Паратаеквондошы Нышан Өмірәлі өмірден өтті

Қазақ спорты ауыр қазаға ұшырады. Паратаеквондодан Қазақстан Республикасының ұлттық құрама мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жерлесіміз Нышан Өмірәлі мезгілсіз дүниеден өтті.

Нышан Елубайұлы Өмірәлі 1993 жылы 11 мамырында Жамбыл облысының Қаратау қаласында дүниеге келген.

Спорттық жолын 2004 жылы жаттықтырушысы, марқұм Ернұр Нарбековтің қол астында бастап, 2008-2013 жылдар аралығында Сауран Ахметовтің қол астында жалғастырды.  2014 жылдан «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының» тізіміне енгізіліп, 2016 жылдан бері жеке бапкері Нұржан Есілбаевтің қол астында тұрақты түрде шұғылданды.

Ол осы жылдар аралығында Әлем чемпионатының жеңімпазы (Мәскеу-2014), Еуропа чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері (Белек-2014, Кишинев-2015, Варашава-2017), Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Самсун-2015), IWAS Бүкіләлемдік ойындарының жеңімпазы (Сочи-2015), Ашық Азия чемпионатының жеңімпазы (Манила-2016), Азия чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері (ЧинЧен-2017, Хошимин-2022, Бейрут-2023), Қазақстан Республикасының 5-ші Спартакиадасының жеңімпазы (Атырау-2017), Әлем чемпионатының жеңімпазы (Лондон-2017), Азиялық квалификациялық турнирінің жеңімпазы (Амман-2021), Әлемдік Гран-При халықаралық турнирінің қола жүлдегері (София-2022, Париж-2022 ), Жазғы Пара Азия ойындарының күміс жүлдегері (Ханчжоу-2023), XVII жазғы Паралимпиада ойындарының қатысушысы (Париж-2024) сынды айтарлықтай жетістіктерге жетті. 

Нышан Елубайұлының отбасы, жақындары мен ағайын-туысының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Аз ғана ғұмырында талай игі ісімен көптің көңілінде қалған, тағдырдың талай қиындығын көрсе де мойымаған, жаны жайсаң чемпионды Жаратқан панасына алсын!

Comments (0)
Add Comment