«Отбасы банкінде» теңгелік депозиті бар қазақстандықтарға 2023 жылғы ақпанның аяғында 2 миллион теңгеге дейін өтемақы төлене бастайды, деп хабарлайды Экспресс К.
Банктің менеджері Әмір Ескендіров мұндай өтемақыны алу үшін қандай құжат рәсімдеп, қандай шарттарды орындау қажеттігін айтып берді. Қаржы маманы 2023 жылдың 23 ақпаны күні кешкілік депозитінде белгілі бір сома жинақталған әрбір қазақстандықтың дәл сол соманың көлемінде өтемақы алу мүмкіндігі барын ескертті.
«Кейбір азаматтарда 2022 жылдың 23 ақпанынан кейін депозитінен ақша алуы себепті де, аталған өтемақыдан қағыламын деген қауіптің болары рас. Бірақ жинақтаған қаржыны қажетіне жаратудың заңдылық екенін ескере отырып 2023 жылдың 23 ақпанының кешінде депозитте қанша ақша қалса — сондай көлемде өтемақы төлейді. Мысалы сіз 1 миллион теңгелік депозитіңізден 2022 жылдың 22 ақпанынан кейін 400 мың теңге алып, қажетіңізге жаратқан болсаңыз, 2023 жылдың 23 ақпаны күні кешкілік «Отбасы банкі» сізге депозитіңізге қалған 600 мың теңгенің көлемінде өтемақы береді», — деп мәлімдеді Әмір Ескендіров.
Кейбір азаматтарды кепілге қойылған депозит мәселесі алаңдатуда. Банктен ірі көлемде несие алу кезінде кепілге қойылған депозиттерге өтемақы бола ма?
2023 жылдың 23 ақпанына дейін несиесін өтеп үлгермеген азаматтардың депозиттеріне де өтемақы беріледі. Басқа адамға берілген депозитке де өтемақы төлену мүмкіндігі қарастырылған. Бірақ мұндай депозиттер негізгі иесіне тегін қайтарылуға тиіс, — дейді банк өкілі.
Қандай депозиттерге өтемақы төленбейді?
2023 жылдың 23 ақпанына дейін жабылған депозиттерге, басқа адамдардан сатып алынған депозиттерге және 2023 жылдың 23 ақпанына дейін кепілде болған, бірақ несиесі толық өтелген депозиттерге өтемақы қарастырылмаған. Адамдар өзіне тиесілі депозитті екінші бір адамға екі түрде бере алады. Бірі оны сату, екіншісі тегін беру. Сатып алынған депозитке өтемақы берілмейді, — дейді Әмір Ескендіров.
Өтемақыға үмітті азаматтардың несие алуына мүмкіндігі бар ма?
Банктегі депозитіне өтемақы алу үшін құжат рәсімдеген азаматтың 2023 жылдың 23 ақпанына дейін банктен несие алу-алмау мүмкіндігі де — көпшілікті қызықтырған сұрақтардың бірі. Белгілі бір азамат несие алу үшін өзінің депозитін кепілге қойғанына қарамасан ол депозитке бәрібір өтемақы қарастырылады, — дейді «Отбасы банкінің» өкілі.
Өтемақыны алудың жолдары қандай?
«Өтемақы алу үшін үстіміздегі жылдың 1 қазанынан келер жылдың 1 қаңтарына дейінгі аралықта өтініш жазу қажет. Барлық жұмыс банктің ресми веб-сайтында онлайн түрінде жүргізіледі. Балаларға арналған депозит үшін өтінішті банктегі кеңесшілер арқылы рәсімдеуге болады. Ал өтемақы 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін екі жұмыс күні өткенде түсе бастайды»,— дейді Әмір Ескендіров.
«Отбасы банкі» азаматтардың депозиттеріне құны 20 миллион теңгеден аспайтын көлемде өтемақы төлейді. Сіздің бірнеше банкте депозитіңіз болғанына қарамастан шекті сома 20 миллионнан аспайды. Бұл тек «Отбасы банкіне» қатысты шарттар. Ал басқа банктердегі депозиттерге байланысты сол банктің өкілдерімен кеңесу қажет.
Бұған дейін Қазақстан үкіметі Ұлттық банкпен бірлесе отырып қазақстандықтардың теңгелік депозиттеріне бюджет есебінен 10 пайыз өтемақы төлеу мүмкіндігін қарастыруды бастаған болатын. Сол кезде 2022 жылдың 23 ақпанынан бастап он екі ай көлемінде азаматтардың депозитінде қалған соманың 10 пайызы көлемінде бір реттік өтемақы төленетіні, бірақ шекті соманың 20 миллион теңгеден аспауы керектігі айтылған. Бағдарлама іске қосылғаннан кейін он екі ай көлемінде депозитке төленген өтемақыдан табыс салығы алынбайды.