Отбасы – ұлттың тірегі

Отбасы – қоғамның басты тірегі. Жанұяның бірлігі бекем, тәрбиесі көпке үлгі болса,барша қоғамға тигізер пайдасы зор. Сондықтан осындай баға жетпес құндылықтарды дәріптеп, кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру қазіргі аға буынның міндеті.

Осыған орай «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» Республикалық акциясы аясында шаһар төріндегі «Анаға тағзым» орталығында «Отбасылық тәрбие: психология мен әлеуметтанудағы қазіргі тенденциялар» тақырыбында мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтерге арналған облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Жиында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әлішер Әзімбай мектеп қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, психологтар мен мен әлеуметік педагогтердің біліктілігін жетілдіру әрдайым күн тәртібінен түспейтінін баса айтты.
– Қазіргі таңда Жамбыл облысы әкімінің қаулысымен «Облыстық психологиялық қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Мекеменің негізгі мақсаты – Жамбыл облысындағы білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, педагогтардың, ата-аналардың психологиялық әл-ауқатын сақтауға және нығайтуға бағытталған психологиялық қызметтің бірыңғай жүйесін құру. Орталықтың мамандары педагог-психологтардың біліктілігін арттыру және әдістемелік көмек көрсету мақсатында жылдық жоспарына сәйкес 2 ай ішінде 10 онлайн іс-шара өткізіп әр онлайн семинарға 400-ге жуық педагог-психологтар және психолог әдіскерлер қатысуда. Сонымен қатар, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершіліктерін арттыру мақсатында «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлескен «Баланың бас ұстазы – ата-ана» тақырыбында тренинг жұмыстарын ұйымдастырып, 100-ге жуық ата-анаға қажетті мағлұматтарымен бөлісті. Семинар-тренингтерде «Буллинг пен кибербуллингтің алдын алу», «Бала агрессиясы», «Жыныстық тиіспеушіліктің алдын алу» мәселелері талқыланды. Яғни, ата–аналармен бірлесе отырып, баланың жанымен жүрегіне жылулық ұялатуға, танымдық күшін қалыптастыруға білімін тереңдетуге жағдай жасау керек. Өзінің бойындағы күш жігерін, сенімін нығайту, өмірге қызығушылығын, жеке тұлға ретінде қалыптастыру да біздің басты мақсатымыз болуы керек, – деді Әлішер Әзімбайұлы.
Сонымен қатар, орталық ағымдағы жылдың қазан айынан бастап 500-ге жуық педагог-психолог, ата-аналар үшін консультациялық жұмыстар жүргізіп, 72 мектептің психологиялық қызметінің жұмысына жеке әдістемелік көмек көрсеткен. Бұдан бөлек, басқа да жобалар облыс көлемінде іске асып жатыр.
«Біртұтас тәрбие бағдарламасы» шеңберінде облыс бойынша жалпы білім беретін 447 мектепте білім беру ұйымдарында ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершіліктерін артыруға бағытталған 9 247 сабақ өткен. Бұдан соң «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының төрағасы Бақыт Әлмұратов әлеуметтік талдаулар нәтижесіне тоқталды.
– Талдаулар қорытындысы бойынша ата-аналардың 77,7 пайызы «көңіліміз толады» десе, 14,6 пайызы «көңіліміз толмайды деп жауап берген. Демек, мектептермен әлі де тығыз байланыс орнатылмаған. Ал, балаларының тәрбиесі жөнінде сұрасақ, «азаннан кешке дейін жұмыстамыз, қолымыз тимейді» деген жауап аламыз. Тағы бір қызық жағдай, «балалар мұғалімдердің кемшіліктерін сізге айта ма ?» деген сауалымызға 70,4 пайызы «иә» деп жауап берген. Сол кемшілікті тыңдап отырған ата-ананың өзіне сын, – деді Бақыт Әлмұратов.
Сондай-ақ жоғарғы санатты дәрігер-психотерапевт, медицина ғылымдарының кандидаты, Есірткіге тәуелдік және суицид бойынша ұлттық сараппшы және тренер Алия Нургазина, облыстық ата-аналар қауымдастығының төрағасы Ринат Нұрақбаев қатарлы қонақтар өз ойларын ортаға салды.

Аман ЕСЕН

Comments (0)
Add Comment