Қарағандыдағы жедел жәрдем қызметінде жанжал шықты. Дәрігерлер басшылық дөрекілік көрсетті деп шағымданды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Дөрекілік танытқан басшылықтың аудиожазбасы әлеуметтік желіге тарап кеткен. Енді қарамағындағылар құқық бұзушыны жұмыстан шығаруды талап етіп жатыр.
«Арман Ерлікұлы бізді балағаттай бастады. Паразиттер екенімізді, нанымызды адал еңбекпен таппағанымызды айтып, жезөкшелер деп айыптады. Содан кейін қатты ауырдым, өзіме келе алмадым», – дейді Қарағанды облыстық «Жедел жәрдем» стансасының қызметкері Анна Якупова.
Қазірдің өзінде 17 дәрігер мен фельдшер наразылық пен шағымға қол қойды.
«Жедел іздестіру қызметкерлерімен ұсынылған материалдар бойынша аталған қызметкерге сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы қаулы шығарылды. Олар өздерін қорлады деп отыр. Мен таспадағы жазбадан қорлық сөз естіген жоқпын», – дейді Қарағанды облыстық жедел жәрдем станциясының директоры Зүлфиқор Әбілқасымов.
Бастық тарапынан жасалған үстемдікке шағымданған фельдшерлер енді бұған шыдай алмайтынын айтты.
«Түсіргіміз келді. Оның зұлымдығынан, қара сөзінен шаршадық. Бізді министрлік пен Қарағанды қаласының әкімі тыңдаса дейміз», – дейді «Қарағанды облыстық жедел жәрдем станциясы» КМК операция бөлімінің аға дәрігері Гүлчехра Райымжанова.
Қызметтік тергеу жалғасуда. Оның жедел жәрдем станциясындағы нәтижелері кейінірек жарияланады деп уәде етілген.