Петропавлда жеңіл ақшаға қызыққан 22 жастағы қыз есірткі таратқаны үшін 11 жылға сотталды

Петропавлда 22 жастағы қыз ірі көлемде синтетикалық есірткі тәркіленді. Соттың үкімімен жас қыз 11 жылға сотталды, деп хабарлайды Petropavlovsk.news сайтына сілтеме жасап Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қала көшелерінде есірткі жасырып жүрген қызды полиция қызметкерлері ақпан айында ұстаған. Сот үкімі бойынша ол 11 жыл түрмеде жазасын өтейді. Сонымен қатар, сотталушы жазаны өтеу орнында нашақорлықтан мәжбүрі түрде емделетін болды.

«Бүгінгі күннің проблемасы нашақорлықтың да, есірткімен айналысу қылмысының да орташа жасының төмендеуі. Жастар жеңіл ақшаға жүгіреді. Олар өз әрекеттерінің халықтың денсаулығына қандай салдары болатынын, онымен айналысуға заңнамада қатаң  жаза қарастырылғанын ойламайды», – деді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының басшысы Жандос Басыбаев.

Оның сөзіне қарағанда, биыл Солтүстік Қазақстан облысында есірткіні таратумен айналысатын 22 әйел адам сотталды. Оның 12-сі 25 жасқа толмағандар. Орта есеппен олар 10 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылыпты.

Ал жыл басынан бері облыста 123 түрлі есірткі қылмысы анықталса, оның 46-сы  есірткіні сатумен байланысты.

Comments (0)
Add Comment