Алматылық дәрігерлер тұрғын үйдің сегізінші қабатынан құлаған 4 жасар қызды аман алып қалды деп хабарлады turkystan.kz.
Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жазатайым оқиға 7 сәуір күні болған. 4 жастағы кішкентай қыз Алматыда тұрғын үйлердің бірінің сегізінші қабатынан құлап кеткен. Ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Түскен кезде баланың жағдайы өте ауыр болды. Дәрігерлер тексеріп оған қосарланған жарақат деген диагноз қойды.
«Бас-миы соғылып, екі өкпесі жыртылып кеткен. Әсіресе, сол жақ өкпесі қатты зақымданған. Сонымен қатар, өкпе қуысында қан, ауа жиналып қалғаны анықталды. Балаға шұғыл түрде ота жасалды. Операция кезінде біз сол жақ өкпесін тіктік. Кішкентай науқас бес күн жансақтау бөлімінде жатты. Кейін жағдайы жақсарған соң палатаға ауыстырдық. 25 сәуір күні ауруханадан үйіне шықты», – деді Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы бас дәрігерінің орынбасары Дінмұхамед Рузуддинов.
Дәрігердің айтуынша, мамандар оның жағдайын күн сайын бақылап отырады.
«Періштесі қаққан қыз баланы ата-анасы алдағы уақытта міндетті түрде оңалтудан өткізулері керек»,- деді дәрігер.