«Отбасы – бақыт мекені»

Адам баласының өміріндегі ең қастерлі ұғымдардың бірі – отбасы. Отбасы – әрбір адамның алғаш рет өмірмен танысып, мейірімділік пен махаббатты, жауапкершілік пен қамқорлықты сезінетін киелі ордасы.

Осы ордада адам бойындағы рухани құндылықтар мен адамгершілік қасиеттердің қалыптасып, тәрбиенің негізі қаланады. Халқымыз «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Себебі қоғамның мықты болуы отбасының беріктігіне тікелей байланысты.
Қай заманда болса да отбасы институтының маңыздылығы төмендеген емес. Керісінше, жаһандану дәуірінде ұлттық болмысымызды, тіліміз бен ділімізді сақтап қалу үшін отбасындағы тәрбие мен береке бұрынғыдан да маңызды бола түсуде. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Отбасы – халқымыз үшін қасиетті ұғым. Әр адам ең алдымен өзінің қастерлі шаңырағында тұлға ретінде қалыптасады, үлгі-өнеге алып, нағыз азаматқа тән игі қасиеттерді бойына сіңіреді. Отбасында көрген тәлім-тәрбиенің арқасында елімізде отаншыл, еңбекқор, білімді және мәдениетті ұрпақ өсіп шығады. Сондықтан біз бәріміз бір ел болып халқымыздың салт-дәстүрі мен қазіргі замандағы озық көзқарасы үйлесім тапқан отбасы құндылықтарын сақтап, оны нығайтып, жан-жақты насихаттауымыз керек.
Жарық өмір сыйлаған ата-аналарымызға зор құрметпен қарау – қастерлі парыз. Әсіресе, аялы алақанымен, ақыл-парасатымен әрбір үйді шуаққа бөлейтін аналардың орны ерекше. «Ана – Жер-Ана» – адамзат өркениетінің өзегі. Біз асқар тау әкелеріміздің табанды еңбегі мен ерен ерлігіне бас иіп, қадір тұтуымыз керек. Әр шаңырақта ырыс-ынтымақ болса, еліміз де қарқынды дамиды. Бұл – Әділетті және Қуатты Қазақстан құрудың аса маңызды шарты. Сондықтан мемлекет отбасы құндылықтарын кеңінен дәріптеп, ана мен бала құқығын қорғауға айрықша мән береді», – деген болатын.
Отбасы құндылығы Тараз қаласында да кеңінен дәріптелуде. Жуырда «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында өткен «Отбасы – бақыт мекені» атты форум – соның жарқын көрінісі. Отбасылық құндылықтарды дәріптеу, үлгілі әулеттерді насихаттау және қоғамдағы бірлікті арттыруды мақсат еткен іс-шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова арнайы қатысып, ізгі тілегін білдірді.
Шара барысында Отбасы күніне орай тұрғындар арасында өткен «Әкем, анам және мен – спорттық отбасы» қалалық эстафетасында топ жарған Егембердиевтер, Жасұзақовтар және Жорабековтер отбасылары марапатталды. Сонымен қатар кітапты көп оқитын – Абдалиевтер, ұлттық құндылықтарды ұлықтаушы – Жақсылық, ұстаздар династиясы – Досжановтар әулеті және қалалық Полиция басқармасының жергілікті полиция бөлімі отбасылық-тұрмыстық, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Анар Мұсаева да арнайы марапаттарға ие болды.
Форум соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Comments (0)
Add Comment