Отан үшін от кешкен майдангердің ұрпағымыз

«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деп ақындарымыз толғаған соғыс өртінің санамыздан алыстап, Ұлы Жеңіс жаңғырығының бейбіт аспанымызда шарлағанына биыл тұп-тура 80 жыл болды.

80 жыл «Жеңіс!» деген құдіретті сөзбен жаңғырып келген бұл дауыс – майдангерлер үні. Осы бір үннен әр жылы Жеңіс күні жақындаған сайын менің кеудемді ерекше патриоттық сезім қанаттандырады. Теледидардан күнделікті беріліп жатқан соғыс туралы киноленталар, соғыс туралы әндер, майдангерлер туралы естеліктер бүгінгі ұрпақ санасына сол бір сұм жылдар туралы сыр ұялатып, ой-санамызды сол жылдарға жетелейді.
Мен – бейбіт күннің ұрпағымын. Соғысты көргенім жоқ. Менің әкем де көрген жоқ. Бірақ, менің атам ел басына күн туғанда қолына қару алып, кеудесін оққа, жүрегін отқа төсеп, ел қорғауға аттанды.
Менің атам – Пазыл Семизбаев 1934 жылы әскер қатарына шақырылып, екі жыл әскери борышын өтеген соң, Жамбыл облысы, Талас ауданына келіп, жұмысқа орналасқан. 1939 жылы аудандық партия комитеті бюросының қаулысымен коммунист П.Семизбаев аудандық сауда бөлімінің бастығы болып тағайындалған.
Сұм соғыс басталды дегенде алғашқылардың бірі болып 1941 жылдың 15 шілдесінде майданға аттанған. 1942 жылы 105-ші дивизия құрамында взвод командирі болып жауынгерлерді бастап, фашистермен шайқаста жанқиярлықпен ерлік көрсеткен.
Атам Беларусь, Украина, Польша жерлерін неміс фашистерінен азат ете отырып, соғысты Берлинде аяқтаған. «Қызыл Жұлдыз» орденінен бастап, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Алғашқы тың игеруші», сондай-ақ мерекелік барлық марапат пен мадақты алған атамның ерлігі біз үшін медальдан да құнды.
Ол 1945 жылы елге аман-есен оралып, өз жұмысына қайта оралған. Бірнеше басшылық қызметте болып, 1973 жылы зейнет демалысына шыққан. Ауылға келген соң да бейбіт өмірге араласып, өмірінің соңына дейін тіршілікке белсене қатысады. Атамның жастық шағы соғыспен тұспа-тұс келгені, әрине, өкінішті. Мен атамның жеңіске өз үлесін қосып, қан майданда жанқиярлық көрсеткенін мақтанышпен айтамын. Мен өзімнің атаммен әрқашанда мақтанамын.
Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Мен өз Отаным – Қазақстанның Ұлы Отан соғысында жеңіске жетуге қосқан үлесі көп екенін білемін. Қаншама батырымыз бен ардагер ата-әжеміз осы Жеңіске еңбектерін сіңірген. Сол кісілердің арқасында біздің еліміз қазір бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүруде. Біз, кейінгі ұрпақтары, олардың еңбектерін ұмытпауға тиіспіз. Соғыс деген сөз суық естіледі. Жер бетінде ешқашан соғыс болмағанын тілеймін.
Мен бүгін «Егер ата-бабаларым соғыс кезінде жауапкершілік жүгін от кешіп жүріп арқаламаса, біз бүгін осындай бақытты күнге жетер ме едік?» деп ойлаймын. Бүгінгі бейбіт күннің бақытты ұрпағы ретінде аталар ерлігіне тағзым ету – біздің перзенттік парызымыз. Батыр аталарымыз бен аналарымыздың өшпес ерлігі-ұрпақ үшін мәңгілік үлгі-өнеге.
Біздер, «Бабаның еккені – балаға сая» деген аталы сөзді көкейге тоқыған батыр атамыздың ұрпақтары, Ұлы Жеңіс күніне деген құрметімізді мәңгі жадымызда сақтаймыз. Өйткені, атамның есімі отбасы тарихында үлкен әріппен жазылып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасарына сенемін!
Бір бойына тектілік пен даналықтың, еңбек пен ерліктің үлгісін жия білген атамның бүгінде өзі кетсе де, жапырағын кеңге жайған бәйтеректей үш ұл, төрт қыздан жиырма немере-шөбере өрбіп, болашақ ұрпаққа өсиет етіп айтар, өнеге етіп жазар еңбекқорлығы мен іскерлігі мәңгі есте қалды.
Өзі кетсе де, ұрпағы мен тектіліктің көзін қалдыра білген атамды өлді деуге болмас…
Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқадан болғай…

Айгүл ПАЗЫЛОВА,
соғыс ардагерінің немересі.
Талас ауданы

Comments (0)
Add Comment