Полиция қызметі – ел қауіпсіздігі үшін

Кейде өз өмірлерін қатерге тігетін полицейлердің жұмысы қаншалықты қиын әрі қауіпті екенін өз көзіңмен көргенде ғана сезінесің. Түрлі оқыс оқиғалардың басы-қасында жүретін бұл маман иелерінің бір күндік жұмысы кімді де болсын қызықтырары сөзсіз. Осыған орай, газеттің тілшілері Тараз қалалық полиция басқармасымен бірге түнгі рейдке шығып, сала мамандарының жұмысымен танысты.

Арайлым Шабденова
Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда сала мамандарының еңбегі зор. Десек те, полиция қызметкерлерінің қызметі халық арасында дұрыс бағаланбай, түрлі қауесеттер өріп жүретіні, вайндар түсіріліп, шенділерді «мазаққа» айналдырған түрлі видеоларды да көзіміз көріп-ақ жүр. Иә, тәртіпті қатаң қадағалайтын полиция қызметкерлерінің тірлігі қашанда қарбаласқа толы, үнемі қауырт. Асқан қырағылық пен табандылықты талап ететін бұл қызметтің жауапкершілік жүгін арқалау да оңай емес. Халықтың өмірі мен тыныштығын сақтауда өзіндік үлес қосып жүрген полицияның бір күндік жұмысын көзбен көрдік. Алдымен кешкі 19:30-да қалалық полиция басқармасының базасында сап түзеген арнайы жасақ кешкі кезекшілікті қабылдап алды. Қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Семейхан Сексенбаев сапта тұрған полицейлерге бұйрық беріп, кезекші арнайы тапсырманы әр бөлімге бөліп берді. Мұнан соң шенділер бейнежетон мен байланыс құралдарын алып, көліктеріне отырып, қызметке кіріседі. Әр полицейдің өз міндеттері бар. Кезекшілік кешкі 20:00-де басталды. Газеттің журналистеріне сақтық үшін арнайы бронежилет пен каска беріп, экипажға орналастырды. Барлық экипаж алдымен Жамбыл облысы полиция департаменті автокөлік шаруашылығы базасына келіп тіркеліп, сол жерден қала бойынша тыныштықты күзетуді бастайды екен.
Қала бойынша тәртіп бұзушылық күндізге қарағанда түнде көптеп орын алады екен. Бізбен бірге экипажға басшылық еткен ҚР ІІМ Жамбыл облысының полиция департаменті жол-патрульдік полиция қызметінің аға инспекторы Алтай Дүрімбетов пен полиция лейтенанты Бексұлтан Туленовты қаланы бақылау кезінде әңгімеге тарттық. Алтай Есболатұлының салаға келгеніне 20 жылдан асыпты. Тоқсаныншы жылдардың аяғында қызметке келген ол басынан түрлі жайттың өткенін де айтып берді.
– Менің салада қызмет етіп жүргеніме екі онжылдықтан асты. Зейнетке де санаулы жылдар қалды. Шыны керек, қаланы 95 пайыз білемін. Қай жерде қандай қылмыс орын алатыны, қай аймақ криминогенді, тіпті қай автобус қай аялдама арқылы жүріп-тұратынына дейін хабардар болуға тырысамын. Бұл – жылдар бойына жинақталған тәжірибем. Бүгінде біздің салада жастардың қатары артып, орта толуда. Ол да қуантарлық жайт, – дейді аға инспектор.
Инспекторлардың айтуынша, қала бойынша жатақханалар орналасқан аймақта қылмыс жиі орын алады екен. Олар: «Химпоселок» аумағындағы жатақханалар мен №№2, 5 мөлтек аудандардың маңы. Бірақ дүйсенбі-сәрсенбі күндері қала тыныш дейді полицейлер. Тәртіп сақшыларының айтуынша, қызығы мен шыжығы мол қызмет барысы талай сәттерге толы. Кейде асығыс жүріп, бас киімін не қолындағы ала таяғын оқиға орнында ұмытып қалдырып қоятын жайттар орын алып тұрады екен. Ал кейде тәртіп бұзған адам дөрекілік танытып, тіпті күшпен бағындыратын сәттер де болыпты. Ал енді бір кездері қарақшылық жасап, пәтерге түскен ұрылардың қалталарындағы куәліктері ұрлық жасаған орында түсіп қалып, қылмыстың ізі суымай ашылуына септігін тигізетін жайттар да кездескен екен. Жалпы жол-патрульдік полициясы екі режимде, яғни күндізгі және кешкі режимде жұмыс істейді. Әр кезекшілік екі айда ауысып тұрады. Бұл орайда, 60 күн бойына түнгі кезекшілікке түсетін тәртіп сақшылары түн мен күніміз ауысып кеткен дейді.
– Әр мамандық өзінің қиындығымен, қызығымен қатар жүреді емес пе?! Біздің ағза түнде түрлі фаст-фуд пен жеңіл тамақ жеп үйренген. Бұл денсаулыққа зиян болса да, жұмыстың аты – жұмыс. Сенің әрбір уақытың маңызды. Шыны керек, отбасымызды көрмейтін күндер көп болды. Ұл-қыздарым мен жұмыстан келгенде сабақта болады, олар үйге келгенде мен жұмысқа кетемін. Бұл жағдай – салада жүрген барлық әріптестерімнің басында бар жағдай. Тіпті қасымдағы Бексұлтан осыдан бірнеше ай бұрын үйленген. Келіншегін тіпті көрмейтін күндері көп болған, – дейді аға инспектор.
Бүгінде жол-патрульдік полициясы қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қаланың қараңғы көшелерінен баяу өтіп, барлық жайтты көзден таса қылмауға тырысады. Салада жаңашылдық та жоқ емес. Әр көлікте арнайы орналастырылған планшет бейне жазып, жүргізуші туралы барлық мәліметті автоматты түрде шығарады екен. Бұрын хаттаманы қолмен толтырып, кем дегенде жарты сағат уақыт жоғалтатын тәртіп сақшылары енді 5-10 минутта тәртіп бұзған адамдарды порталға тіркейміз дейді. Қала көшелерін аралап келе жатқан біз бағдаршамда өрескел тәртіп бұзған көлікті көзіміз шалды. Арнайы шетке тоқтауын нұсқаған полицейлер көліктен түсіп, тәртіп бұзған жүргізушіге өздерін таныстырып, тоқтатқан себептерін айтты. Жүргізушіге заң бұзушылықтары түсіндіріліп, қажетті шара қолданылды. Таңға дейін мұндай жайттар көптеп тіркелді. Бір мезетте қала бойынша шыққан 20-ға жуық экипажға шаһардың түкпір-түкпірінен қоңыраулар түсіп, көмек сұраған тұрғындарға «102» қызметі дереу жолға шығып жатты. Қырағылық пен жылдамдылық – полицейге ең керек қасиет. Жұмыс уақыты аяқталуға жақын сәтте барлық полицейлер саптық жиында бас қосып, командирге бір күндік қызметтік өтілдерін баяндап береді. Кейін қызметтік құралдарын өткізіп, үйлеріне қайтады. Әрине, егер оқыс оқиға орын алып қалса, күн-түн дегенге қарамай, полицейлер міндетін атқаруға дайын.
Тыныштық пен қауіпсіздік үшін өмірлерін құрбан ететін тәртіп сақшыларының қызметтік уақыты қызық пен өкінішке толы. Өйткені адамдардың кейде жауыздықпен бір-біріне жасайтын қатыгез әрекеттері оларды да бейжай қалдырмайды. Бейбіт заманда өмірлерін қатерге тігіп, Отанға деген адалдық пен шаңырақ шаттығын таразы басында тең ұстау, береке мен бірлікті сақтау – бүгінгі полиция қызметкерлерінің басты парызы.
Жүрегі елім деп соққан құқық қорғау саласының қызметкерлері бүгінде қоғам арасында ерекше беделге ие. Жыл санап оларға деген сенім арта түсуде. Ендеше, барша полицей қауымға айтарымыз, адал еңбек пен жүктелген жауапкершілікті сезіне білу – жұмыстың тәтті жемісі.

Comments (0)
Add Comment