Педагогтар мектеп директоры болудан неге қашады?

Бүгінгі жаһандану дәуірі ұстаздардан көп нәрсені талап етуде. Сапалы білім мен саналы тәрбие беру арқылы балаларды заман ағымына сай бейімдеу де педагогтардың еншісінде. Әсіресе бұл тұрғыда мектеп директорларына артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Десе де, облысымызда осыған мән беруі тиіс мектеп басшыларының тапшылығы байқалуда. Бұл мәселені жуырда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өткір сын тезіне алып, 36 мектеп директорының орны бос тұрғанын баса айтты. Ендеше, педагогтар мектеп директоры болуға неге құлықсыз?

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, 31 мектептің директорлығына конкурс жарияланған. Мұның екеуі Тараз қаласына тиесілі. Сондай-ақ Жуалы ауданындағы 5, облыс орталығы мен Меркі ауданындағы 1 мектепке өткізілген конкурс нәтижесі бойынша үміткер анықталмағандықтан, қайтадан конкурс жарияланған. Осындай сәтте «Неліктен біздің мектептерге басшы бұйырмай тұр, әлде бізде бұған лайық білікті кадрлар жоқ па?» деген заңды сауал туындайды. Біз осы сұрақтарға мейлінше жауап табуға тырыстық.
Тараз қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Базарбай Дүйсенбаевтың пікірінше, қатардағы педагогтардың басшылыққа ұмтылмауының бірнеше себебі бар екен.
– Облыс әкімінің бұл мәселені қозғауы сірескен тоңды сәл де болса жібіткендей. Дегенмен бұл қаншалықты шешімін табады? Оны уақыт көрсетер. Өз басым 30-дан аса мектепте басшылық орынның бос тұруының бірнеше себебін атар едім. Біріншіден, заманмен үндес тұлғалық өзгеріс пен сабақтастықтың жоқтығы. Яғни кейбіреуі басшылыққа бейімделе алмауы мүмкін. Екіншіден, директор болуға қанша жерден ұмтылғанымен, оған педагогикалық және психологиялық тұрғыдан дайын болмауы. Себебі бабы келмесе де, бағы жанып басшылыққа барғандардың қадамы ұзаққа бармасын көз көріп, құлақ естіп жүр. Өзіндік көзқарасы мен ұстанымы мықты, шындығын жоғалтпаған басшыларға, өкінішке орай, мектептер мұқтаж. Мұның тағы бір себебі ретінде құзырлы органдар тарапынан жүргізілетін жоспарлы, жоспардан тыс тексерістерді атар едім. Соның нәтижесінде көп мөлшерде айыппұлдар салынады. Егер оны 15 күн ішінде төлемесең, екі еселенеді, ал 40 күн ішінде өтелмесе, бүкіл есепшоттарың жабылады. Сонымен қатар мектеп директорларының еңбекақысы жай педагогтардан 2 есе аз. Менің ойымша, осындай жайттар мектептердегі директор тапшылығын туындатып отыр, – дейді республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы Базарбай Дүйсенбаев.
Ал сала ардагері, өзі де бірнеше білім ордасын басқарған Нүркен Қасымованың айтуынша, мектеп директорларына шамадан тыс жауапкершілік артылған екен.
– Бұл мәселенің ең бірінші ұшы еңбекақыға тіреледі. Менің түсінбейтінім, неге өзге мемлекеттік мекемелерде басшының жалақысы қызметкерден жоғары да, мектептерде керісінше? Сондықтан да әуелі осы жағын реттеу қажет. Тағы бір айта кетерлігі, қазір директорлар тек орындаушы, ұйымдастырушы ғана болып кетті. Өз бетімен идея ұсынып, жобаларымен бөлісіп жүрген бірде-бір мектеп басшысын байқаған емеспін. Олар бірінші оқу ордасының материалдық базасына, қауіпсіздігіне көп мән береді де, оқу-тәрбие процесіне араласа алмайды. Өйткені бала бұзықтық жасаса, мектептен тыс кезде де бірдеңе бүлдірсе, оның сұрауы ата-анадан емес, директордан болады. Жазасын тартатын да – сол. Содан соң кешке шаршап-шалдығып үйіне оралатын директордан қандай тың бастама күтуге болады? Әрине, басшыға жауапкершілік жүктелуі керек, бірақ дәл мұндай деңгейде емес, – дейді Нүркен Нұрмаханқызы.
ҚР Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы №57 бұйрығына сәйкес мемлекеттік мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру ұйымының басшысы лауазымына 7 кезеңнен тұратын конкурс өткізіледі. Соған орай үміткерлер Еңбек кодексі, «Білім туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Педагог мәртебесі туралы» Заңдарды білуі тиіс. Одан бөлек, педагогика және психологиядан 120 сұрақтан тұратын тест тапсырады. Әрбір бағыттан кемінде 50 пайыздық ұпай жинаған үміткер ғана конкурсқа жіберіледі. Аталған конкурс білікті мамандардың басшылыққа келуіне кедергі келтірмей ме? Бұған қатысты да сала мамандарының айтары бар.
– Мәселен, мектепте таңнан кешке дейін сабақ беріп жүрген менің «Еңбек туралы», «Білім туралы» Заңдарды оқып, дайындалатын уақытым жоқ. Сондықтан үміткерлердің заң туралы сауалдарға жауап бере алмай, басшылыққа тағайындалмауы ақылға қонбайды. Мұғалім заңдарды білгенімен, оған қатысты қойылған сұрақтарға жүз пайыз жауап бере алады дегенге сенбеймін. Екінші жағынан алып қарасақ, заңды білмеді деп оларды кінәлайтын болсақ, бұл «Педагог мәртебесі туралы» Заңды аяққа таптағанымыз. Тағы бір айта кетерлігі, конкурстан өтіп, директор болып сайланған сол тұлғалар аттестация кезінде сүрінгендерін көзіміз көрді. Шынына келгенде, облыс бойынша өз білімін дәлелдеп, аттестация-дан өткен директорлар саусақпен санарлық қана. Сондықтан да бұл конкурс ештеңенің көрсеткіші бола алмайды. Тағы бір қоса кетерлігі, мектеп директорларын ұжымның ұсынысымен сайлаған дұрыс деп білемін. Өйткені сырттай тағайындау қоғамдық ашықтыққа жатпайды, – дейді Базарбай Рысбайұлы.
Нүркен Нұрмаханқызының да пікірі осыған саяды.
– Әрине, басшы заңды жетік білмесе де, таныс болуы керек. Бірақ білім саласы тек заңдарға ғана негізделмейді ғой. Оның үстіне мұғалімнің барлығы заңгер емес. Сондықтан алдымен үміткердің ұжыммен, ата-анамен, оқушылармен қалай тіл табыса алатынына басымдық берген жөн деп санаймын. Яғни теориядан гөрі тәжірибелік біліктілігіне ерекше екпін түсірген абзал. Қазір кез келген мектеп директорының 3-4 орынбасары бар. Соған қарамастан, конкурс-ты сылтау қылып директорларды сырттан әкеліп тағайындайды. Сырттан келген басшы ұжымның тыныс-тіршілігімен танысып, оқушылармен, ата-аналармен қарым-қатынас орнатамын дегенше көп уақытын жоғалтады. Сол себепті әрі қарай өсу болмағандықтан, орынбасарларда алға қарай ұмтылу жоқ. Қанша дегенмен олар білім ордасының «отымен кіріп, күлімен шығып», ыстық-суығына төзіп жүрген мамандар ғой. Ендеше, оларға неге мүмкіндік бермеске? Сол үшін директорлардың кадрлық резервін жасақтап, оған орынбасарларын енгізіп, басшылыққа дайындаған дұрыс секілді. Сонда бұл мәселенің шешімі де табылады, – дейді ол.
Еліміздің Білім және ғылым министрлігі жуырда «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларына ротация жүргізу қағидаларының» жобасын жария-лады. Енді білім ордаларының басшыларына бір орында көп отыруына жол берілмеуі мүмкін. Бұл науқанға мемлекеттік мектепке дейінгі, орта білім беру, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының бірінші басшылары ілігеді. Қағида солар арасындағы лауазымдық ауысу тәртібін айқындайды. Тек зейнеткерлікке шығуына 3 және одан аз уақыт қалған директорлар ғана ротациялаудан босатылады. Бұл үшін оның өзі өтініш жазуы шарт.
Сонымен, ротация 3 жылда 1 рет жүргізіледі. Бұл ретте қағидада аттестаттау немесе мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшысы қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау қорытындысы ескерілетіні баса айтылған. Яғни егер бұл сынақтардан сүрінсе, директордың ауысуы былай тұрсын, мүлдем білім беру жүйесінен қуылуы ықтимал.
Директорға бағалауды облыстардың және үш мегаполистің білім басқармасының кадр қызметі жүргізеді. Директорға берілетін баға ол басқаратын мектептегі оқу-әдістемелік және тәрбие қызметінің сапасына, білім алушыларының білім деңгейіне байланысты болады. Сонымен қатар барлық директорға ауы-судан бір рет бас тартуына мүмкіндік берілмек. Енді мұндай жүйе не үшін керек? Біріншіден, осы арқылы білім беру ұйымдары жұмысының тиімділігін және білім беру қызметтерінің сапасын арттыру мақсат етіледі. Екіншіден, бірінші басшылардың кәсіби әлеуеті мен басқарушылық тәжірибесін тиімді пайдалану көзделуде. Үшіншіден, ротация директорлардың басқарушылық біліктілігін кәсіби дамытуға және жетілдіруге түрткі болады деп күтілуде. Төртіншіден, осылайша бірінші басшылардың кәсіби тұралап қалуының алдын алу жоспарлануда. Бесіншіден, сыбайлас жемқорлыққа соққы берілмек.
Қалай дегенде де, білім саласындағы ротация кем-кетіктерді түзетіп қана қоймай, басшылықтан басын алып қашатындардың санын азайтады деген үміт басым. Бір анығы, бұрын «балаң директор болсын» деп бата беретін қазақ қоғамында бұл қызметтің қадірі түсіп кеткендей. Енді бұл лауазымды қайта беделді орнына көтеруге қанша уақыт кетер екен? Және бұған жаңа талаптар мен өзгерістер оң ықпал ете ала ма? Оны уақыт көрсете жатар. Алайда бір күтеріміз, жақын арада Жамбылдағы 36 мектептің директоры тағайындалады деген үміт. Әйтпесе басшысы жоқ білім ордасының білім сапасы туралы сөз айту да артық шығар.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Comments (0)
Add Comment