«Отан отбасынан басталады»

«Отан отбасынан басталады»

Халық арасында «Отан отбасынан басталады» деген қағидат бар. Отбасы – кез келген адам өмірінің ең маңызды бір бөлігі. Өйткені ол белгілі бір әлеуметтік институт. Тәрбиенің негізі жанұядан бастау алатындықтан, оған немқұрайлылық таныту мүмкін емес.

Қыркүйек айының екінші жексенбісі – отбасы күні. Осыған орай Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысы бойынша «Жастар арасында отбасы құндылықтарын арттыру» жобасын іске асыру шеңберінде «Жамбыл облысы Іскер әйелдер қауымдастығының» ұйымдастыруымен аға буын өкілдерінің жас отбасылармен кездесуі өтті. Жиынға жаңадан отау тіккен отбасылар мен жастар, «мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары мен бір шаңырақ астында 30 жылдан астам өмір сүріп, үлгі болып отырған жанұя иелері қатысты. Шараны облыстық іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары, «Анаға тағзым» КММ басшысы Эльмира Мырза-Ғали ашып, жүргізіп отырды. Алдымен сөз алған облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа отбасы құндылықтарына тоқталды.
– Қыркүйек айының екінші жексенбісі отбасы күніне орай, 6-12 қыркүйек аралығын отбасы апталығы деп алдық. Апта бойына отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында түрлі шаралар өткізіп, әр байқаудың жеңімпаздарын марапаттап, ынталандырып жатырмыз. Біздер дала институтын, ата мен әже институтын, отбасы құндылықтарын келер ұрпаққа жеткізуіміз керек, – деді басқарма басшысы. Ал кәсіпкер, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева шара барысында өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастарға отбасын сақтаудағы заңдылықтар туралы, келін мен ененің арасындағы үзілмейтін байланыс жайлы кеңінен айтты. Сонымен қатар қала әкімдігі АХАЖ бөлімінің бас маманы Нұржамал Рахышованың берген мәліметтеріне сүйенсек, шаһарда өткен жылмен салыстырғанда биыл ажырасу саны азайыпты. Былтыр қалада 3093 неке қиылса, оның 636-ы ажырасқан. Ал биыл 2200 үйленген жұптың 361-нің некесі бұзылған. Маманның айтуынша АХАЖ бөлімінде қызметкерлер неке бұзуға келген азаматтармен арнайы жұмыс жүргізіп, психологиялық сабақтар өткізгеннен соң ажырасудан бас тартып жататындар да бар екен.
Отбасылық құндылықтары-ның мәуелі бәйтерегі ол – ана. Ана өз ұрпағына дұрыс жолды меңзеп, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге, рухани бай болуымызға, халық үшін жанымызды пида етуге септігін тигізеді. Ананы әр үйдің шамшырағы, жанған бағы, құндылықтардың негізін салушы деуге болады. Анадан алынған тәлім-тәрбие өмір бойына созылады, оның бітіп қалатын тарифі жоқ. Жанұядағы ана орны ерекше болып қалмақ. Сондай ананың бірі – Үміт Битенова шараға өзінің үш бірдей келіні мен немересін ерте келіпті. Ынтымағы жарасқан Ербол Қамбатыров пен Үміт Битенованың шаңырағындағы басты ұстаным – махаббат. Жиын-да ақын анамыз отбасының негізі мен құндылықтары, ене мен келін, ұл-қыздың тәрбиесі жайында өз ойын ортаға салды. Сондай-ақ басқосуда «Ақынға қара сөзден, өлең оңай» деп Үміт Битенова өз шығармашылығынан жыр шумақтарын көпшілікке тарту етті. Ал «Мерейлі отбасы» облыстық байқауының жеңімпаздары Умаровтар отбасының анасы Мағрифат Умарова келіні мен немересін жиынға алып келіп, «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» тақырыбында өз ойын ортаға салды. Сонымен қатар жиылған көпшілікке «Ника» шешендік оқыту орталығының жаттықтырушы-психологы Гүлжан Ибраимова «Ізгілік иірімдері отбасын біріктіреді» атты семинар-тренинг жүргізді. Отбасы құндылықтары жан-жақты талқыланып, насихатталған кездесудің соңында жас отбасыларға салтанатты түрде неке куәліктері табыс етілді. Шаңырақ көтеріп, үлкен өмірге қадам басқан жанұя өкілдері өздерінің ризашылықтарын білдіріп, бір-бірін заңды некелерімен құттықтады.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment