Павлодарда балабақша қызметкері төсекке жатпағаны үшін баланы соққыға жыққан. Оқиға мектепке дейінгі мекемеде орнатылған бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Қызметкер жұмыстан босатылып, оған қатысты материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Кадрларда балабақша қызметкері кішкентай қызды ұстап алып, қалай төсекке күштеп жатқызғаны, кейін үстін жауып, қолымен бірнеше рет ұрғаны көрсетілген.
Қалалық білім бөлімі мәліметінше, оқиға Павлодардағы №4 балабақшада болған. Баланың анасы мектепке дейінгі мекеме әкімшілігіне қызының аяғындағы көгерген жеріне шағымданған.
«Бейнебақылау камерасын тексеру кезінде тәрбиеленуші кереуеттің шетіне өзі соғылғаны анықталды. Алайда камералардан жазбаларды одан әрі қараған кезде тәрбиеші көмекшісінің «Б» кіші тобының тәрбиеленушісін ұрғаны анықталды. Бұл жағдай 9 тамызда ұйықтайтын бөлмеде балаларды күндізгі ұйқыға жатқызу кезде болған», – деп түсіндірді Павлодар Білім беру бөлімі өкілі.
Ведомство мәліметінше, мектепке дейінгі ұйым басшысының міндетін атқарушы және кіші топ тәрбиешісінің көмекшісінен түсініктеме алынған.
«Жұмыс берушінің бастамасымен кіші топ тәрбиешісі көмекшісінің еңбекшарты бұзылды. Дұрыс бақыламағаны үшін мекеме басшысының міндетін атқарушыға сөгіс түрінде тәртіптік жазалау шаралары қабылданды», – деді Павлодар қаласының білім беру бөлімі қызметкері.
Барлық материал құқық қорғау органдарына жіберілген.