Отбасының орнын басқан орталық

Бала – өмірдің мәні, жанның шуағы, көңілдің гүлі. Баласыз адам мәңгілік ғаріп болып ғұмыр кешетіні анық. Осы бір кішкентай ғұмыр иесі жаныңды нұрландырып жібереді. Оларда бәрі шынайы, кіршіксіз. Сондықтан бала біткенді періште дейміз. Бірақ сол періштеден де түрлі жағдайға байланысты бас тартып жататындар бар. Жанға бататыны да – осы.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Балалар үйін бүгінде өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы деп атайды. Иә, өмірлік қиын жағдайға тап болған сәтте де бала құрсақты жарып шығады, туылады. Бұл – ешқандай заңдылыққа бағынбайтын, ақыл тыңдап, кейінге қалдырылмайтын табиғи құбылыс. Дүние есігін ашар сәт жетті болды, бұл процесс дамылсыз, еш кедергісіз іске асырылатыны анық. Әрине, бейкүнә бөбекке тыстағы ғұмыр беймәлім. Шақалақ дүние есігін ашуға ғана талпынып, өмір сүру үшін, ана мейіріміне қанып, әке құшағын қуанышқа толтырып, отбасын бақытқа кенелту үшін ғана алға, жарық күнге, нұрға қарай талпынады.
Туылды!

Иә, былай қарасаңыз, түк жазығы жоқ. Бірақ кейде оларды да жазықсыз жазғырып, дүниеге келгені үшін ғана жазалап жатады. Себебі ойланбай от басқан оң босағадағы қыз-анасының абыройын төгіп, әке болуға құмартпаса да жігіттің опасыздығын паш етіп, әлі мұндай абыройсыз һәм тосын «жаңалықты» күтпеген ата-әжесін ұятқа қалдырып туылғаны үшін. Жазықсыз! Бірақ жазықты…

Аяулым 18-ге толғанда әкесі темір тұлпар мен қала орталығынан үш бөлмелі пәтер сыйлаған. Сол – сол екен, достары көбейе түсті. Жалғыз тұратын жас қызды, әсіресе, жігіттер жағы құрметтеп, жақсы көріп, жиі сезім білдіретін болды. Бірде өзі ұнатып жүрген жігіт қонаққа келді. Алдады, арбады, ақыры қармағына түсіріп, екі ай сол үйде жүріп, кейін қыздың аяғы ауырлағанын естігенде тайып тұрды. Құрсағына біткен бала үшін бар қиындықты өз мойнына алған қыз жұрт көзінен тасада туып алды. Ата-анасы өз атына жаздырып, жиен немересін бауырына басты. Дәл осы уақытта дүниенің екінші бұрышында Іңкәр есімді қыздың құрсағына біткен баладан да жігіті бас тартып жатты. Ата-анасы да қызының оң босағада отырып тапқан баласынан безінді. Қызға «баламен бірге табалдырық аттамайсың» деген қатаң талап қойылды. Әке мен анасының шаңырағынан өзге барар жер, басар тауы жоқ қыз перзентханада егіз ұл мен қызды дүниеге әкеле салысымен бас тартты. Солай жасауға мәжбүр болды. Сөйтіп, өмірге өкпелі һәм жаралы қос перзент дүниеге келместен-ақ, ата-анасынан тірідей айырылып, дүниенің бір бұрышында іңгәлап жатты.

Бір ұққанымыз, бейкүнә сәбилердің балалар үйін мекен етуінің бірден-бір себебі жауапсыз төсек қатынасынан бастау алып тұр. Ата-анасы бақилық болған бүлдіршіндердің де жолы осында түседі. Кей-кейде ащы судың азабын татқан ата-ана да оңалмасын біліп, оң шешімін осы орталықтан іздейді. Осы орайда маңдайынан иіскеп, еркелететін ешкімі жоқ тұл жетімдердің бүгінгі жағдайы қалай? Олар мекен еткен балаларды қолдау орталығындағы тәлім-тәрбие, оқу үрдісі қалай өрбіп жатыр? Тәрбиеленушілер өмірге оңтайлы бейімделу үшін мұнда қандай жағдай жасалуда? Оларға не қажет? Осы сұрақтарға жауап іздеп, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына хабарласып, мән-жайын сұрастырған едік.

Балалар өздерін толыққанды сезіну үшін орталықта берілетін тәрбие барысы мейлінше отбасы үлгісіне жақындастырылыпты. Олардың психологиялық және жас ерекшелігін ескеріп, туыстық қатынастағы 12-15 бала 7 пәтерге топтастырылған. Себебі отбасылық тәрбиесіз баланың үйлесімді дамуы мүмкін емес көрінеді. Барлық жанұяларға мекеме қызметкерлерінен құрылған әкелер мектебінің ер азаматтары нағыз әкенің міндетін атқарса, күнделікті тәрбие мен оқу үрдісін тәрбиеші аналар жүргізеді екен. Сөйтіп, балалардың əлеуметтік құндылығын, дүниеге деген көзқарасын, бағдарын, қажеттіліктерін, қызығушылықтары мен əдеттерін ана мен әке атанған тәрбиешілері бірлесіп қалыптастырады.

Орталықтағы тәрбиеленушілердің әлеуметтік құқығын қорғау барысында 19.11.2018 жылы Жамбыл облыстық әділет басқармасына тіркелген жарғыға сәйкес және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 18 маусымдағы №229 бұйрығымен бекітілген «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталықтары қызметінің үлгiлік қағидалары» негізінде орталықта 2 қызмет түрі бар екен.

Бірінші қызмет түрі – өмірлік қиын жағдайдағы балалармен жұмыс жүргізу. Онда бас сарапшы, 3 педагог-психолог, 3 әлеуметтік педагог, 1 заңгер, 9 тәрбиеші, 2 медбике жұмыс жасайды. Бұл қызметте қазіргі таңда 34 бала тәрбиеленуде. Мұнда мынадай қызмет түрлері жүзеге асырылады: балаларды отбасына орналастыруға көмек және қабылдаушы отбасыларын қолдау қызметі. Онда да еңбек етуші бас сарапшы, 3 педагог-психолог, 3 әлеуметтік педагог, 1 заңгер, 15 тәрбиеші жұмыс жасайды. Бұл қызметте 51 бала тәрбиеленуде.

Қазіргі уақытта орталықтағы басты жаңалықтың бірі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Ақтөбе мен Шығыс Қазақстан облыстарында жүйеге қойылған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік бейімдеу, еңбекпен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатындағы «Мейірім» жобасы 2020 жылдың қазан айынан бастап жалғасын табуда. Қазіргі уақытта бұл жобаға мекеменің 49 тәрбиеленушісі ендіріліпті.
«Мейірім» жобасы аясында демеушілер тәрбиеленушіні әлеуметтік қолдау мақсатында заманауи өмір жағдайына бейімдеу, коммуникативтік функцияларды қалыптастыру, мерекелік, спорттық және басқа да мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысуын қамтамасыз етуге кәмелетке толған тәрбиеленушіге қол жеткізу бойынша жинақталған қаражатты мақсатты пайдалану мақсатында психологиялық және тәрбие жұмысын жүргізуге, мамандықтар таңдауда және алған мамандығы бойынша тәрбиеленушіні жұмысқа орналастыруға көмек көрсетеді. Сонымен қатар әлеуметтік шарт негізінде жиналған қаражаттарына лайықты тұрғын үйді таңдауға және сатып алуға жәрдемдеседі.

Қазіргі таңда барлық демеушілер мен жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік-патронаттық қолдау жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы әлеуметтік келісімшарт және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ келісімшарттар жасалынып, депозиттік есеп шоттарына демеушілік көмек аударылуда.

Елбасының «Әр бала отбасында өмір сүруге тиіс!» деген саясатын қолдай отырып, балаларды отбасына орналастырудың альтернативті үлгілерінің кеңінен пайдаланылуы дәл осындай орталыққа қажет болғаны және оң нәтижесін бергені байқалады.
Соңғы 3 жылда отбасына орналастырылған отбасылық өмірдің мәні мен маңызын ұғынып, бақытты балалық шақты басынан кешіріп жатқан балалар саны айтарлықтай өсіпті. Осы үш жыл ішінде отбасына орналастырылған тәрбиеленушілер саны 275-ке жетіпті. Оның ішінде:

  • Қорғаншылық пен қамқоршылыққа – 72;
  • Патронаттық тәрбиеге – 83;
  • Өз отбасына – 41;
  • Отбасы үлгісіндегі балалар үйіне 79 бала орналасыпты.
    Жылына екі рет орталықтың қолдау қызметі облыс көлеміндегі «Отбасы үлгісіндегі балалар үйі», «Қабылдаушы отбасы», патронаттық тәрбие және қамқоршылық пен қорғаншылыққа берілген балалардың тұрмыстық жағдайын зерделеп, әлеуметтік-құқықтық, педагогикалық, психологиялық кеңестер беріп, қолдау көрсетіп отырады екен.
    Сонымен қатар биылғы жылы жоба аясында бір отбасындағы бауырлардың бір жанұяда тәрбиеленуіне орай «Шаңырақ» отбасылық үлгідегі жанұя ашылған. Онда 4 отбасының балаларынан құралған 11 бала тәрбиеленуде. Бұл жанұяда 2 тәрбиеші және 2 тәрбиешінің көмекшілері жұмыс атқарады. Тәрбиеші аналар балаларға отбасылық тұрмыс жағдайында қажетті барлық құндылықтарды үйретеді. Мысалы, балалармен бірге ас дайындау, үйдің тазалығын қадағалау, бауырлардың бір-біріне сабақ оқу барысында көмек көрсетуі және басқа да отбасылық жағдайларға ыңғайланады.
    Отбасын құрып, балаларын тәрбиелеп, еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосып, әртүрлі салада еңбек етіп жүрген табысты түлектердің қатары жылдан-жылға көбеюі соның айғағы десе болады. Мысалы: 2017-2020 оқу жылдар аралығында шыққан 70 түлектің төртеуі жоғары оқу орындарына, 66-сы колледждерге орналастырылған. Атап айтқанда, Сымбат Жұлдызбай Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 4-курс студенті, Жансая Серікбайқызы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің 4-курс студенті, Насиба Тұрсынова С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің 2-курс студенті, Оля Богомолова Қазақ мемлекеттік қыздар университетінің 3-курс студенті, Дима Талипов халық шаруашылық колледжінің 3-курс студенті, Гүлбаршын Койчубаева Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы колледжінің 3-курс студенті.
    Туған ата-анасын көрмеген балалар қоғамнан тек жағымды көзқарас пен қолдау күтеді. Ата-анасын «табылуы мүмкін» деген арманмен өмір сүріп, өмір бойы күтумен жүретіндері анық. Түлектер тағдырына қоғамның қатысы жоқ екендігін ұғынып, ешкімді кінәламай, өмірге өкпелемей салауатты, білімді де білікті, адами құндылықты азамат болып ержетуге, өмірден өз орнын табуға талпынады. Ең бастысы, балаларға дәл осындай ақ жүректен шыққан сезімді сезіндіру үшін орталық бар жағдайды жасап отыр.
    Әке мен ана – баласының қос қанаты. Бір қанаты арқасынан қақса, екінші қанаты биіктеуіне ықпал етеді. Көтереді, баптайды. Ал мұндағы балалар қанатсыз періштелер ғой. Аман болсыншы!
Comments (0)
Add Comment