ҚОШ, ҚАЗАҚТЫҢ ҚОҢЫР ҚҰЛЖАСЫ!

Қазақстан Республика-сының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, қабырғалы қаламгер Несіпбек Дәутайұлы 74 жасында дүниеден озды.

«Қарыс жерде қаза бар». Бұл даналықты шын түсініп қабылдасақ та, соңғы екі жылда болған орны толмас қайғылар бізді қажытты. Руханиятымыздың аймүйіз серкелері бірінен соң бірі келместің кемесіне мініп кетіп жатыр. Енді сол қайырсыз кемеге белгілі жазушы Несіпбек аға Дәутайұлы да мініп, қайырылмас сапарға аттаныпты. Өте өкінішті…
Жамбыл өңірінде қызмет атқарған кезімде тығыз қарым-қатынаста болып, руханият төңірегінде талай жұмыс жасап едік. Бірте-бірте сол араласуымыз аға-бауырлыққа ұласып, Жамбылдан кеткен соң да жиі хабарласып, хал сұрасып тұрушы едік. Нағыз ұлттық деңгейге көтерілген, көкірегіне күллі Алашты сыйдырған үлкен жүректі адам еді, жарықтық.
Күнделікті қоғамның өзгерісін бақылап, үнемі елдің тамыр соғысын қадағалап отыратын. Мемлекет басшысының руханиятқа жанашырлығына риза болып «Қаршадайынан осынау құндылықтарды бойына сіңіріп өскен, қаламгердің, зиялының баласы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір жағы елмен етене екенін ұқтырып әрі қоғамға, ұлтқа пайдалы іспен айналысуға үндеуі мына ауыртпалық кезінде көңілімізге демеу болды» деп жылы пікір білдіргені есімізде.
Алланың ісіне не шара?! Бақұл бол, қазақтың қоңыр құлжасы! Ардақты аға! Әрдайым рухыңызға дұға қылып, мұраңызға бас иеміз.

Берік Уәли,
Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы

Comments (0)
Add Comment