Пай-пай, қазақтың келіндері-ай!

«Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай!» атты жас келіндер байқауы ұйымдастырылды.
Сырғасы сыңғыр қағып, күміс күлкісі тау бұлағының сылдырына астасқан көктем-келіншектердің, табалдырық аттап, отқа май салып, 000 шымылдырыққа енген керім күнінен бері қазан-ошақтың құлағын ұстап, бір шаңырақтың бала келінінен, дана келініне атану үшін төккен тер мен атқарған еңбегі орасан болатыны анық. Ата мен ененің асты үстіне шығып, бәйек болудан бастап, барша қайын әпке қайын сіңілі мен қайын інінің көңілінен шығу тағы бір тарих. Сол бір үйдің түтінін түтетіп, ұршықша иіріліп, таңмен таласып түңдігін түрген пысық келіндердің сайысы ғибратқа толы еді.
Мұнда келіндердің нан жайып, қамырды шаштай етіп турауы, ибасы мен инабатын асырып отырып шай құюы, ісмерлігін танытып, ас үйге арнап тіккен алжапқышының әрбір тігісі сынға түсті.Тәрбие мен әдет-ғұрыптарын қайта жаңғыртуды, оны сақтауды мақсат еткен байқауға Байзақ, Жаңатас, Сарыкемер, Шөлдала сынды ауыл-аймақтардан жалпы саны 10 келін қатысты.
Байқауда жас келіндер сегіз түрлі тапсырма орындап, өздерінің ептіліктері мен пысықтықтарын көрсетті. Атап айтқанда, бірінші кезең бойынша: «Келін кескен кеспе», «Шебердің қолы алтын», «Шашбаулым», «Келін шайы», «Сыр сымбаты келіскен» тапсырмаларына сәйкес, нан жаю, алжапқыш тігу, шаш өру, шай құю болса, екінші кезең тапсырмаларына сәйкес, «Менің отбасым — менің бақытым!» отбасын таныстыру, «Сыр – сандық» сұрақ-жауап сайысы, «Ана әлдиі» бесік жырын айтып беру қамтылды. Байқаудың ашылу салтанатын «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Иниятқызы құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Менің енем – алтын тәжім. Маңдайымды сүйеп, балаларымды қарап, жамандығымды жасырып, жақсылығымды асырып отырған асыл жан. Аттаған табалдырығымның босағасын алтындай құрметтеймін. Қандай да бір жеңіске жетер болсам, ол менің ата енемнің арқасы деп ойлаймын – деді байқауға қатысушы жас келін Жансая Жантелі.
Сайысқа қатысқан нәзікжандылар ізгілік пен ілтипаттың ізетін таныта жүріп, білектері майысып отырып қонақтарына сүт қатып шай құйды. Ептіліктің сырын танытып, саусақтары майысып шетін кертпей қамыр жаюға тырысып, қылдай етіп кеспе турады. Тігісініе ас үйдің тіршілігін тұндырып, алжапқыш тігіп, бар өнерін салып қыздардың шашын да өрді.
Байқау қорытындысына сәйкес, Жансая Жантелі оқ бойы озық шығып I орынға ие болды. Ал Балнұр Данияр мен Жазира Беркен II орынды өзара бөлісті. Мариям Айданова мен Аяулым Расилова III орынмен марапатталды.

Comments (0)
Add Comment