Пандемияда пайда тапқысы келген дәрігерлер жазасын алды

Бүгінде «Жемқорлық індет – жою міндет» деген ұранды «айта-айта Жамал апам да қартайғаны» жасырын емес. Әйтеуір «түйені түгімен, вагонды жүгімен» жұтатындардың саны азаймай тұр. Ал әлемдік пандемияны сылтауратып, қазына қаржысына қол салғандарға не дерсің?

Естеріңізде болса, жыл басында мұндай дерек Жуалы ауданында тіркеліп, дүйім жұрттың жағасын ұстатқан болатын. Міне, осы медицина мамандарына сот үкімі шығып, алды төрт жылды арқалады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің бастығы Әділхан Әшірбаевтың айтуынша, Жуалы аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Байториев, аурухананың әкімшілік бөлімінің басшысы Оманов және есепші-кассир Мырзалиева коронавирусқа қарсы күреске тартылған қызметкерлердің үстемақыларын заңсыз жинап отырған. Нәтижесінде 22 медицина қызметкеріне 2,7 миллион теңге залал келтірілген.
– Жуалы аудандық сотының үкімімен олар 3-4 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Осыған ұқсас оқиға Жамбыл аудандық орталық ауруханасында да орын алды. Онда бас дәрігердің орынбасары, инфекциялық стационардың дәрігері және бас медбике қызметкерлерге 1,8 миллион теңге көлемінде залал келтірген. Бұл іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор басшылары тарапынан да жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстары бар. Облыс деңгейіндегі 2 басшы мен қала, аудан деңгейіндегі 4 басшы ұсталды. Жалпы есептік кезеңде 34 қылмыстық іс сотқа жолданды, заңсыз іс-әрекеттері үшін 36 тұлға қылмыстық жауапқа тартылды, – дейді Әділхан Хасымханұлы.
Департамент тарапынан ауыл шаруашылығы субсидияларын бөлу жұмыстарына да ауқымды зерделеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде бұл бағытта да балға бармақ батырғандардың заңсыз әрекеті әшкере болып, қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр. Атап айтсақ, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Искаковаға, оның жолдасы Кулдашовқа және азамат Карибаевқа қатысты ҚР ҚК-нің 190, 364-бабы, яғни ауыл шаруашылығы мақсаттарында заңсыз субсидиялар алу және оны ұрлау деректері бойынша тіркелген қылмыстық іс қазан айында сотпен қаралып, оларға 5-7 жыл аралығында бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ 32,9 миллион теңге көлемінде келтірілген залал өндірілді.
Бұдан бөлек, шенділер арасында мемлекеттік сатып алуды майшелпекке айналдырып алғандар да жетерлік. Мәселен, департаменттің зерделеу жұмыстарының нәтижесінде мемлекеттік сатып алу жоспары қайта қаралып, 1 миллиард теңгеден аса бюджет қаражаты үнемделген. Атап айтсақ, Сарысу ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі 1 дана акустикалық жүйе құнын 213 250 теңге деп жоспарласа (жалпы құны – 8 дана үшін 1 706 000), тура сол көрсеткіштегі акустикалық жүйенің нарықтағы бағасы 90 000-100 000 теңгені құрайтыны белгілі болған. Департаменттің ұсынысымен нарықтық баға негізінде оның сомасы қайта қаралып, жалпы 1,0 миллион теңге көлемінде қаржы кері қайтарылған. Сол сияқты жоспарлау барысында Сарысу ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің «Жаңатас-Су-Жылу» мекемесі 1 дана жұмысшы киімінің комплект құнын 24 000 теңгеден, барлығы 3 120 000 теңгеге 130 дана жұмысшы киімін сатып алмақшы болған. Департаменттен жіберілген ұсыныс хаттың арқасында бағалар қайта қаралып, 500 000 теңге үнемделген.
Онымен қоса, есептік кезеңде 8 мемлекеттік органдардың, оларға қарасты мекемелердің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліп, оның қорытындылары бойынша 104 ұсыныс жасалған.
Мониторинг және сыртқы талдау нәтижесінде 24 миллион теңгеге заңсыз төлемдер анықталып, қазіргі таңда оның 4,9 миллион теңгесі бюджетке кері қайтарылып отыр. Атап айтсақ, санитариялық-эпидемиологиялық департамент және оның аумақтық бөлімшелерінің іс жүзінде демалыста болған қызметкерлерге коронавирус эпидемиясына қарсы іс-шараларға қатысты деп негізсіз үстемақы төлеу фактілері анықталған. Талдау қорытындысымен, қызметкерлер 1 250 000 теңгені құрайтын негізсіз төленген үстемеақыны қайта қазынаға құйған.
Міне, осылайша жамбылдық шенділер қазына қаржысын жымқыруда алдына жан салмай отыр. Әсіресе сыбайластыққа медицина мамандары барып, ел басына күн туған қиын сәтте ұлтын емес, құлқын ойлағаны іш қынжылтады.
Жоғарыда аталған мамандардың жазаға тартылғаны өзгелерге сабақ болады деп сенеміз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Comments (0)
Add Comment