Павлодар облысында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама жұмыс істеген екі аптаның ішінде ұйымдастырушыларға өз кәсібін бастағысы келген қыз-келіншектерден жалпы сомасы 225 миллион теңгені құрайтын 15 жоба түсті,–деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі nege.kz сайтына сілтеме жасап.
«15 қазаннан бастап облыста әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған «Бизнестегі әйел 2021» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін еліміздің жетекші орындағы екінші деңгейлі банктерінің бірі екі миллиард теңге бөлді. Кәсіпкер әйелдер пайыздық мөлшерлемесі 5-7%-ы құрайтын 15 миллион теңгеге дейінгі несиені 7 жылға дейін рәсімдей алады», – деп хабарлады Павлодар облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы.
Басқарма мамандары өткен жылы осы банк жастар кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған несиелеу бағдарламасын жүзеге асырғанын еске салды.
Сондай-ақ, басқармадағылар «коронадағдарысты» жылдан кейінгі Павлодар облысының іскери климаты туралы да айтып берді.
Үстіміздегі жылдың 10 айы ішінде өңірдегі шағын және орта компаниялардың саны өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 мыңға артқан. ШОБ өнімдерінің көлемінің өсімі 60 миллиард теңгені құрады. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы оң динамиканың орын алуын Business Ertis өңірілік бағдарламасының жүзеге асырылуымен байланыстырады.
Басқарма мамандары инвестициялық климат туралы: «Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының нәтижелері бойынша инвестициялар көлемі 367,2 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 106,7%-ға артты», – деп хабарлады.
Инвестициялық жобалардың 2025 жылға дейінгі өңірлік пулына жалпы сомасы 2 триллион теңгеден артық 186 жоба енгізілген. Оларды іске қосу 10 мыңға жуық жұмыс орындарын құруға және экспорт көлемін бір ширектен аса межеге ұлғайтуға мүмкіндік береді деп болжануда.
«Биыл жалпы сомасы 344 миллиард теңгені құрпйтын жеті жаңа жоба тартылды. Арнайы экономикалық аймақ аумағында іске қосу мерзімдері 2021-2025 жылдарға жоспарланған 18 жоба жүзеге асырылып жатыр. Сонымен бірге, АЭА аумағында жұмыс істеуге әлеуетті инвесторлармен жалпы сомасы 56,7 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұл жобаларды жүзеге асыру 658 жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», – деп нақтылады басқарма мамандары.
Кәсіпкерлік басқармасында бизнесті мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау туралы да айтып берді. Атап айтқанда, Павлодар облысындағы ірі шыны өндірушілердің бірі «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алды. 3,8 миллиард теңге көлемінде қаржыландыруға ие болған компания Еуропадан құрал-жабдықтар сатып алып, жаңа цехтің құрылысына кірісті. Жалпы, жыл басынан бері өңірде «Қарапайым заттар экономкиасы» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 7,4 миллиард теңгені құрайтын 47 жоба қолдауға ие болды.