Дүниежүзін әбігерге салған коронавирус пандемиясы елімізді де айналып өтпеді. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде індетті сәл де болса ауыздықтай алдық. Дегенмен солай екен деп арқаны кеңге салуға әлі ерте. Ал қауіпті кеселге төтеп берудің бірден-бір жолы екпе екенін әлем ғалымдары да тегіс мойындауда. Еуропаның көптеген дамыған мемлекеттері вакцинаның арқасында қалыпты өмірге қайта оралуда. Қазіргі таңда елімізде де халықты егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында елімізге Дүниежүзілік денсаулық ұйымы мойындаған америкалық «Pfizer» вакцинасын жеткізу керектігін шегелеп тапсырған болатын. Осының нәтижесінде еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі жуырда, 8-15 қараша аралығында аталған екпенің 4 миллион дозасы әкелінетінін мәлімдеді.
Жалпы бұл вакцина жайлы көпшілік біле бермейді. Сондықтан ең әуелі бұл екпенің өзгелерден ерекшелігі неде? Соған тоқталып өтсек. Клиникалық сараптамалар «Pfizer» екпесінің 12 жастан асқан адамдарға аса тиімді екенін көрсеткен. Екі компонентті толық алған адамдарда коронавирус жұқтыру қаупі вакциналанбағандарға қарағанда 97 пайызға төмен болады. Сондай-ақ екпе 65 жастан асқан адамдарға да, созылмалы ауруы барларға да бірдей тиімді әсер етеді. Әзірше мұндай нәтижеге ешқандай зертхана қол жеткізбеген. Осы орайда баса айта кетерлігі, 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге екпе салу тек ата-аналарының рұқсатымен ғана жүзеге асырылады. Сондай-ақ америкалық екпе жүктіліктің 16-37 аптасы кезеңінде жүрген әйелдерге де еш қауіп төндірмейтін көрінеді.
Тараз қаласында да тұрғындарды вакцинациялау жүйелі жүзеге асуда. Шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев ағымдағы жылдың 9 айын қорытындылаған жиында: «Қазіргі таңда шаһарда 14 егу пункті жұмыс атқаруда. Соның нәтижесінде екпе алғандар саны 196 988 адамға, яғни 76,5 пайызға жеткен. Осы орайда ерекше атап өтерлігі, қараша айында өңірге әлемдегі ең қауіпсіз «Pfizer» екпесі жеткізілмек», – деген болатын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда жер-жерде аталған екпенің тиімділігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, семинарлар өткізілуде. Дегенмен екпенің нақты қай күні жеткізілетіні әлі белгісіз екен.
Шаһар тұрғындарының да екпе жөнінде айтарлары бар. Біз солардың бір парасын тыңдап, халық сөзіне құлақ түрген едік.
– Тосыннан жеткен коронавирус пандемиясы жұртшылықтың үрейін ұшырғаны жасырын емес. Қаншама ағайын, дос, туыс, бауырдан айырылдық. Еліміздің тау тұлғалары да осы кеселдің құрығына ілінді. Әрине, кез келген дерттің емі табылады. Әзірге бұл індетке төтеп беретін бірден-бір күш осы екпе болып отыр. Өзім ресейлік «Спутник V» вакцинасын салдырдым. Ел аузында жүрген алыпқашпа әңгімелердегідей ешқандай кері әсерін байқағаным жоқ. Мен ғана емес, отбасымыздағы ересек адамдардың барлығы екпе қабылдады. Енді дамыған мемлекеттердің барлығы салдырып жүрген «Pfizer» екпесі де елімізге келеді екен. Бұл үшін өте қуаныштымын. Себебі бұл вакцинаның тиімділігін, жаһан ғалымдарының барлығы бұған оң баға бергенін баспасөз беттерінен оқып жүрмін. Меніңше, қалыпты өмірге қайта ораламыз десек, жаппай екпе салдырғанымыз жөн. Сонда ғана бұрынғы мамыражай күндерге қайтадан бет түзейміз, – дейді шаһар тұрғыны Гүлжан Бөркеева.
Ал тағы бір тұрғын Мархабат Құдайбергенова екпе балаларға кері әсерін тигізбей ме деген алаңдаушылығын жасырмады.
– Екпе салдырғаннан кейін қайтадан ауырып қалған адамдар бар. Өзім де солардың бірімін. Вакцина вирустан 100 пайыз қорғайтынына ешқандай кепілдік берілмеген. Кейбір ересек адамдардың өзі екпені ауырсынып, көтере алмай жатқанда, балаларға тигізер зардабы көп болмай ма деген қорқыныш та жоқ емес. Балалардың ағзасы өте әлсіз ғой. Жаман айтпай жақсы жоқ, жас ағза екпеге төтеп бере алмаса, оның соңы орны толмас өкінішке соқтырмай ма? Әлбетте, індетті тоқтатудың амалы вакцина екенін жете түсінемін. Әйтсе де, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, екпе салдырудың пайдасы мен зиянын да қатар ойластыру керек деп санаймын, – дейді тұрғын.
Бұқараның пікірі осылайша екіге бөлініп отыр. Десек те, індетті жеңудің жолы екпе екенін ешкім де жоққа шығармайды. Әрине, вакцина салдыру әркімнің өз еркінде. Бастысы, америкалық айтулы вакцина еліміздегі эпидахуалды біржола тұрақтандырып, қалыпты өмірге қайта әкеледі деген үмітіміз зор.
Құрбанәлі ШАХАБАЙ