Павлодар облысының Ақтоғай ауданында далаға картоп пен сәбіз үйіндісі тасталған, – деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға куәгерлері Instagram-ға айдалада қалған, үйілген көкөністі видеоға түсіріп, жариялаған. Видеода ондаған адам сәбіз бен картопты мөшекке салып жатқаны көрсетілген.
Ауыл шаруашылығы басқармасы бұл жағдайға байланысты пікір білдірді.
«Бұл рефакция деп аталады. Әртүрлі дақылда жалпы егін жинаудың белгілі пайыздағы рефакциясы болады. Одан бөлек, картоп пен сәбізді отырғызу кезінде стандартқа сай емес өнімдер жарамсыз тауар болып қалады», – деді ведомство өкілдері.
Бұл жерде әңгіме ұсақ, бүлінген, тауарлық түрін жоғалтқан өнімдер туралы болып отыр.
«Бұл барлық шаруа қожалығында бар тәжірибе, сондықтан халық өз қажеттіліктері үшін осындай өнімдерді оңай сұрыптап, ала алады», – деді ведомство өкілдері.