Отандық ғылым өрістеп келеді

Орталық Азияның ұлан-ғайыр кеңістігін алып жатқан Қазақстан ғылыми биіктерге, техникалық прогреске ұмтылуда. Соңғы онжылдықта еліміз ғылымның түрлі саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.

Қазақстан жоғары әрі сапалы экономикалық өсу бағытын ұстанады, бірақ оған ғылымсыз қол жеткізу, әрине, мүмкін емес. Алғашқы қадам жастарды ғылым мен білімге баулудан басталды. Үкімет дарындыларды іздеу мен қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламалар мен іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. Сондықтан қазіргі уақытта 40%-ға жуық студент, яғни тоғыз мың адам осы саланың биік белестерін бағындырып жүр. Бұл азаматтардың ел дамуына деген қызығушылықтарын тайға таңба басқандай анық көрсетеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстанда ғылым саласында 21 782 адам қызмет атқарады. Олардың үштен бірінің ғылыми дәрежелері бар, оның ішінде 1697 ғылым докторы, 4165 ғылым кандидаты, 1340 PhD докторы, 293 ғылым докторы атағына ие.
2020 жылы ҒЗТКЖ кәсіпорындарының саны 373-ке жеткен, олардың 50%-дан астамы бизнес және коммерциялық емес секторларға тиесілі.
Қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігі 10 басым бағыт бойынша қазақстандық ғалымдардың 1 169-ға жуық ғылыми зерттеуін қаржыландырады, оның ішінде 317 гранттық жоба жас ғалымдарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған.
2000-шы жылдары еліміздің дамуы мен экономикасының өркендеуіне байланысты қазақ ғылымын жаңа деңгейге көтеру мақсатында «Ғылым туралы» Заң және Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл мемлекеттік және жеке секторлар қызметінің құрамдас бөлігі болып табылды. Осы кезеңде ғылыми-техникалық саланы басқару жүйесін жетілдіру, инвестиция тарту үшін жағдай жасау, ғылым инфрақұрылымын дамыту, ҒЗТКЖ-ны қаржыландыруды ұлғайту, әлемдік ғылыми кеңістікке ену бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған шығындарда басымдық қолданбалы және дизайнды дамытуға аударылды. 2010 жылы әлемнің үздік университеттерінің стандарттарына сәйкес жаңа деңгейлі университет – Назарбаев Университеті ашылды.
2011 жылы еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында қабылданған «Ғылым туралы» Заң бұл саланың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашты. Ғылымды басқару жүйесі өзгертілді, осы тұрғыдағы жобалардың басым бағыттарын анықтаудағы қоғамдастықтың рөлі күшейтілді, оны бизнеспен әрекеттесуін қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері анықталды.
Ғылымға басты назар аударылғанының арқасында аталған сала алға басып келеді. Айталық, вакциналардың жасалуы, жасанды интеллекттің дамуы, экзопланеталардың ашылуы, зағиптерге көру тәсілдерін ойлап табу – осы және тағы да басқа әлемдегі жаңалықтар соңғы жылдардағы ғылым мен техниканың жемісі. Әлемдік ғылым бұрын-соңды болмаған жаңалықтарды бастан кешіруде, ал Қазақстан әлемдік оқиғалардың алдыңғы қатарында болуға ұмтылып келеді.
Айта кетейік, 2023 жылы 28 наурызда Қазақстан Республикасының жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ғылыми қауымдастықпен бірлесіп әзірленген құжат жыл сайын гранттар бөлуді, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуді, 85 жетекші ғылыми қызметкердің еңбекақысын базалық қаржыландыруға қосуды қамтамасыз етті. Алдағы уақытта ғалымдардың қатары бір жарым есеге артып, еліміздің ғылыми экожүйесін жаңартып, ғылымның нақты сектор мәселелерін шешуге қосатын үлесі артып, ғылыми-зерттеу жұмысының жақсаруы күтілуде.
Мәселен, 2020 жылы ғылымға республикалық бюджеттен 89 миллиард теңге инвестиция тартылса, 2023 жылы қазірдің өзінде 158 миллиард теңге жұмсалды. Ғалымдардың орташа жалақысы да өсті – 2021 жылғы 152 мыңнан 2022 жылы 252 мыңға дейін.
Ғылыми жаңалықтардың 27%-ы коммерцияланған. Өткен жылдың соңында жалпы табысы 16,4 миллиард теңгеден асатын 120 жоба сатылымға шықты, 15 жоба шетелге экспортталды. Осыдан Қазақстан ғылымның дамуына шындап кіріскенін байқауға болады. Дегенмен еліміз ғылыми жетістіктерден кенде емес. Бүгінге дейін Қазақстан ғылымға қандай үлес қосты?

Ғарыштағы қарышты қадам

Қазақстан ғарыштық зымырандарды ұшыру алаңы ретінде танымал. Тарихы жарты ғасырдан астам уақытқа созылатын Байқоңыр ғарыш айлағы көптеген ғарыштық экспедициялардың бастау нүктесіне айналды. Мақтанып та, марқайып та айтатын Байқоңыр – Қазақстанның ғылымдағы жетістіктерінің бірі. Себебі 2019 жылы мұнда Қазақстанның тұңғыш ғарыш аппараты «KazSat-1» сәтті ұшырылып, еліміздің ғарыштық зерттеулерінде жаңа дәуір ашты.
2008 жылы «Қазақстан» қорытпасы патенттелді. Жаңа материал металлургияда болатты тотықсыздандыру, легірлеу және модификациялау үшін қолданылады. Басқаша айтқанда, отандық қорытпа металл емес қосындыларды және көрінетін ыстық жарықтарды азайту арқылы болаттың құрылымы мен сапасын жақсартады. Қорытпада кремний, алюминий, кальций, барий, ванадий, титан, көміртек және темір бар. Сондай-ақ «Қазақстан» қорытпасы марганецтің болатқа алыну дәрежесін арттыруға мүмкіндік береді және оның соққыға төзімділігін арттырады. Ал қорытпаның экономикалық орындылығы қымбат кокстың орнына арзан күлді көміртекті жыныстарды пайдалануында жатыр.
Сондай-ақ Қазақстан баламалы энергия көздеріне елеулі ресурстарды инвестициялауда. 2019 жылы «Байкал» және «Сарыарқа» ірі күн электр станциялары іске қосылып, еліміздің энергетикалық секторындағы жаңартылатын көздердің үлесін арттыруға ықпал етті. Сонымен қатар «Жасыл экономика» стратегиялық бағдарламасы экологиялық тұрақты дамуды қолдауға бағытталған.

Медицинадағы айтулы өнертабыс

Қазақстан медициналық және денсаулық сақтау саласындағы зерттеулерде ғылымға үлесін қосты. 1994 жылы медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Алшынбай Рахышев Ұлттық патенттік ведомстводан лазерді медициналық мақсатта пайдалануға рұқсат беретін өнертабысқа авторлық куәлік алды.
Профессор Рахышевтің көп жылғы тәжірибелерінің нәтижесі өз жемісін берді. Отандық ғалым аз энергиялы газ лазерлерінің адамның қан тамырлары мен жүйке жүйесіне оң ынталандырушы әсерін эксперименталды түрде дәлелдей алды. Бұл жаңалық лазер сәулесін адам денсаулығын жақсарту үшін қолдануға мүмкіндік берді.
Қазақстанның медицинадағы ғылыми жетістігінің бірі – «COVID-19» пандемиясымен күресуге бағытталған. Бүкіл әлем аурумен арпалысқанда Қазақстан «QazCovid-in» аталатын вакцинасын әзірледі. COVID-19-ға қарсы вакцинаны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жасап шығарды.
Вакцинаның клиникалық сынақтары 2020 жылдың 25 желтоқсанында басталды. Қазақстанда бұл вакцина 2021 жылдың 26 сәуірінен бері қолданылып келеді.
Сондай-ақ Қазақстандағы университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары шетелдік серіктестермен белсенді ынтымақтастықта. Бұл білім және тәжірибе алмасуға ықпал етеді, сонымен қатар студенттер мен ғалымдардың халықаралық ғылыми жобаларға қатысуына мүмкіндіктер жасайды.
Одан бөлек, Қазақстанда ақпараттық технологиялар стартаптары танымал болуда. Astana Hub сияқты жоғары технологиялық компаниялардың кластерлері цифрлық экономиканың дамуына үлес қоса отырып, жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп келеді.
Бүгінде елімізде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын 400-ге жуық ұйым бар. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің жетекшілігімен еліміздегі оқу орындары жанынан ғылыми-зерттеу орталықтарының құрылуы да отандық ғылымның ілгерілеуіне өзіндік үлесін қосуда.
Ғылыми прогреске бастар жол Қазақстан ғылымының жетістіктері елдің технологиялық даму мен инновацияға деген ұмтылысын көрсетеді. Ғарыштық зерттеулер, энергетика, медицина, білім беру және ақпараттық технологиялар саласындағы көптеген жобалары бар Қазақстан қазіргі заманның сын-қатерлерін қабылдап қана қоймай, әлемдік ғылыми қауымдастыққа өзіндік үлесін қосуға дайын.

Айжан Сыланова,
журналист

Comments (0)
Add Comment