Отбасылық кәсіп – ортақ нәсіп

Қазіргі уақытта елімізде өз кәсібін ашып, табыс табамын деушілерге қолдау мол, жасалған жағдай да жайлы. Нәтижесінде, кәсіпкерлікке бет бұрып жатқандар қатары күн санап артып келеді. Ауыл шаруашылығы дамыған Жамбыл облысында өз ісін асыраушы саламен тығыс байланыстырушылар саны көп.

Солардың бірі – Жуалы ауданына қарасты Нұрлыкент ауылына қоныстанған қандас бауырларымыз. Мұндағылар негізінен бау-бақша өсірумен шұғылданады. Бір сөзбен айтқанда, оларда жыл он екі ай тыным жоқ. Мүмкіндігі бар әрі жұмыс істеп, табыс табуға ынталы тұрғындардың көбісі ерте көктемнен бастап үй іргесіндегі шағын жерлеріне бау-бақша өнімдерінің көшетін өсіруге арналған жылыжай (парник) өсірумен айналысады. Оларға бұл негізінен табыс көзі, әрі күнделікті еңбек салты екені анық.
Нұрлыкент ауылындағы еңбек салтын ұстанып келе жатқан отбасының бірі ретінде ерлі-зайыптылар Өткір мен Нафиса Тұрлыбековтарды айтуға болады. Олардың бау-бақша өнімдерінің көшетіне арналған жылыжай өсірумен шұғылданып келе жатқанына 20 жылға жуықтап отыр. Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында туып-өскен бұл отбасы бау-бақша өсіріп, оны баптау ісін жақсы білгендіктен бұл іске шындап ден қойып отыр. Ерлі-зайыптылар жыл сайын ерте көктемнен бастап үй іргесіндегі 10-15 соттық жерлеріне қырыққабат, қызанақ, ащы бұрыш, тәтті бұрыш, баклажан, пияз, болгар бұрышы, тағы басқа көкөніс көшеттерінің бірнеше түрін егіп, оны алқапқа отырғызғанға дейінгі аралықта баптап, өсіреді. Бұл жұмыс процесіне шамамен бір жарым, екі айға жуық уақыт кетеді. Шамамен осы уақыт аралығында шағын жылыжайда өсіп, жетілген бақша дақылдарының көшеттерін басқа алқапқа қондыра беруге болады екен.
Бұл отбасы жылдағы дәстүрмен биыл да ерте көктемнен бастап ауа райының қолайлы күндерін пайдаланып, жылыжайға көшеттің бірнеше түрін отырғызып, оны күтіп-баптауда. Сәуір айының соңын ала мамыр айының алғашқы күндерінен бастап, әбден жетілген бақша көшеттерін аудан орталығындағы базарға сатылымға шығарып саудалап жатыр. Бұл жұмысты негізінен үйдің отанасы Нафиса атқарады. Әрине, аудан тұрғындарынан сұраныс та жоғары. Дәл қазіргі уақытта көктемнің шуақты күндерін пайдаланып, тұрғындар үй іргесіндегі жерлеріне көшеттер отырғызуды бастады. Көшеттің де жаппай сатылымы осы кезде қыза түседі екен. Бау-бақша дақылдарының көшеттері маусым айының басына дейін жалғасатын жұмыс екенін ескерсек, көшет сатылымы алдағы апталарда да қыза түспек. Бұл отбасы көшетті саудалаудан бөлек, үй іргесіндегі жерлерімен қатар, ауыл сыртындағы алқапқа да көшет отырғызып, оны отбасымен жаз бойы күтіп, баптаумен айналысады.
– Сәуір айының басынан жұмысқа қызу кірісіп кеттік. Жылдағыдай биыл да бақша дақылдарының бірнеше түрінің көшетін отырғызып, оны күтіп, баптаудамыз. Көшет өсіру үлкен еңбекті талап ететін жұмыс. Диқаншылықтан хабары жоқ кейбір кісілер көшет өсіруді оңай жұмыс деп ойлайтын шығар. Бұл оңай жұмыс емес. Көшетке де жас сәбиге күтім жасағандай қарау қажет. Көшет негізінен күнді сүйеді. Күн жылы болған кездерде көшеттің бетіне жабылатын қорғаныш материалды ашып қоямыз. Ал суық күндері, түнде жауып қою қажет. Өйткені, жас көшет күн суықта үсіп кетуі мүмкін. Көшеттеріміздің барлығы негізінен Жуалы жерінің ауа райы мен табиғатына бейімделген.
Қазіргі таңда жылыжайға еккен тұқымымыздың барлығы дерлік өніп шықты. Оны үй іргесіндегі жерімізге, одан қалса, алқапқа да отырғызамыз. Аудан орталығындағы базарға шығарып саудалаймыз, айналадағы көрші-қолаң да үйден алып кетеді. Бұл біз үшін отбасылық кәсіп. Бақшаны күтіп-баптау жұмыстарын отбасы мүшелерімен бірлесіп атқарамыз,- дейді отағасы Өткір Тұрлыбеков.
Біз Нұрлыкент ауылындағы бұл отбасының кәсібін көруге барғанымызда, отанасы Нафиса апай аудан орталығына көшет сатуға кеткен екен. Біздің осында келгенімізді естіген соң бізге сұхбат беру үшін үйіне қайта келді.
– Бақша өсіру, жылыжайда көшет өндіріп шығару жұмыстары біздің негізгі кәсібіміз. Күнкөрісімізді де, балаларымыздың нәсібін, күнделікті керек-жарағымызды осы бақша өсіру кәсібі, диқаншылықтан айырып отырмыз. Мұны сүйікті кәсібіміз десек те болады.
2001 жылы Өзбекстан Республикасынан осында қоныс аударғанбыз. Алғашқы жылдардан бастап ағайын-туыстармен бірлесіп, ауыл сыртынан егістік алқаптарды жалға алып, бау-бақша өсіреміз. Қазір де айналысатын негізгі кәсібіміз осы. Бұл бір жағынан үйреніп қалған тірлігіміз. Әрі мемлекетке де алақан жаймай, өзімізді-өзіміз жұмыспен қамтып отырмыз деуге болады. Отбасында Тұрсынбек, Жалғасбек есімді екі ұлымыз бар. Үлкен ұлымыз Ақтау қаласында жұмыс істесе, екіншісі Тараз қаласында жоғары білім алуда. Екі ұлымызды да үй тірлігіне, шаруашылық жұмыстарына баулып өсіргенбіз. Олар бау-бақша егіп, оны баптауды да жақсы біледі. Бірақ ата-ана ретінде олардың өзі қалаған мамандықтары бойынша оқып, өмірден өз орындарын тапқанын қалаймыз,- дейді отанасы Нафиса апай.
Қазіргі таңда бұл отбасының үй іргесіндегі шағын жылыжайда қызу тірлік жүруде. Жетілген көшеттер осы жерден күнделікті аудан орталығындағы базарға өткерілу үстінде. Бағасы да жүйелі. Мұндағы ені екі, ұзындығы 13 метрді құрайтын 20-ға жуық шағын жылыжайларға негізінен қызанақтың тез пісетін және етті түрлері, қырыққабаттың «Ташкарам», «Ринда», «Бухарест» деп аталатын сұрыптары және болгар бұрышының және ащы бұрыштың бірнеше түрі, пияздың екі-үш түрі, сонымен қатар, баклажан, тағы басқа көкөніс көшеттері өсірілу үстінде. Шамамен алғанда, бір тақтадан 10 мыңға жуық көкөніс көшеті өсіп шығады.
Ия, адамның еңбексіз күні жоқ. Еңбекті өмір салтына айналдырғанда ғана біз бәсекеге қабілетті ұлтқа, іргесі берік мемлекетке айналатынымыз анық.

Comments (0)
Add Comment