Поэзия патшасы

Күләш Ахметова, ақын

Мен Мұқағали ағаны алғаш рет 1966 жылдың мамыр айында жазушылардың V съезінде көрдім.
Жамбыл медколледжінде оқып жүрген кезім еді. Жиынға қатысатын облыс қаламгерлерінің ресми тізіміне жас ақын ретінде іліккен екем.
Алматының алма гүлдеген шағында, таңғы пойыздан түсіп, «Алатау» дейтін мейманханаға орналастық. Арман шаһарды бірінші рет көруім болған соң, көркемдігіне таңырқап, есік алдында тұрғанмын. Біздің Әулиеатадай емес, ауа райы салқын екен. Орамалымды қолыма ұстап шыққам. Алматыда тұратын ауылдас ақын жолығып қалды. Шүйіркелесіп, жөн сұрастық. Бір кезде ол көше жаққа жалт қарап: «Мұқағали келе жатыр!», – деді де, асыға басып, қонақ үйге тез кіріп кетті.
Төлеген Айбергенов пен Мұқағали Мақатаевтың жырларына жабысып, жаттап алатын жас күніміз ғой. Қадалып қалсам керек, тау қыранындай қанатын қомдап, «буырқанып», «бусанып» келе жатқан асқақ ақын бұрылмастан тіке менің қарсы алдыма тоқтады да:
– Сен маған шарфыңды бер, шарфыңды бер,
Сырдың желі мойнымды шарпып жүрер, – деген өлеңін оқи жөнелді. Бетіміз қайтып, жүрегіміз шайлықпаған батыл кезіміз емес пе?!
– Алатаудың арда өскен тентегі ме ең,
Қайырымды құрбының нарқын бі-лер? – деген өлең жолдарын жалғас- тырып жібердім. Бетіме тура қарамай, анадай жерде тұрған жолдасына: «Тарт бізді суретке!», – деп бұйырды. Фотоаппарат асынған сол кісінің кім екенін әлі білмеймін.
Менен бір баспалдақ төмен тұрған өр тұлғалы айбарлы ақын:
– Мен аласамын,
Аласа болсам да жарасамын.
Өмір сахнасына алған заңды билетім бар,
Заңды орныма таласамын! – деп, тағы да күндей күркіреп өлең оқыды. Маған қойған жалғыз сұрағы – «Өлең жазасың ба?». «Иә, жазамын», – дедім. Аз-кем үнсіз қалды. Біртүрлі жүзі мұңлы, әбіржулі көрінді. Сәлден соң: «Жұлдызға» өлеңдеріңді тастап кет! – деп өз бағытымен ұзай берді.
Жолым болды. Өмірімде бірінші рет көріп тұрған сүйікті ақыныммен суретке түстім.

* * *

Арада екі жыл өткеннен кейін Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің студенті атандым.
Ол уақытта Алматының жоғары оқу орындарында ақындармен кездесу кеші өтіп жататын үрдіс бар екен.
Әбділда Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков сияқты поэзия саңлақтарымен қатар Қадыр, Тұманбай, Мұқағали, Жұмекен, Сағи ағаларымыздың есімдері дүркіреп тұрған заман. Сол кісілер қайда барса, жас ақындар жөңкіліп соңынан ере барады. Өлеңдерін тыңдаймыз, қолтаңба аламыз. Өзіміз де таныла бастадық. Сондай кездесулердің бірінде менің республикалық газетке шыққан мақалам туралы Мұқағали аға: «Оқыдым, жақсы екен, бірақ сенің қолың өлең ғой, өлең!», – дегені есімде қалыпты.
1970 жылдың қысында Қайырбек екеу- міз Тереңөзекте үйлену тойымызды өткіздік. Алматыға қайту үшін Қызылорданың әуежайында тұрған едік. Ақпанның ақ бораны бет қаратпайды. Сырдың желі мені Қайырбектің қолынан жұлып әкете жаздайды. Ықтау жерді паналап тұрмыз. Бір кезде ышқынған желдің уілі сәл басылып, құлағымызға ырғақты, сұлу поэзия шумақтары жеткендей болды. Жан-жағымызға қарадық. Әуежайда, өзін қоршаған адамдардың арасында қолын сермеп, нақышты дауыспен Мұқағали аға өлең оқып тұр!
Сыбызғыдай сызылтып азалы үнін,
Өкпек желі соққанда Қазалының,
Тосырқама, ен де кет бір үйіне,
Қазалының кез келген қазағының…
Ағамыздың жанына жүгіріп бардық. Бізді көріп балаша қуанды. Алматыға сол күні ұшатын ұшаққа билеті бар екен. Ауа райының қолайсыздығына байланысты ұшу кестесі өзгеріп, күн ашылғанша күтуге тура келді. Дауылпаз ақын даланың желін бұйым көріп тұрған жоқ. Ақ жарылып әңгіме айтып, арасында өлең оқиды. Ақыры ұшағымыз қас қарая көк төсіне көтерілді. Менің жанымда беташар тойымызға қыз жолдас болып барған құрбыларым Ізімгүл мен Несіпкүл бар. Салонда бәріміз қатар отырмыз. Мұнда да Мұқаң өлең оқиды. Қайырбек екеу- міздің қосылғанымызды естіп, бағана құтты болсын айтып, батасын берген. Ұшақ үстінде де: «Қайырбек, Күләш енді өлеңді тастап кетпесін. Өлеңіне тиме!», – деп бірнеше рет қайталады.
Қалаға түнде келіп түстік. Бәріміз бір такси алдық. Жатақхананың жанына келгенде, Мұқаң: «Қайырбекті мен алып кетейін. Біздің үйде қонсын», – деп бізді түсіріп кетті…
Құдайдың құдіретіне таңғалдым. Өмірімнің маңызды екі кезеңінде қазақтың ғажайып ақыны Мұқағали Мақатаевқа ойда жоқта жолығып, өзімнің жыр тағдырыма үміт қосқан ізгі ниетіне ие болған екенмін. Осы өмірімде, Аллаға шүкір, жақсылардың жылы лебізін көп естідім. Мен үшін бәрі қымбат. Солардың ішінде Мұқағали ағамның да маған жаны ашып айтқан аз сөздерін әлі күнге дейін алтынға балаймын.

* * *

«Қазақстан пионерінде» (қазіргі «Ұлан») жүрген күндердің бірінде әріптесім, жерлесім, тамаша ақын Тынышбай Рахимов Мақатаевтың дүниеден өткенін қатты қайғырып отырып, естіртті. Екеу- міз көрісіп, үнсіз егілдік. Ақынды шығаратын күні Жазушылар одағына өлеңге, қара сөзге қатысы бар қалың жұртпен бірге біз де бардық. Аяулы ақынымен халқы қимай қоштасты. Бүкіл дүние тебіреніп, жоқтап тұрғандай болды.
Біраз күн өткенде түс көрдім. Сағымды сайын дала екен деймін. Алдымда бір бесік тұр. Кәдімгі қазақы сырлы бесік. Неғылған бесік деймін де, Мұқағалидың даусын естимін: «Бұл бесікті сен тербет!». Ап-анық, өңімдегідей өз даусы, табиғаты бөлек таныс үн. Бұл бесік – жыр бесік шығар деп жорыдым.

* * *

Туған халқын, даласы мен тауларын, өзендері мен ормандарын шын сүйіп, сағынышын баса алмай кеткен ұлы перзенттерінің ұлы махаббатының жауабын халқы ерте ме, кеш пе, жомарттықпен қайтарады.
Өмірі қара өлеңмен өрілген қазақтың ақынға зар болған заманы жоқ шығар. Солай десек те, ұшы-қиыры жоқ далаға данышпан жырдың дәнін сеуіп кеткен ақберендердің жиырмасыншы ғасырдағы жалғызы Мұқағали Мақатаев поэзиясының бесік жырын тыңдайтын сәбиден бастап, өмір құнын түсінген қарттар жүрегіне дейін сылаған майдай сіңіп, бауыр басып бара жатуында бір керемет сыр бар сияқты.
Бүгін исі қазақ Мұқағали Мақатаевқа арнап ән мен жырдан, естеліктен рухани биік кесене соғып жатыр. Бұған бұрылып қарамайтын жан жоқ. Бүгін ақынның туған елі туған күнін тойлап жатыр. Бұған қуанбайтын қазақ жоқ. Халық махаббаты! Әрбір өнер иесінің кешегі де,бүгінгі де, ертеңгі де арманы!
Мұқағали ағаны кейде Жазушылар одағында, кейде көшеде көріп қалатынбыз. Өн бойынан өлеңнің буы бұрқырап, жүрген жерін толтырып, екпіндетіп келе жатады. Жақындаған қазақты жатыр- қамай, шабыттанып өлең оқиды, шер тарқатады. Басқа бір әлемнен келген адам сияқты, назар аудартпай қоймайды. Сондайда ақынның:
Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін,
Алынбаған ақым бар сенде менің…
Ей, таулар, ығысыңдар!
Ығысыңдар!
Орын сайла ортаңнан, жұмысым бар, – деген ірі мінезді дара тұлғаларға ғана лайық асқақ рухты жыр жолдары еске түсер еді. Мұқағали Мақатаев көзінің тірісінде-ақ халықтың сүйіспеншілігіне бөленген бақытты ақын.
Сен менен хал сұрама, жырды сұра,
Ырзамын өміріме, тұрмысыма.
Жырды сұра!
Ілесіп кетем бір күн
Қайтадан оралмайтын жыл құсына.
Ол өмір сыйын ақын жүрегімен қабылдайды. Өлең жазып, көз іліп, өлең оқып оянады. Жыр бағы жыл он екі ай гүлдейді. Бірақ өмір-тұрмыстың қиюы келмейді. Заманның зары да, заһары да бой бермейді. Қызғаныш та, қиянат та қабаттасады. Адамды ақын етіп жаратса, Жасаған Иеміз азабын қоса жарата ма, әлде ақынның сұм жүрегі суылдап, дүниенің қабағын бағып, қайғы-мұңын басқадан бұрын сезіп, секем ала ма, кім білсін?! Неге ақынның бұл жалғанда бүр жарған арманы бар мәуесін бермейді? Шыңға шығудың бақыты қатерсіз болмайтыны қалай?!
Күрсініп көкірегім, жылайды ішім,
Өсем бе, өшемін бе,
Құдай білсін.
Қанды дағын жүректің қалдырайын,
Қаласа біреу-міреу сұрай жүрсін.
Мұқағали өлеңдеріндегі өмірбаянға қарасақ, ақынның фәнилік өмірі – екі адым ілгері, бір адым кейін басып биікке қарай жүру, табанын тасқа тілдіріп, Хантәңірге қарай өрмелеу болған екен. Екі қолымен тырбанып, қия жартасқа ілінгенде, әрине, бар мүлкіңді көтеріп өте алмайсың. Бір нәрсені түсіріп алуың мүмкін де, қайырылып іздеп табуың қиын.
Тұйыққа келіп,
Тіреліп тұрмын біртүрлі.
Көзімнің нұры көңілімде қалды іркулі.
Жылай да алмаймын, күле де алмаймын,
О, досым!
Тауып әкелші ұмыт қалдырған күлкімді.
Ақынның кәусар күлкісі қай қияда қалды екен? Сүйсе, шын сүйіп, өкінсе, қатты өкінетін арлы жүрек көз жанарының бақытты жарқылы азайып бара жатқанын сезе тұрып, қорғана алмапты.
Тауда жортқан тағыдай алғыр едім,
Алғырлығым қай жерде қалды менің?..
Құйындай айналып өте шыққан ғұмыр, барды бажайлап, жоқты түгендеуге аздық етіпті. Қалай-қалай болғанын қапелімде келген қатерден біле де алмай қалған ақынмен бірге біз де оның өмірінің сәулесіндей өлеңіне үңілеміз. Қай жерде бағы жанды? Қай жерде қателесті? Досы кім еді, опасыздықты кімнен көрді? Білгіміз келеді.
Бірақ бәрін іші сезіп, бәрін кешіре алған, жамандықтың өзінен жақсылық іздеген әулие ақын біздің пенделігімізді қаламауы мүмкін. Қай кезде де ұлылардың өмірі – бір сергелдең. Әділет жолы алыс. Өнерлінің досы – өзі.
Ерлікпен егіз туған қауіп барын,
Еріксіз түсіндім де анықтадым, – деуі тірсектен қаққан тіршілік күйбеңдерімен күресе жүріп, іріні уақтан ажырата біліп, негізгі міндеттің қиын сапарына тәуекел еткені деп білеміз.
Мақсат жеңісі үшін, шың басынан халқына, Қарасазына еңсесін тік ұстап, бір қарауы үшін ақын қанша құн төледі?!
Не жыны бар бақыт мені көргенде,
Кетеді үркіп, енді жете бергенде…
Басқа пысықайлар атаққа, мансапқа, иілігікке ие болып кетті. Олар басы суық мұзарт таулардың қатерлі қайқы шыңдарынан гөрі көкорай баурайын, қамсыздау жайлы тұрмысты қолайлы көрді.
Ақиықтардың шыңға жеткен соң көк төсінде сорғалап, көгілдір бұлттармен араласып кетері – ақиқат.
Соғыстан соңғы жетім балалықтың кекті жанары, нар көңіл ақынның сырына жетпей, сыртынан бағалап, сыбағасынан қаққан орта, биік есіктердің тұтқасына тигізбей, сыртқы қақпасынан қаратып мысын басқан әкімдер, жегідей жеген жүдеу тұрмыс, туғаннан айналасын аңдыған ажал-мыстан, талантқа тән тәкәппар бейқамдық, ауыздықсыз ақ су, қорған болуға құлқы жоқ қоғам, қолын созбаған достар – ақын өмірінің ащы шындығы.
Сезіндім, мұң-наланың көшін көрдім,
Сойқанын соғыс салған кесірлердің.
Қолдан келер айла жоқ, қосылдым тек,
Хорына жетімдер мен жесірлердің.
Жетімдер мен жесірлер хорының арасынан бастау алған ақын дауысы бүгін бүкіл адамзат жүрегіне жеткендей.
Тау мен даланың, орман мен судың, жаңбыр мен желдің, қобыз бен қабірдің үндерінен құралған ұлы күйге құйылып қосылған халық дауысы ақын жыры арқылы ғажайып ғасыр сазға ұласты. Ақын трагедиясы жеке басының өмірге деген өкпе, қарғысы, тұрмыстық сәтсіздіктен туған жан айқайы болып қалмай, халықтың биік рухы мен қайсар төзіміне демеу болар мәңгі бұралаң, мәңгі ілгері ұлы шеруінің қозғағыш күштерінің біріндей айбарлы да, салтанатты сезімге, адамзаттық қаһармандыққа айналды. Қаһармандықтың нәзіктігі, қасіреттің ұлылығы, өрліктің сұлулығы – Мұқағали Мақатаевқа ғана тән әлемдік поэзияда да аса сирек кездесетін алтын түсті бояулар.
Мұқағали Мақатаев – қазақтың қара өлеңінің қасиетіне тізе бүгіп, бас ие отырып, биіктеп, асқақтаған, бүкіл мұңымен, махаббатымен, арман-сағынышымен халқының жүрегінен орын алған ұлттық ақын. Мұқағали Мақатаев әлем әдебиеті кәусарларының дәмін білетін, сезігі өткір, тәкаппар талғамды қазақ оқырманының ұғымында дүниежүзі әдебиетінің алып шыңдарының біріне айналды. Мұншама ірі жеңістің, табиғаттың өзі берген ұлы сыйдың сыры тым терең.
Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,
Менің нәзік жанымды кім түсінер?
Көрген көзге кеудесі көрік, даусы зор, еңселі, сом тұлғаның бойынан нәзіктікті аңғара қою қиын еді. Өзінде тау баласының ірі мінезі бар, жырларында бұрқанып аққан тау өзендерінің сарқырама сазы мол ақынның сезім нәзіктігінде сыншылар ашпаған жұмбағы жетерлік.
Қуатты, ойлы жырлардың өн бойындағы инеліктің қанатындай нәзік те тірі діріл, жұқа сезім, шынайы тіршілік лүпілі – ақын басынан кешкен өмірдің адам атаулы сезінген, айта алмаған бір сәті секілді аса жақын, аса таныс.
Мұқағали Мақатаев поэзиясына табынғандар сияқты еліктеген ақындар да көп болғанмен, олар ақын жырларының сыртқы «қауызын» алса да «дәнін» – нәзік жаратылысын меңгере алған жоқ. Сондықтан бұрқанған ырғағын келтіргенмен ағысының терең тербелісін таба алмай, ақыры өз арна, жылғаларына қайта оралуға мәжбүр болды. Сөйте тұрса да, өзінен кейінгі толқындар үшін Мұқағали ақын шын мәніндегі көркемдік сапа мектебі болып қалады. Біз ешкімге ұқсамас дара мінезбен, айласыз болмыс-қарекетпен халқына адал қызмет етіп, көзі тірісінде атақ та, мансап та ала алмаған, бірақ өлеңді қалай жазу керектігін үйретіп кеткен нағыз ақынмен бір дәуірде өмір сүргенімізге бақыттымыз.
Ақынның шығармашылық патшалығы аса байтақ. Дарын көкжиегі кең.
Өлеңнің ірі жанрларына қалам тартқанда қолтығы сөгіліп, тынысы кең ашылып, түйдек-түйдек оймен сурет туғызып, үдей түсетін жомарт дарын, өзін-өзі игере алмай, бір рақаттанып қалады. Заңғар көкте еркін самғауға мүмкіндігі мол ақынның қысқа лирикалық жырлары да суреткер табиғатының алғырлығын, кібіртіктемей, шектелмей, аз жолға мол ұғым сыйғыза алатын шеберлігін анық байқатады. Нағыз талантқа қай биік те бірдей екенін дәлелдейді. Ақын лирикасының бүкіл бітімінде ұлттың ойлау философиясы мен ұлттық бейнелеу көркемдігі біте қайнасып жатады. Өмірдің мәні мен жалғанның жалғандығы жасанды даналықтан ада, адамзат жаралғалы бергі жасампаз да өкінішті қарапайым қалпында өлең болып өріліп, ойландырады. Өз-өзінен дыбыстар әуезіне айналып, әнге шақырады.
Сөздің, тілдің еркіндігіне қайран қаласың. Қақтап, сауып алатын сараңдық та, бей-берекет шашатын қолы ашықтық та, жүректі айнытатын тәттілік те, жүн сабағандай жұлқынатын астамдық та, түрпідей тиетін тұрпайылық та, көсемдік те, көлгірлік те табылмайтын табиғи төгілу, ақылмен ашыну, сәбише қуану, мөлдір таза сүю, парасатпен сырласу – ақеділ сүйегіндегі тектіліктің белгісі шығар. Үні әуенді ұлпа сезім нәзік ақынның сүю жайлы жырлары, аз да болса, бүкіл поэзиясының гауһар тасты алтын тәжіндей аса сұлу, барынша шынайы. Бірінен бірі өткен шын ғашық жырлар дархан жүректен ғана шығатын пәк махаббат тазалығының тамаша ізгі үлгісі. Абай үлгісінің әдемі жалғасы, жас ақындар тағлым алар биік қасиет.
Ғашықпын,
Қайтіп оны жасыра алам.
Бір алтын оның әр тал шашы маған, – деген шын мойындау мен:
Сандалтау, сайдан соққан самалым-ай!
Ой-санам құлайды кеп саған ұдай.
Әлдеқандай күн кешіп жүр екенсің,
Сүттен ақ, судан таза адалым- ай, – деп сүйгенін шынайы биіктете білу тек Мұқағалидай ақ жүрек ақынға ғана лайық.
Ал табиғатты сүюдегі ақын ұлылығы айрықша:
Туған жердің құлы емес, тілімін мен,
Қалай да оны сөйлетем!
Сөйлетемін! – деп алдына серт қойған ақын таңғажайыптау суреттерін, данагөй дала бейнесін жасайды. Бұл кесек шығармаларында да, лирикасында да жақсы көрінеді. Мұқағалидың Қарасазы Дантенің Флоренциясы сияқты ана – тарих мойнына өлеңмен жазылған тұмардай тағылып қалады.
Мен туған жер – Қарасаз баурайдағы,
Жалғанда жер біткеннің балқаймағы.
Есім кетіп жүргенде ес білдірген,
Жаралған жұлдызым ғой маңдайдағы, – дегізген Қарасаз ақын тағдырының – бүкіл өмірінің алтын тұғыры, асыл арқауы болды. Сол Қарасаз Мұқаңның соңғы өлеңдерінің де жәудір жұлдызы болып, төмендемей жарқырап тұрып қалды.
Қасқа бұлақ! Қасыңнан неге кеттім,
Не деген жел айдаған көбелекпін.
Еркіндік, еркелікті місе тұтпай,
Тасқа әкеп өзімді-өзім шегелеппін.
Пай-пай! Пай!
Сағындым-ау, сағындым-ау!
Талықсып тар төсекке таңылдым-ау
Қапыда қалтылдаған жаным мынау,
Жаратқан, не қылдым-ау, не қылдым-ау!
Қартайғанша бір ақ бояу, бір қара бояу жағып, қара нарлардың өзінің қажымасына қоймайтын пірсіздігімізден қашан арылатынымызды кім білсін? Абызын күңірентіп, ақынын қапаста ұстаған ел бақытты бола ала ма? Тоқырау жылдарында күрмелген тіліміз шешілді деген бұл тұста ақты арашалай отырып әлдекімдерден ақы алуды да ойлап, тәубе дей отырып табаға да жол беріп жатқан жоқпыз ба?
Неге біз күшімізді жалқауды жұмыс істетуге, бұзықты түзеуге, жоққа жәрдемдесуге, тіпті әрқайсысымыз алдымен өз пиғылымызды жөндеуге жұмсамай, ел қамын жеген ерлерді аңдуға, мықтыдан мін табуға, өткірді мұқалтуға жан саламыз? Не себептен қарғаның қаңқылын тыймай, сұңқардың сыңқылын сынаймыз? Ойы озғанды неге жек көреміз? Өнерлі не үшін от кешіп, жалынға шарпылады?
Бұдан он ғасырдай бұрын зағип ақын Ахмет Иүгінеки:
Бұл дүниеге өнерпаз не жазды?
Не себепті бұл оны қинай береді?
Арамдарды көтеріп, адалды аяқтан шалып,
Құтсыз дұшпан дүние алжып қартайған ба? – деп сауал тастаған екен, оған біздің дәуіріміз де жарытып жауап тапқан жоқ.
Бүкіл елдің келешегі үшін жанынан безіп күрескен арыстан жүректі, алдаспан тілді, асқақ ақын Махамбеттің өмірін бүкіл елі қорғап қала алмады. Қорғап қала алмайтынын айнытпай білген ақын:
Қызғыштай болған есіл ер,
Қайран да жұрттан не көрді? – деген екен. Бұл сұраққа да тарих кешігіп тіл қатқандай.
Халқына деген шексіз махаббатының өртіне өзі шыдай алмаған Мұқағали ақын сол қауымнан қол созар адал дос, көңілін сұрар жолдас таба алмай, емханада жападан-жалғыз күйзелді:
Не пайда күрсінгеннен, өкінгеннен,
Не пайда дәтке қуат бекінгеннен.
Алайда емханада көз жұмғаннан
Жақсы еді ғой майданның өтінде өлген.
Табиғаттың көркіне кіреуке түсіп, адамзаттың көңіліне алаң кірген алмағайып мұнар дәуір басталды. Бұл дәуірде жер тағдыры мезгіл мұхитында жеке жүзген кеме сияқты болса, ұлттар тағдыры тау толқындар арасындағы жаңқаға ұқсамай ма?
Бұл ғасырда сұмдық сынға түсіп, секемшіл болған біздің халқымыз да жарқын сезімнен салқын сезімге көшіп барады. Адамдар керенау тартқан заманда «әлемді сұлулық та сақтап қалуы» неғайбыл. Алтыны мен асылын көше жүріп көміп кетсе де, ән мен жырынан айырылмаған, қобыз бен домбыраға замандар үнін сыйғызған, туғанда әнмен әлдилеп, аттанғанда азалы жырмен жоқтаған, ерлігін, мұңын, махаббатын, қызығын шешен сөзбен суреттеген рухы сұлу халықтың бүгінгі сөйлеу тілі мен бұрынғы тілін салыстырып қарасақ, қара жерге қақ тұрғандай ғана нәр қалғанын байқаймыз. Тағы бір тығырыққа тіреліп келеміз-ау деп қауіптенеміз. Мұқағалидың жоғалған күлкісі сияқты тұтас бір ұлттың жұтқа ұшыраған мүлкі – кестелі тілін қайдан табуға, қалай қалпына келтіруге болады?!
Қазақтың тілін білген адам Мұқағали поэзиясын сүймеуі мүмкін емес, Мұқағалидың таң шапағындай таза, тау суындай еркін, «Алла аузына салғандай» ғаламат сұлу поэзиясын сүйген адам – рухани бақытты адам!

Comments (0)
Add Comment