Отанды сүю оқу орнынан басталады

Ел егемендігінің 30 жылдығына орай ҚР Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектебі Тараз қалалық филиалында патриоттық-танымдық кеш өтті. Шараға филиал директоры, подполковник Қанат Бошай, орынбасары, әскери-патриоттық тәрбиелеу бөлімінің басшысы, майор Тархан Базарбаев, оқу ісі жөніндегі орынбасары, подполковник Нұрмахан Шыналиев және мектеп курсанттары қатысты.

Кездесуде алғаш болып сөз алған Қанат Далибайұлы оқу ордасының егемендік жылдарындағы жетістігіне кеңінен тоқталды.
– Бүгінде осы мектепте 35 жас сарбаз әскери жаттығудан өтуде. Олар мұнда тек білім алып қана қоймай, алғашқы әскери дайындықтың қыр-сырын меңгеріп, нағыз Отанын сүйер патриот азаматқа айналады. 20 түрлі әскери дайындықты меңгерген жастар арнайы сертификат пен әскери билетке ие болады. Сол арқылы біз арнайы оқытылған резервтегі жауынгерлерді даярлаймыз. Бұл да азаттығымыздың бізге беріп отырған зор мүмкіндігі. Бүгін осында тәрбиеленіп жатқан жастарымыздың арасынан ертеңгі күні ел намысын жатқа бермеген баһадүр бабаларымыздың ізбасарлары шығарына сеніміміз кәміл. Еліміздің іргесі берік, тәуелсіздігі ғұмырлы болсын, – деген филиал басшысы үздік курсанттарды арнайы дипломдармен марапаттады.
Бұдан кейін жас жауынгерлер өз өнерлерін паш етіп, ерекше әсер сыйлады.

Құрбанәлі Шахабай 

Comments (0)
Add Comment