Полиция қызметкерлерi Шу тұрғынынан 125 келi есiрткi және атыс қаруын тәркіледi

Жамбыл облысы ПД Есірткi қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті және ҚР Ұлттық Ұлан арнайы бөлімшесінің әскери қызметшілерімен бiрлесiп «Қарасора-2022» және «Рефлекс» Республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Шу ауданының «Тарыайдаған» құмды дала аймағынан түскен жедел ақпарат бойынша каннабис өсiмдiгiн жинап жүрген Шу ауылының 51 жастағы тұрғыны ұсталды.

Шұғыл тергеу іс-қимылдарын жүргізу, жеке тексеру және іргелес аумақты тексеру барысында ұсталған адамнан жалпы салмағы 7 келiден асатын «кептірілген марихуана» және салмағы 118 келi «кептірілмеген марихуана» және 2 гр-нан асатын «гашиш» есірткі заттары табылып, тәркіленді.

Сонымен қатар, оқпаны кесілген оқталған патрон бар 16 калибрлі атыс қаруы, оған қосымша 3 патрон және электрондық таразы тәркіленді. Сот-баллистикалық сараптама тағайындалды.

Ұсталған адам кiнәсын толық мойындады. Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

– Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен(аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау) сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл баппен мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген – деп хабарлады Жамбыл облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Асқар Жұмабеков.

 

Comments (0)
Add Comment