Пай-пай, қазақтың келіндері-ай!

«Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай!» атты жас келіндер байқауы өтті. Жарысқа Байзақ, Жаңатас, Сарыкемер және Шөлдала ауылдарынан 10 келін қатысты.

Байқауда жас келіндер сегіз түрлі тапсыр- ма орындап, өздерінің ептілігі мен пысықтығын көрсетті. Атап айтқанда, бірінші кезең бойынша «Келін кескен кеспе», «Шебердің қолы алтын», «Шашбаулым», «Келін шайы», «Сыр-сымбаты келіскен» тапсырмаларына сәйкес нан жаю, алжапқыш тігу, шаш өру, шай құю болса, екінші кезең тапсырмаларына сәйкес «Менің отбасым – менің бақытым!» жанұясын таныстыру, «Сыр-сандық» сұрақ-жауап сайысы, «Ана әлдиі» бесік жырын айтып беру жүктелді.
Сайысқа қатысқан нәзікжандылар ізгілік пен ілтипаттың ізетін таныта жүріп, білектері майысып отырып, қонақтарына сүт қатып шай құйды.
Ептіліктің сырын танытып, шетін кертпей қамыр жаюға тырысып, қылдай етіп кеспе турады. Тігісіне ас үйдің тіршілігін тұндырып, алжапқыш тігіп, бар өнерін салып қыздардың шашын да өрді.
Байқау қорытындысында Жансая Жантелі қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, I орынға ие болды. Ал Балнұр Данияр мен Жазира Беркен II орынды өз- ара бөлісті. Мариям Айданова мен Аяулым Расилова үздік үштікті түйіндеді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment