Поэзия патшасы

9 ақпан – қазақ поэзиясының Хантәңірі атанған мұзбалақ ақын, өр рухты қаламгер Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толады. Алаш әдебиетінің жыр өлкесінде арыстандай арқырап, күндей күркіреп өткен арда ақынның есімін бүгінде күллі қазақ ардақтайды, төбесіне көтереді. Өлең деген ұғым ойға келгенде, Мұқағалидің есімі қашанда қатар айтылады. Себебі жыр мен Мұқағали – егіз ұғым. Тұлғасы Алатаудың асқақ шыңындай өр, отты жырлары өмірдің әрбір қалтарыс-бұлтарысында бұйығып жатқан кеудені жалынымен тірілтетін талантты шайыр хақында әрбір естелік, толғаныс аса құнды һәм қадірлі. Ақиық ақынмен өткен әр кездесу, әр мезетті сана қатпарларынан сөндірмей, бүгінгі буынға қастерлі қаламының ұшымен жеткізген көрнекті ақынның бірі – қазақ поэзиясының ақ гүлі атанған Күләш Ахметова. Көзі қарақты оқырманға сұлулық пен ізгілікті жырлап жүрген ақынның өлең өлкесіндегі ардақ тұтқан ағасы Мұқағали Мақатаев туралы естеліктерін ұсынамыз.

Мен Мұқағали ағаны алғаш рет 1966 жылдың мамыр айында жазушылардың V съезінде көрдім.

Жамбыл медколледжінде оқып жүрген кезім еді. Жиынға қатысатын облыс қаламгерлерінің ресми тізіміне жас ақын ретінде іліккен екем.
Алматының алма гүлдеген шағында, таңғы пойыздан түсіп, «Алатау» дейтін мейманханаға орналастық. Арман – шаһарды бірінші рет көруім болған соң, көркемдігіне таңырқап, есік алдында тұрғанмын. Біздің Әулиеатадай емес, ауа райы салқын екен. Орамалымды қолыма ұстап шыққам. Алматыда тұратын ауылдас ақын жолығып қалды. Шүйіркелесіп, жөн сұрастық. Бір кезде ол көше жаққа жалт қарап: «Мұқағали келе жатыр!», – деді де, асыға басып, қонақ үйге тез кіріп кетті.
Төлеген Айбергенов пен Мұқағали Мақатаевтың жырларына жабысып, жаттап алатын жас күніміз ғой. Қадалып қалсам керек, тау қыранындай қанатын қомдап, «буырқанып», «бусанып» келе жатқан асқақ ақын бұрылмастан тіке менің қарсы алдыма тоқтады да:
Сен маған шарфыңды бер, шарфыңды бер,
Сырдың желі мойнымды шарпып жүрер
, – деген өлеңін оқи жөнелді. Бетіміз қайтып, жүрегіміз шайлықпаған батыл кезіміз емес пе?!
Алатаудың арда өскен тентегі ме ең,
Қайырымды құрбының нарқын білер?
– деген өлең жолдарын жалғастырып жібердім. Бетіме тура қарамай, анадай жерде тұрған жолдасына: «Тарт бізді суретке!», – деп бұйырды. Фотоаппарат асынған сол кісінің кім екенін әлі білмеймін.
Менен бір баспалдақ төмен тұрған өр тұлғалы айбарлы ақын:
Мен аласамын,
Аласа болсам да жарасамын.
Өмір сахнасына алған заңды билетім бар,
Заңды орныма таласамын!
– деп тағы да күндей күркіреп өлең оқыды. Маған қойған жалғыз сұрағы – «Өлең жазасың ба?». «Иә, жазамын», – дедім. Аз-кем үнсіз қалды. Біртүрлі жүзі мұңлы, әбіржулі көрінді. Сәлден соң: «Жұлдызға» өлеңдеріңді тастап кет! – деп өз бағытымен ұзай берді.
Жолым болды. Өмірімде бірінші рет көріп тұрған сүйікті ақыныммен суретке түстім.


Сырдың желі мойнымды шарпып жүрер, – деген өлеңін оқи жөнелді. Бетіміз қайтып, жүрегіміз шайлықпаған батыл кезіміз емес пе?!
Алатаудың арда өскен тентегі ме ең,
Қайырымды құрбының нарқын білер?
– деген өлең жолдарын жалғастырып жібердім. Бетіме тура қарамай, анадай жерде тұрған жолдасына: «Тарт бізді суретке!», – деп бұйырды. Фотоаппарат асынған сол кісінің кім екенін әлі білмеймін.
Менен бір баспалдақ төмен тұрған өр тұлғалы айбарлы ақын:
Мен аласамын,
Аласа болсам да жарасамын.
Өмір сахнасына алған заңды билетім бар,
Заңды орныма таласамын!
– деп тағы да күндей күркіреп өлең оқыды. Маған қойған жалғыз сұрағы – «Өлең жазасың ба?». «Иә, жазамын», – дедім. Аз-кем үнсіз қалды. Біртүрлі жүзі мұңлы, әбіржулі көрінді. Сәлден соң: «Жұлдызға» өлеңдеріңді тастап кет! – деп өз бағытымен ұзай берді. Жолым болды. Өмірімде бірінші рет көріп тұрған сүйікті ақыныммен суретке түстім.

Арада екі жыл өткеннен кейін Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің студенті атандым.
Ол уақытта Алматының жоғары оқу орындарында ақындармен кездесу кеші өтіп жататын үрдіс бар екен.
Әбділда Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков сияқты поэзия саңлақтарымен қатар Қадыр, Тұманбай, Мұқағали, Жұмекен, Сағи ағаларымыздың есімдері дүркіреп тұрған заман. Сол кісілер қайда барса, жас ақындар жөңкіліп соңынан ере барады. Өлеңдерін тыңдаймыз, қолтаңба аламыз. Өзіміз де таныла бастадық. Сондай кездесулердің бірінде менің республикалық газетке шыққан мақалам туралы Мұқағали аға: «Оқыдым, жақсы екен, бірақ сенің қолың өлең ғой, өлең!», – дегені есімде қалыпты.
1970 жылдың қысында Қайырбек екеуміз Тереңөзекте үйлену тойымызды өткіздік. Алматыға қайту үшін Қызылорданың әуежайында тұрған едік. Ақпанның ақ бораны бет қаратпайды. Сырдың желі мені Қайырбектің қолынан жұлып әкете жаздайды. Ықтау жерді паналап тұрмыз. Бір кезде ышқынған желдің уілі сәл басылып, құлағымызға ырғақты, сұлу поэзия шумақтары жеткендей болды. Жан-жағымызға қарадық. Әуежайда, өзін қоршаған адамдардың арасында, қолын сермеп, нақышты дауыспен Мұқағали аға өлең оқып тұр!
Сыбызғыдай сызылтып азалы үнін,
Өкпек желі соққанда Қазалының,
Тосырқама, ен де кет бір үйіне,
Қазалының кез келген қазағының…

Ағамыздың жанына жүгіріп бардық. Бізді көріп балаша қуанды. Алматыға сол күні ұшатын ұшаққа билеті бар екен. Ауа райының қолайсыздығына байланысты ұшу кестесі өзгеріп, күн ашылғанша күтуге тура келді. Дауылпаз ақын даланың желін бұйым көріп тұрған жоқ. Ақ жарылып әңгіме айтып, арасында өлең оқиды. Ақыры ұшағымыз қас қарая көк төсіне көтерілді. Менің жанымда беташар тойымызға қыз жолдас болып барған құрбыларым Ізімгүл мен Несіпкүл бар. Салонда бәріміз қатар отырмыз. Мұнда да Мұқаң өлең оқиды. Қайырбек екеуміздің қосылғанымызды естіп, бағана құтты болсын айтып, батасын берген. Ұшақ үстінде де: «Қайырбек, Күләш енді өлеңді тастап кетпесін. Өлеңіне тиме!», – деп бірнеше рет қайталады.

Қалаға түнде келіп түстік. Бәріміз бір такси алдық. Жатақхананың жанына келгенде, Мұқаң: «Қайырбекті мен алып кетейін. Біздің үйде қонсын», – деп, бізді түсіріп кетті…

Құдайдың құдіретіне таңғалдым. Өмірімнің маңызды екі кезеңінде қазақтың ғажайып ақыны Мұқағали Мақатаевқа ойда жоқта жолығып, өзімнің жыр тағдырыма үміт қосқан ізгі ниетіне ие болған екенмін. Осы өмірімде, Аллаға шүкір, жақсылардың жылы лебізін көп естідім. Мен үшін бәрі қымбат. Солардың ішінде Мұқағали ағамның да маған жаны ашып айтқан аз сөздерін әлі күнге дейін алтынға балаймын.


Туған халқын, даласы мен тауларын, өзендері мен ормандарын шын сүйіп, сағынышын баса алмай кеткен ұлы перзенттерінің ұлы махаббатының жауабын халқы ерте ме, кеш пе, жомарттықпен қайтарады.

Өмірі қара өлеңмен өрілген қазақтың ақынға зар болған заманы жоқ шығар. Солай десек те, ұшы-қиыры жоқ далаға данышпан жырдың дәнін сеуіп кеткен ақберендердің жиырмасыншы ғасырдағы жалғызы Мұқағали Мақатаев поэзиясының бесік жырын тыңдайтын сәбиден бастап, өмір құнын түсінген қарттар жүрегіне дейін сылаған майдай сіңіп, бауыр басып бара жатуында бір керемет сыр бар сияқты.

Бүгін исі қазақ Мұқағали Мақатаевқа арнап ән мен жырдан, естеліктен рухани биік кесене соғып жатыр. Бұған бұрылып қарамайтын жан жоқ. Бүгін ақынның туған елі туған күнін тойлап жатыр. Бұған қуанбайтын қазақ жоқ. Халық махаббаты! Әрбір өнер иесінің кешегі де, бүгінгі де, ертеңгі де арманы!

Мұқағали ағаны кейде Жазушылар одағында, кейде көшеде көріп қалатынбыз. Өн бойынан өлеңнің буы бұрқырап, жүрген жерін толтырып, екпіндетіп келе жатады. Жақындаған қазақты жатырқамай, шабыттанып өлең оқиды, шер тарқатады. Басқа бір әлемнен келген адам сияқты, назар аудартпай қоймайды. Сондайда ақынның:
Кең дүние төсіңді аш, мен келемін,
Алынбаған ақым бар сенде менің…
Ей, таулар, ығысыңдар!
Ығысыңдар!
Орын сайла ортаңнан, жұмысым бар,
– деген ірі мінезді дара тұлғаларға ғана лайық асқақ рухты жыр жолдары еске түсер еді. Мұқағали Мақатаев көзінің тірісінде-ақ халықтың сүйіспеншілігіне бөленген бақытты ақын.

Сен менен хал сұрама, жырды сұра,
Ырзамын өміріме, тұрмысыма.
Жырды сұра!
Ілесіп кетем бір күн
Қайтадан оралмайтын жыл құсына.

Ол өмір сыйын ақын жүрегімен қабылдайды. Өлең жазып, көз іліп, өлең оқып оянады. Жыр бағы жыл он екі ай гүлдейді. Бірақ өмір-тұрмыстың қиюы келмейді. Заманның зары да, заһары да бой бермейді. Қызғаныш та, қиянат та қабаттасады. Адамды ақын етіп жаратса, Жасаған Иеміз азабын қоса жарата ма, әлде ақынның сұм жүрегі суылдап, дүниенің қабағын бағып, қайғы-мұңын басқадан бұрын сезіп, секем ала ма, кім білсін?! Неге ақынның бұл жалғанда бүр жарған арманы бар мәуесін бермейді? Шыңға шығудың бақыты қатерсіз болмайтыны қалай?!

Күрсініп көкірегім, жылайды ішім,
Өсем бе, өшемін бе,
Құдай білсін.
Қанды дағын жүректің қалдырайын,
Қаласа біреу-міреу сұрай жүрсін.

Мұқағали өлеңдеріндегі өмірбаянға қарасақ, ақынның фәнилік өмірі – екі адым ілгері, бір адым кейін басып биікке қарай жүру, табанын тасқа тілдіріп, Хантәңірге қарай өрмелеу болған екен. Екі қолымен тырбанып, қия жартасқа ілінгенде, әрине, бар мүлкіңді көтеріп өте алмайсың. Бір нәрсені түсіріп алуың мүмкін де, қайырылып іздеп табуың қиын.

Тұйыққа келіп,
Тіреліп тұрмын бір түрлі.
Көзімнің нұры көңілімде қалды іркулі.
Жылай да алмаймын, күле де алмаймын,
О, досым!
Тауып әкелші ұмыт қалдырған күлкімді.

Ақынның кәусар күлкісі қай қияда қалды екен? Сүйсе, шын сүйіп, өкінсе, қатты өкінетін арлы жүрек көз жанарының бақытты жарқылы азайып бара жатқанын сезе тұрып, қорғана алмапты.
Тауда жортқан тағыдай алғыр едім,
Алғырлығым қай жерде қалды менің?..

Құйындай айналып өте шыққан ғұмыр, барды бажайлап, жоқты түгендеуге аздық етіпті. Қалай-қалай болғанын қапелімде келген қатерден біле де алмай қалған ақынмен бірге біз де оның өмірінің сәулесіндей өлеңіне үңілеміз. Қай жерде бағы жанды? Қай жерде қателесті? Досы кім еді, опасыздықты кімнен көрді? Білгіміз келеді.

Бірақ бәрін іші сезіп, бәрін кешіре алған, жамандықтың өзінен жақсылық іздеген әулие ақын біздің пенделігімізді қаламауы мүмкін. Қай кезде де ұлылардың өмірі – бір сергелдең. Әділет жолы алыс. Өнерлінің досы – өзі.

Ерлікпен егіз туған қауіп барын,
Еріксіз түсіндім де анықтадым,
– деуі тірсектен қаққан тіршілік күйбеңдерімен күресе жүріп, іріні уақтан ажырата біліп, негізгі міндеттің қиын сапарына тәуекел еткені деп білеміз.

Мақсат жеңісі үшін, шың басынан халқына, Қарасазына еңсесін тік ұстап, бір қарауы үшін ақын қанша құн төледі?!

Не жыны бар бақыт мені көргенде,
Кетеді үркіп, енді жете бергенде…

Бұл ғасырда сұмдық сынға түсіп, секемшіл болған біздің халқымыз да жарқын сезімнен салқын сезімге көшіп барады. Адамдар керенау тартқан заманда «әлемді сұлулық та сақтап қалуы» неғайбыл. Алтыны мен асылын көше жүріп көміп кетсе де, ән мен жырынан айырылмаған, қобыз бен домбыраға замандар үнін сыйғызған, туғанда әнмен әлдилеп, аттанғанда азалы жырмен жоқтаған, ерлігін, мұңын, махаббатын, қызығын шешен сөзбен суреттеген рухы сұлу халықтың бүгінгі сөйлеу тілі мен бұрынғы тілін салыстырып қарасақ, қара жерге қақ тұрғандай ғана нәр қалғанын байқаймыз. Тағы бір тығырыққа тіреліп келеміз-ау деп қауіптенеміз. Мұқағалидің жоғалған күлкісі сияқты тұтас бір ұлттың жұтқа ұшыраған мүлкі – кестелі тілін қайдан табуға, қалай қалпына келтіруге болады?!
Қазақтың тілін білген адам Мұқағали поэзиясын сүймеуі мүмкін емес, Мұқағалидің таң шапағындай таза, тау суындай еркін, «Алла аузына салғандай» ғаламат сұлу поэзиясын сүйген адам – рухани бақытты адам!

Күләш АХМЕТОВА,
ақын,
ҚР Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты

Comments (0)
Add Comment