Отбасы құқығы қорғалады

Бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі айрықша. Ал отбасындағы толыққанды тәрбиемен сусындамаған баланың түрлі жағдайға тап болуы бек мүмкін.

Толғанай АТАБАЙ

Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткен дөңгелек үстел отырысында осылай делінді. «Отбасылық сот» пилоттық жобасы щеңберінде мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес органдар өмірдің қиын жағдайларына тап болған отбасылар мен кәмелетке толмағанандарға көмек көрсету мақсатында «Отбасы және мектеп» пилоттық жобасын құру туралы шешім қабылдап, өзара меморандумға қол қойды. Жоба шеңберінде мобильдік топ құрылып, меморандумға қатысушы өкілдер ювеналдық сот алаңында бала тәрбиесі жөнінен әлеуметтік мәселеге ұшыраған С.Нұрмағанбетов атындағы №10 орта мектебінің бірқатар отбасын қабылдады. Онда құжаттандыру, тіркеуге алу, жәрдемақы алу, баланың статусын анықтау, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтау, тұрғын үй мәселесі, жұмыспен қамту секілді мәселелер жайы айтылды. Жиын барысында қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай, облыстық ювеналдық соттың төрағасы Ербол Дүйсенбаев жоба арқылы түрлі отбасылық дауларды оңтайлы жолмен шешу және отбасы құқығын сақтауға болатындығын алға тартты.


Дүниенің ең тамаша туындысы жақсы тәрбиеленген бала болса, туған үйдің жылуы оның адам болып қалыптасуында айрықша маңызға ие. Алқалы жиында туған баласынан түрлі жағдайлармен жырақта жүрген ата-аналардың жайы сөз болды. Мәселен, аталмыш мектеп оқушысы Назгүл Амангелдиева ата-анасы ажырасқан соң әжесі Күлзахираның қолында қалған. Немересін 3 жасынан бауырына басқан қарт ана 70-ке таяп отыр. Бүгінге дейін бауыр еті баласын іздемеген ата-анадан Күлзахира әжей де үмітін үзген.


– Ұзынқұлақтан естуімше, ұлым Т.Рысқұлов ауданында қой бағатын көрінеді. Кішкентайынан баласынан бас тартып, маған «өзің қарап ал» деп дүрсе қойған болатын. Ал анасының Назгүлден кейінгі 2 баланы жетегіне алып, із-түссіз кеткені әлі күнге жаныма батады. Қызы 7 жасқа келгенде анасын іздеуге берген едік. Алайда әлі күнге бейхабармын. Жасым болса біразға таяп қалды – дейді ана. Қазіргі таңда Назгүлдің сабақ үлгерімі де, тәрбиесі де жаман емес. Алайда, бала күнінен биологиялық ата-анасының қамқорында болмаған жеткіншек үшін бұл да бір соққы емес пе?! Әжейдің мұңына құлақ асқан мобильдік топ мүшелері Назгүлдің әкесі мен анасын ата-аналық құқынан айыру қажеттігін айтты.


– Бала – өзінің ата-анасының тәрбиесінде болуы тиіс. Бұлай болмаған жағдайда, баланың ішқұса болып, психологиялық түрлі ауытқуларға ұшырайтынын қоғам да дәлелдеп отыр. Жасөспірімдер арасында белең алатын әртүрлі қылмыс та ата-ана қарауынсыз қалған балалардың үлесі басым, – деді Кенжебек Мамашбайұлы.


Тап осындай мәселе жуырда ғана С.Нұрмағанбетов атындағы №10 орта мектебінде көрініс тапқан. 14 жасар мектеп оқушысы Болат Тоқтағұл қатарластарымен бірге бұзақылық әрекеттің ортасынан табылған.


Ата-әжесімен бірге Болат 1 бөлмелі жатақханада тұрады. Алты жасынан ата-анасы туған баласынан бас тартқан. Атасы Тоқтағұл Құрманқұлов 73 жаста. Ал әжесі бұл күндері төсек тартып қалған. Бойында қуаты барда немересін барынша бағып-қаққан қарт кісілер Болаттың ертеңіне алаң болып отыр. Істің мәніне қаныққан топ мүшелері Болаттың мәселесі сот ісінде қаралатынын жеткізді.

Comments (0)
Add Comment