Отанды сүю – жүректен

Күнтізбелік жаңа жылдың алғашқы күндерінде ел халқы «Биыл не істейміз?», «Қайда барамыз?» деген ең басты өмірлік мәні бөлек өзекті сұрақтарына толымды жауап тапты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сан тақырыпты қамтыған сұхбаты қоғамға тараған негізі жоқ түрлі алыпқашпа әңгімені пышақ кескендей тыйып, ел-жұрттың алдағы күндерге деген сенімін бекітіп берді. Енді сұхбаттың ерекшелігіне келсек, біріншіден, оның сыртқы формасына тоқталайық. Әңгімелесу түріндегі форматқа еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның» таңдап алынуын жұртшылық жылы, ілтипатпен қабылдады. Көпшілік мұны дәстүрлі-классикалық баспасөздің өміршеңдігіне әрі мемлекеттік тілге деген құрмет екенін ұғынып, әлеуметтік желідегі жел сөздерге әуес түрлі ақпарат арналарының басым бөлігі «әсіреқызыл тез оңар» уақытша құбылыс екенін аңғартты. Сұхбаттың ішкі мазмұнын айтсақ, біріншіден, әңгіменің ашық, прагматикалық бағытта өрбуі дер едік. Пафос жоқ, жұртты ешқандай бос уәдеге еліктіріп, құрғақ үмітке емексіту мүлдем байқалмайды. Жүріп келе жатқан жолымыздың дұрыс екеніне, алда кездесер кедергілер мен қиындықтарды ел болып еңсере алатынымызға көз жеткізеді. Халық үшін ең қажетті әлеуметтік-экономикалық саланың басты бағдарлары айқындалған, ішкі және сыртқы саясаттың өзекті мәселелері рет-ретімен текшеленіп жеткізілген. Бастысы, елдің бірлігіне кесірін тигізетін сан түрлі «олай болған екен, бұлай жасалмақшы екен» деген сияқты қауесетке құрылған Қаңтар қасіреті мен қосбилік тақырыбындағы тұшымсыз әңгімелерге толық тоқтау жасалды.
Сұхбатта рухани тақырып та қалыс қалған жоқ. Президенттің мына сөздеріне назар аударалық. «Біз өткенді аңсаумен өмір сүрмеуіміз керек. Керісінше, келешегімізді кемел етуге ұмтылып, ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлелдеуге тиіспіз. Дүниетанымымызға жат мәдениеттерге көзсіз еліктеуден, жалған патриотизмнен, даңғойлық пен дарақылықтан сақтануымыз керек. Халқымыздың бойындағы кемшіліктерге көз жұма қарамай, одан арылуымыз қажет. Мұның бәрі күн сайын құбылған тұрлаусыз заманда өмір сүріп жатқан Қазақстанның келешегі үшін айрықша маңызды».
Бұл – үлкен месседж. Бұл ойлар біздің тәуелсіздіктің отызыншы белесін орталап қалған еңселі ел ретінде егемендіктің елең-алаңындағы эйфориядан толық шығып, дүние дамуында алды-артын бағамдап, «ақырын жүріп, анық басатын» мемлекет ретінде орныққанымызды айқындап отыр. Ұрпақ ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре отырып, уақыт көшінен қалмауы керек. Ұдайы алда болуды өршіл мақсат етуге тиіс. Ата-бабамыз аттың құлағында қалай ойнаса, жас ұрпақ заманауи ақпараттық технологияларды да солай жетік меңгеріп жатса, үміттің ақталғаны сол болар еді. Ұлттың ұлылығы, даралық, отаншылдық сонда ғана танылатынына куә болар едік. Сұхбатта жалған патриотизм, даңғойлық пен дарақылық туралы дер кезінде айтылды. Қоғамның жегі құрты – осылар. Жасандылық пен жалғандық орын алған жерде кері кетушілік, Абайша айтқанда, өсек, өтірік, мақтаншақ сияқты жағымсыз әрекеттер бой көтере бастайды. Ал бұл кесапаттар ұлтты ешқашан ұшпаққа шығармайды. Түптеп келгенде, Отанды сүю, ата-анаңды сыйлап, жақсы көріп, қадірлегенің тәрізді жүректен саф таза күйінде шығуға тиіс. Біз сонда ғана етек-жеңін жинаған баянды ел боламыз. Сұхбат осы ойға жетелеп тұруымен құнды.

Қуат БОРАШ,
қоғам қайраткері,
журналист

Comments (0)
Add Comment