырып, оларды праймериздің ерекшелігі мен өткізу жүйесі бойынша ақпараттандырды.

– Бастауыш партия ұйымдары мен өзін-өзі ұсынған кандидаттардың құзыры тең.

Осыдан 2 жыл бұрын облыста 65-66 мың партия мүшесі болған. Бүгінде 266 бастауыш партия ұйымынан іріктеу жасап, праймеризге дайындалдық. Қазірде партияның 55 мыңға жуық мүшесі бар. Үміткерлерге дауыс беретін де солар. Елдегі жағдайға байланысты дауыс беру онлайн жүргізілетіні белгілі болды. Ал шалғай елді мекендердегі 13 мыңдай тұрғын үшін дауыс беру дәстүрлі тәсіл бойынша өтеді.

Онлайн дауыс беретін партия мүшелерінің саны көп болғандықтан, үміткерлер үгіт жұмыстарын әлеуметтік желі арқылы жүргізу керек болып отыр. Ақпарат алаңында халыққа ой-пікірін еркін жеткізіп, өзін көрсете білген дұрыс. Қазір елде тараған індетке байланысты 7-8 айдың көлемінде дайындалған дағдарыстық бағдарлама бойынша үміткерлерге 3 жылдық сайлауалды бағдарлама беріледі. Сәйкесінше үміткерлер содан бағыт ала отырып өздерінің сайлауалды бағдарламаларын дайындайды. Сол кезде әр маман өз пікірін халыққа жеткізуі керек. Мысалы, үміткердің мамандығы дәрігер не оқытушы болса, Жолдауда айтылған мәселелерге өз ой-пікірін қосып, ашып айта алуы керек. Қазір үміткерлерге мол мүмкіндік жасалып отыр. Соны әркім оңынан пайдалану керек, – деді Балабек Нарбаев.

Жеребе тартылды, тіркелген кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары мен кездесулері басталды. Ал 14-30 қыркүйек аралығында пікірсайысқа түсіп, сайлауалды бағдарламаларын таныстырады. Жалпы жария пікірсайыстарды өткізуге 44 орын анықталып, бүгінде нысан иелерімен келісімшарт та жасалған. Сондай-ақ 177 дауыс беру орны белгіленген. Айта кетейік, партия мүшелеріне үйден шықпай-ақ дауыс беруге мүмкіндік жасалды. Кандидаттарға онлайн түрде primaries.kz веб-порталы және саяси науқанға орай әзірленген мобильдік қосымша арқылы дауыс беруге болады.

Партияішілік іріктеуде қала бойынша 181 азаматтың өтініші тіркеліпті. Ендігі кезекте барлық қатысушыларды үлкен дода күтіп тұр. Өз саласының білікті маманы болумен қатар, таңдаған бағыты бойынша халықтың мүддесін қорғаймын, ел дамуына үлес қосамын дейтін үміткерлерге іске сәт дейміз.

Comments (0)
Add Comment