Отыз жылдық мерейлі белес

Таразда мәслихаттардың мерейтойы кең көлемде аталып өтті

Егемендік жылдары жергілікті мәслихаттар еліміздің жарқын болашағы жолында билік пен бұқара арасында алтын көпір орнатқаны сөзсіз. Соның арқасында мәслихаттар халық мүддесін қорғауда алдыңғы шепте тұрған, елге адал қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен тұлғалардың ортақ шаңырағына айналды.

Биыл Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Соған орай Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, зиялы қауым өкілдері мен сала ардагерлері қатысты.
Әуелі аймақ басшысы сөз алып, ізгі тілегін жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен соңғы жылдары еліміз үшін аса маңызды саяси реформалар жүзеге асып, өз жемісін беруде. Саяси реформалардың басты мақсаты – еліміздегі басқару жүйесінің тиімділігін арттыру. Біз осы реформалар арқылы саяси жаңғыруға, «Әділетті Қазақстанды» құру жолына қадам басып келеміз.
Мәслихат – Қазақстан Республикасының қолданыстағы Заңнамаларына сәйкес, халықтың еркін білдіретін, өңірлерді әлеуметтік-экономикалық реттеудің елеулі өкілеттіктеріне ие негізгі институт. 1994 жылы 7 наурызда Жамбыл облысының 35 сайлау округінде өткен сайлау нәтижесінде облыстық мәслихат депутаттарының жиналысы құрылды. Осы уақыт аралығында мәслихат құрылымы халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін атқарып келеді. Жамбыл облыстық мәслихатының барлық 8 шақырылымының депутаттары 30 жыл ішінде стратегиялық жоспарларды іске асыру мен облыстың дамуына өз үлестерін қосуда.
Қазіргі уақытта облысымыздың тыныс-тіршілігіне қатысты барлық маңызды мәселе – мәслихат назарында. Сондықтан, мәслихаттың өңір өміріндегі орны мен халық көкейіндегі сауалдардың шешімін табудағы рөлі орасан. Бүгінгі мерейлі сәтті пайдалана отырып, халық аманатын арқалаған және оны өз мезгілінде жоғары жауапкершілікпен атқарған халық қалаулыларына, яғни сіздерге шынайы алғысымды білдіргім келеді. Тәуелсіз еліміз үшін атқарып жүрген қызметтеріңіз абыройлы да жемісті болсын! – деген Ербол Шырақпайұлы бірқатар халық қалаулысына «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарын табыстады.
Бұдан кейін облыстық және қалалық мәслихаттардың төрағалары –Абдалы Нұралиев пен Кенжебек Олжабай, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Мойынқұм аудандық мәслихатының депутаты Бағлан Жүнісбеков әріптестерін мерейтойларымен құттықтап, ақжарма лебіздерін арнады.
Салтанатты жиын әулиеаталық өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен түйінделді.

Comments (0)
Add Comment