Пәтерге мұқтаж азаматтарға үй беріледі

Жаңатас қаласында 104 көпқабатты тұрғын үй (6 650 пәтер) бар. Оның ішінде, 28-і коммуналдық меншікте, кондоминиум нысандары ретінде 76 тұрғын үй тіркелген. Жаңатас қаласындағы 2 шағын аудандағы №32 ші 90 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйді қайта қалпына келтіруге қазынадан 554 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Сондай ақ биыл қайта қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау үшін – 113 миллион теңге және аталмыш тұрғын үйге инфрақұрылым нысандарын тарту мен ауласын абаттандыруға 72 миллион теңге қаралып отыр. Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй сатып алуға 143 миллион теңге бөлінді. Биыл пәтерге мұқтаж бюджет қызметкерлерінің 90-ына үй беру жоспарланып отыр. Өткен жылы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан 3,2 миллиард теңгеге – 263 пәтер сатып алынып берілді. «Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы» аясында қаладағы үйлерді жөндеу жұмыстарына бюджеттік кредит ретінде республикалық бюджеттен 410 миллион теңге бөлініп, 12 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта республикалық бюджеттен әлеуметтік осал топтағы тұрғындарды үймен қамту үшін 1,8 миллиард теңге бөлінетін болады. Аталған қаржыға Жаңатас қаласындағы №1 шағын аудандағы 80 пәтерлі №45 көпқабатты тұрғын үй қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі және №6 шағын ауданнан 5 қабатты 60 пәтерлі жаңа үй салынатын болады. Бүгінгі күнде, 6 шағын ауданнан кәсіпкерге 0,8 гектар жер телімі беріліп, жаңа тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталды. Аталған жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтауды жоспарланып отыр.

Елдімекендерді газдандыру және таза ауызсумен қамту жұмыстары да ауданда қолға алынған. Бүгінгі күні аудандағы 14 елдімекендегі 39582 адамды (Жаңатас – 25,8 мың адам) табиғи газбен қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Газдандыру жобасы бойынша 13 елдімекенге (Жаңатас қаласынан басқа) сыртқы және ішкі құбырлары жүргізілді. Үкімет тарапынан қосымша 5,7 миллиард теңге бөлінсе, биыл аудан тұрғындарының игілігіне газ беріліп, газбен қамту деңгейі елді мекен саны бойынша 76 пайызға, ал халық санымен 94 пайызға жеткізілмек. Ал бүгінгі күні аудандағы елдімекендердің басым бөлігі орталықтандырылған таза ауыз су жүйесімен қамтылған.

Саудакент, Жайылма, Маятас ауылдарын таза ауыз су жүйесімен толық қамту үшін облыстық және республикалық бюджетке жалпы соммасы 2,1 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім берілген. Бұл жобалар қаржыландырылса құрылыс жұмыстарын бастау күтілуде.

Comments (0)
Add Comment