Парсы патшасы Кирдің басы Жамбыл жерінен табылғаны рас па?

Жуалы ауданы, Теріс ауылы маңында 5 жылдан астам уақыт бойы қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Ежелгі қалашықтың қазба жұмыстары кезінде ол қаланың астында біздің дәуірімізге дейінгі ІІ және біздің дәуіріміздегі І ғасырларда өмір сүрген қала жұртының орны табылып отыр. Тарихшы, академик Карл Байпақов қала орнынан табылған 3 мыңнан астам жәдігер мен ғимараттың соғылу үлгісіне қарап, оны Қаңлы мемлекеті дәуіріне жатқызған болатын. Қала орнында жүргізілген археологиялық жұмыстар еліміздің ғана емес, көптеген шетелдік тарихшыларды да қызықтырып отыр.

Қала орнының бір бөлмесіндегі қазба жұмыстарының нәтижесінде адамның бас сүйегі табылды. Ол адамның бас сүйегі ескі қала тұрғындарының немесе Орталық Азия, Қытай елдерінің бас сүйегіне еш ұқсамайды. Сол кезде мекен еткен халықтардың бас сүйегінің өзгеріске қатты ұшырауы мүмкін емес. Зерттеулерге сүйенсек, бұл бас сүйегі Парсы елдеріне тән. Себебі кезінде Сахара жерінде итальяндық археологтар Кирдың баласы Камбис ІІ армиясының сүйектерін тапқан.

Ежелгі Грек тарихшылары мәліметіне сәйкес біздің заманымызға дейін 525 жылы Камбис 50000 әскерін Сива өзеніне жорыққа шығады. Ондағы мақсат – Египеттегі Амон храмын талқандау. Бір аптадан кейін парсы әскері Харта оазисіне келіп жетеді. Ол жерден шыққан кезде Сахара шөліндегі дауылға түсіп жоқ болып кетеді. Итальяндық археологтар көптеген адам сүйектерін, ыдыс-аяқтар, қару құралдары және басқа заттарды тапты. Итальяндық археологтардың пайымдауынша бұл заттар Археменидтер дәуіріне тән. Табылған бас сүйегі сол замандағы Парсы елдерінің бас сүйегіне жақын, әрі қатты ұқсастықтары бар.

Сондай-ақ бұл бас сүйегі 2200 жылдан астам тарихы бар «Хан ордасынан» табылып отыр. Сол кездегі тарихи оқиғаларға сүйенсек Томирис пен Кир арасындағы соғыстан қалған кейбір деректер бар. Соғыс аяқталғаннан соң Кирдің тек денесі қайтарылып, бас сүйегі қайтпаған.

Геродоттың «Тарихын» тыңдаңыз. 212-бапта былай дейді: «Томирис патшайым: Қанішер Кир!.. Сен енді менің ақылымды тыңда. Тұтқынға түскен ұлымды өзіме қайырып бер де, аман-есеніңде ата жұртымнан табаныңды жалтырат, массагеттердің әскерінің үштен бірін алдап арандатқаның да жетеді. Егер де сен менің бұл айтқанымды істемесең, Күн Тәңірінің атынан ант етемін, қанша қомағай болсаң да, мен сені қанға тұншықтырамын, – деді». Ал 214-бапта Геродот шайқастың қалай өткенін, парсы әскерінің барлығы майдан даласында жер жастанғанын, Кирдің өзі де сонда қаза тапқанын жазады». Кирдің бейіті Персеполис жерінде тұр. Иә, Кирдің денесі сонда жатыр.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Иран археологтары Пасаргадтағы Кирдің қабірін ашуға ұйғарады – Томирис ханым жөніндегі аңыздың шындығына көз жеткізгісі келеді. Қабірді ашқан кезде расында да Кир патшаның басы жоқ болып шығады.

«Қондыгер-қаңлы» атты көлемді зерттеудің авторы – көрнекті қаламгер, танымал зияткер, марқұм Таласбек Әсемқұловтың осы еңбегі ел назарын аудартқан болатын. Сол еңбекте Кирмен Тұмар патшайым шайқасы жайлы Иран-Парсы елінде ежелгі тарихи кітаптарына сүйеніп жазған. Еліңнің тарихын білгің келсе, соғысқан елдің архивінен ізде. Сол көне Парсы тарихында сол кездегі тарихи оқиғаларды кітаптарына жазып кеткен.

Сол ағамыздың «Қондыгер-қаңлы» еңбегінде: «бiздiң аталарымыз өздерiн өздерi «қондыгер» немесе «қаңлы» деп атапты. Ал әлемдiк ғылым әлi күнге дейiн пайдаланып келе жатқан «скиф» терминi – ол гректiң экзоэтнонимі. К.Т.Витчек пен С.В.Кулланда бұл сөзді көне гректің «skuda-te», яғни «лучники» – «садақшылар» немесе «жебелі жауынгерлер» деген сөзінен шыққан деп түсіндіреді («Википедия»). Ешқашанда қондыгер немесе қаңлы жойылып кетіп, орнына хұн пайда болған емес. Қондыгер- қаңлы мен хұн үшеуі бір-ақ халық. Төңіректегі көршілес халықтар біз туралы ешқашан ұмытпаған, әсіресе парсылар мен қытайлар. Бәрін былықтырып, бүлдіретін теріс ниеттегі бұрынғы сарай тарихшылары.

Кім көрінген көзге шұқып, кемсіте беретін кешегі кер кезеңде бір тарихшы ғалымсымақ Ермұхан Бекмаханов ағамызға қазақ тарихында Кирді жер жастандырғанды жазатын бір бет қана бар ғой деп мұқатпақ болғанда ол кісі жай ғана жымиып қойып: «Да, но на этой единственной странице скифской истории уместилось все человечество» деп жалғыз сөйлеммен ана кісінің аузына құм құйған екен. Ол оқиға – әлем тарихын өзгерткен оқиға. Сол оқиға – қазақ даласында болған оқиға».

Осы бас сүйегі табылғаннан кейін ұйымдастырушы Ескендір Төребеков археологиялық қазба жұмыстарын  ұйымдастырушы және Алматы қаласы Ә.Х.Марғұлан атындағы арх еология институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к Дөкей Төлеев қазба жұмыстарын жүргізуші мен бірге сол институтқа бардық.

Ондағы мақсатымыз – осы бас сүйектің жасын анықтау. Ол бас сүйек сонда болатын. Біз сол РФ Ғылым академиясы этнология және антропология институтының ғылыми қызметкері Егор Китовпен жолықтық. Ол онда келісімшарт арқылы жұмыс жасайды екен. Бас сүйек бір үлкен кабинеттің ішінде полкалардың жоғарғы жағында тұр екен. Жалпы осы бөлмеде қазба жұмыстардан табылған адам сүйектері картон каробкаларда салынып тұр. Каробка сыртында қай жерден, қай ғасырға шамамен жататындығы жазылған мәліметтер бар. Мен сол маманға осы бас сүйекті анықтай алдыңыз ба деп сұрақ қойдым. Ол кісі ол үшін оны Ресейге немесе шетел лабороторияларына зерттеуге жеткізу керек, Қазақстанда жасай алмайтындығы және қымбатқа түсетіндігін айтты. Істің бітпейтінін білген соң сол бас сүйекті Дөкей ағаның кабинетіне апарып, сейфке салғыздым. Өйткені ол жерден сүйектерді сақтауын көріп бүртүрлі бола қалдық. Біздің ежелгі патшаларымыздың, бабаларымыздың, хандарымыздың, батырларымыздың сүйектері дегенге көңіліміз сенбесе де, көзімізбен көрдік. Дамыған елдерде тарихи артефактарды, сурет өнері туындыларының түпнұсқасын сақтандыруға, тіпті атақты сақтандыру компанияларының дәті бармайды. Себебі ол қымбат тұратын дүние.

Шынында да осы бабаларымыздың сүйек қаңқаларын зерттегеннен кейін неге қабір басына қайта жерленбейді. Сол бір кабинетте сақталып тұрғанынан не пайда? Оған жауап, қаржының бөлінбеуінде. Біздің еліміздің тарихқа деген көзқарасында жатыр. Кезінде «Алтын адамды» «Есік Қорғанынан» 1969 жылы тапқан Кемел Ақышев сол сүйектерін қайта жерлеу керек деп айтып еді. Сол «Алтын адамның» кезінде басы да жоғалып кетті. Ғаламтор желісінде қайта жерленеді деп айтқан болатын. Бірақ әлі де жүзеге аспаған сияқты. Ендігі кезекте осы табылған бастың Құрыш патшаның басы болуы ықтимал. Оған бірнеше дәлелдер келтіріп көрейік:

  1. Жуалыда қазба жұмыстарындағы табылған артефактар, хан ордасының соғылуы біздің дәуірге дейін 2 мың жыл бұрын Қаңлы мемлекетінің жазғы астанасы Битьян-Бетен қаласы болуы. Оған Л.Баровкова «Царства Западного края» енбегінде Жамбыл қазіргі Тараз маңында Битьян-Бетен қаласы болғанын көрсетеді.
  2. Тұмар ханшайым мен Құрыш патшаның соғысы б.з.д 539 жылы Сыр бойында, Қаңлы мемлекетінің жерінде болды. Қытайдың «Хәннама. 96-бума. Батыс өңір баянында»: Қаңлы «ханның қысқы ордасы Лыюенидиде» (Логанток, Сыр бойында, Шыршық өзенінің аңғарында). Ал жазда Битьян қаласына (Жамбыл маңы) көшеді. Битьян – Чаң-аннен 12 мың 300 ли шалғай жер. Қытай тарихшысы Сыма Цянь «Тарих жазбаларында қаңлы тайпалар одағында 120 мың түтін, 600мың адам, 120мыңға дейін әскер болған. (б.з.д ІІғ).
  3. Сол хан ордасында табылған көмірдің қалдықтары зерделеу нәтижесінде 19 ғасыр өтті. Қала ордасының сақталуы кетер кезінде орда бөлмелерін топырақпен толтырып, есік-терезелерін жабылып кеткенінен жақсы сақталып отыр. Демек соңғы адамдар сол кезде қаланы тастап кеткен, келешекте қайтіп келеміз деп. Соның арқасында көптеген жәдігерлер жақсы сақталған.
  4. Табылған бас сүйегі мен Кирдің баласы Камбис ІІ Сахара шөлінде табылған әскерлерінің бас сүйектеріне ұқсас. Яғни Парсы елдеріне тән.

Енді осылардың бәрін айта келе осы табылған бастың сүйегін зерделеп, ДНҚ генін анықтап, шын мәнінде қай уақытта, қай адамның басы болуы мүмкін деген ойға қаламыз. Ол әрине, жай адамның басы емес. Ол бір елдің патшасының басы. Мүмкін Кир патшаның, әлде басқа ма?! Оған мемлекет тарапынан зерттеу жұмыстарына қаржы бөліп, анықтау қажет.

Бақтияр КӨПБОСЫНОВ

Comments (0)
Add Comment