Қош бол енді, мектебім!

Адам түгіл торғай да өз ұясын қимайды. Кеше ғана алғашқы қоңырауды аманаттап алған шынашақтай балапандар бүгін қанаты қатайып, соңғы қоңырауды өздерінен кейінгілерге табыстап кеткелі отыр. Бұл жолғы би де, ән де бұрынғыдан өзгерек. 11 жыл жинаған білімдерінің нәтижесін бір парақ қағазға сыйғызып алып бара жатқандарымен, көкіректеріндегі қуаныш пен қимастық мына әлемге сыймайтындай толқып тұр. Олар енді бұл мектептің табалдырығын оқушы болып аттамайды. Өздерін тарыдай кездерінен мәпелеп, таудай етіп шығарған осы бір алтын ұяларын ұмытпайтыны да анық.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен Төле би атындағы №8 гимназияда мектеп бітіруші түлектерге жалпы орта білімі туралы аттестат тапсыру рәсімі өтті.

– Бүгін баршаңыз үшін қуанышты күн, ал осындағы ұстаздар мен ата-аналар үшін өз балалары мен ұрпақтарына үміт артқан тарихи мезет деуге болады. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында қаладағы 58 орта мектепті 2909 оқушы бітіріп, 95-і «Алтын белгі», 119-ы «Үздік аттестат» иегерлері атанды. 18 түлек халықаралық және республикалық пән олимпиадалары, өнер және спорт салаларында үлкен нәтиже көрсетті. Міне, бұл түлектер шаһарымыздың мақтанышы мен бетке ұстарлары деуге болады. Бұл көрсеткіш үлкен еңбек пен ұжымдағы сапалы жұмыстың нәтижесі деп білемін. Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастар жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ел еңсесі биік болады. Ендігі тәуелсіз Қазақстанның болашағы – сіздерсіздер, – деген қала әкімі түлектерге сәт сапар тілеп, «Алтын белгі» иегерлеріне өз қолымен аттестаттарын табыс етті.

Биыл тәуелсіздікпен құрдас гимназияны 102 түлек бітіріп, соның ішінде 5-11 (12) сыныптар аралығында барлық пәндерден жылдық және қорытынды бағалары «5» болған 10 түлек «Алтын белгі» марапатына ие болды. Соның бірі «Экономика негіздері» пәнінен өткен республикалық ғылыми жоба конкурсының І орын иегері Дана Анабекова: «Мен ұстаздарыма рақмет айтқым келеді. Менен кейінгі іні-сіңілдеріме айтарым, өз армандарыңа жету жолында аянбай еңбек етіңдер. Өз-өздеріңді жақсы көріңдер. Адам өзін жақсы көргенде ғана жақсы табыстарға жете алады. Мен бүгін алтын медальді қала әкімінің қолынан алғаным үшін және осындай өзімнің тәуелсіз мемлекетте туғаныма бақыттымын. Болашақта танымал кәсіпкер болып, ел экономикасын көтеруге өз үлесімді қосқым келеді», – деп өз арманымен бөлісті.

Ал осы түлектердің мерекелік концертін ұйымдастырып жүрген Гүлзада Қырықбаева түлектердің алдағы өмір жолына сәттілік тіледі.

– Бізде 2016 жылдан бастап драма үйірмесі жұмыс істеп келеді. Біз арнайы атаулы күндерге ұлы тұлғалардың рөлін сомдап, театрландырылған көрініспен шығуға тырысамыз. Биылғы жыл басқа жылдан өзгеше болып тұр. Олай дейтінім, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы, Мұқағалидің 90 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Біз осыған орай мерекелердің бәрінің басын бір арнаға тоғыстырып, өзімнің дайындаған түлектерімді алып, «Тәуелсіздік ұландары» атты сахналық қойылымды қойдық, – деді Гүлзада Таласбайқызы.
Салтанатты жиын соңында түлектер ант беріп, өз армандарына адал болуға уағдаласып, ұстаздарына алғыс айтып тарқасты.

Comments (0)
Add Comment