«Қосамын әнге атыңды…»

Әйелдің қабағына үйдің жылуы, гүлдің жұпары, көңілдің көктемі тұнып тұрады. Болмысы гүл, құшағы от, төзімі темір, келбеті күндей көркем нәзікжандылардың ішкі дүниесін ашып, жүрегіне үңілетін туындылар аз емес. Бірі анасына жыр арнаса, енді бірі жарының құрметіне арнап фильм түсіріп, ән жазады. Әйел тақырыбын қаузамаған қалам, танытпаған талант жоқ. Ал сол туындылардың ішінде тарихы тамсандырып, қылығы қызықтырып, бояуымен жан әлемін түрлі түске бөлейтін шығармалардың жөні бөлек.
Мереке қарсаңында міне осы туындыларға тоқталып өтсек…

Анасы хал үстінде жатқанда сазгер Шәмші Қалдаяқов: «Ана, мен сенің басыңа кесене ғимарат орнатам деп айта алмаймын, бірақ мен саған әннің ең асылын, ең нәзігін арнап жазамын, ол ешқашан ұмытылмайды», – деп уәде берген екен. Композитор консерватория- да оқып жүрген кезінде анасы өмірден озды деген суық, қаралы хабар естиді. Анасының мезгілсіз қазасы оның жанына қатты батады. Алматыға оралған бойда ол ақын-жазушы замандастарына жолығып, ана туралы әннің сөзін жазып беруді сұрайды. Сонда замандастары Ғафу Қайырбековтің анасы да өмірден өткенін айтып, соған жолығуға кеңес береді. Шәмші дереу ақын Ғафу Қайырбековке барады. Ғафу әнді тыңдап, біраз уақыт үнсіз отырады. Ол да анаға арнау ретінде жыр жазуды ойластырып жүрген екен. Сазгердің мұңды сазынан кейін ол 15 минуттың ішінде «Ана туралы жыр» әнінің мәтінін жазып береді. Осылайша теңдессіз туынды туады.
Бірде Ақан сері Қорамсаұлы ауыл- ауылдарды аралап жүрген кезінде шілдехана тойының дәл үстіне түседі. Серінің келіп қалғанын көрген халық дастарқан төріне жайғастырады. Алайда Ақанның қасына ешкімнің отыруға батылы бармайды. Ақан сері қиялға беріліп кетіп, жын-перілермен қатысы бар екені туралы әңгімелер шыққандықтан, бәрі өзін жайсыз сезініп, тойдың берекесі қашады. Тек Қадиша ғана серінің қасына отырады. Бірақ Қадишаның ағалары болған жағдайды естіп, қарындасының отырған жерінен алып кетуге бекінеді. Алайда Қадиша мен серінің арасында қимастық сезімі пайда болады. Қыз қайтуға жинала бастағанда, Ақан қолына домбырасын алып, сол жерде туған «Балқадиша» әнін шырқайды. Қадиша қыздың Ақанның жанында отырғанын естіген бойда оған көңілі бар ақсақал «Қадишаны қайтарыңдар» деп бұйыр- ған екен. Алайда Қадиша үлкен кісіге емес, кейіннен теңіне ұзатылған. Мұны естіген Ақан қоштасу сәтінде туған әнін әрі қарай жетілдірген. Мұңды әннің 90 шумағы болған деседі.
«Нурикамал» – шығу тарихы ерекше әндердің бірі. Сөзін жазған – Ханбибі Есенқарақызы. Ән авторы – Тұрдықылыш Ізтаев. Ерлі-зайыптының үш баласы бар кезі. Сазгердің жары Ханбибі Есенқарақызы күйеуінің пианино жанында отырғанын көреді. Ол кезде өнерпаз жарының Нурикамал есімді бойжеткенге ғашық болып қалғанын білген. Сол сәтте жарының атынан Нурикамалға өлең жазып: «Айт- қың келгені осы ма еді?», – деп өлеңді күйеуіне береді. Ханбибі «Нурикамалдың менен қай жері артық?» деп те ойлаған. Бірақ кейін әнге арқау болған Нурикамалды көріп, жарының талғамына риза болған екен.
«Қорлан» әні – «Ән ханшайымы» деген атқа ие болған. Бұл әнді Естай Беркімбайұлы 20 жасында Қорлан Сұлтанқызына арнап шығарған. Ертіс елінің азаматы, Сүлеймен баласы Шошан деген жігіт Маралды болысы, Қыпшақ еліндегі қайнына күйеушілеп баратын болады да, Естайды шақыртып бірге ала кетеді. Сұлтан деген болыстың бойжеткен екі сұлу қызының үлкені – Қорлан, кішісі – Құсни. Әрі әнші, әрі ақын, сегіз қырлы жігітке Қорланның көңілі ауады. Естай да қызды ұнатады. Сөйлеседі, сырласады. Қорланның айттырып қойған жері бар екен. Соған қарамай екі жас келісіп, Естай келесі жылы Қорланды алып қашпақ болып, қыз ауылына жасырын келеді. Бірақ қызға жолыға алмайды. Сұлтан құдасына хабар айтып, Қорланды тездетіп ұзатып жібереді. Қайтыс боларында Естай досына саусағындағы Қорлан сыйлаған сақинамен бірге жерлеуін өтінген екен.
Ақ жаулықты аналар мен аруларға арнап түсірілген кинолар да кейінгі жылдары телеарналардан көп көрініс табуда. Мәселен, режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» көркем драмалық фильмі көпшіліктің көңілінен шықты. Үш сағатқа созылған тарихи фильм 1930-жылдардағы қазақ халқының басына түскен нәубетті суреттейді. «Анаға апарар жол» картинасының негізгі сюжеті ана махаббатының қуатты күшінен бастау алады. Осынау құдіретті күштің арқасында кейіпкер үйіне барар жолда кездескен ауыр қиыншылықтарды жеңіп шығады. Оқиғаның негізгі желісі қазақ халқының басына түскен ауыр кезеңмен тұспа-тұс келген. Картинаның басты кейіпкері Ілияс ерекше рухты, ерлік пен отансүйгіштік және керемет қайсар мінез көрсетеді. Тағдырдың ауыр соққысымен бетпе-бет келеді. Осынау ауыртпалықтарды еңсеруге оған анасымен жүздесу мақсаты күш береді. Фильм өмірлік құндылықтардың мәні мен тіршіліктегі құбылыстарға өзгеше көзқараспен қарауға үндейді. Аталған кинотуынды 38-ші Халық- аралық Мәскеу кинофестивалінде және «Еуразиялық көпір» атты фестивальге қатысып бас жүлдені, сонымен қатар актриса Алтынай Нөгербек «Үздік әйел адам рөлі» номинациясында жеңіске жетті.
Нәзікжандылардың жанына үңілген жазушылардың шығармалары да аз емес. Әйел жаны, ана болмысы туралы тебірене жазған жазушылар арасынан Ғабит Мүсіреповтің есімін ерекше атап өтуге болады. Жазушы «Ақлима», «Ананың анасы», «Әмина», «Ананың арашасы», «Ашынған ана», «Ана жыры», «Ер ана», «Атақты әнші Майра», «Айгүл қойшының күндері», «Айжан қойшының түндері» атты әңгімелерін жазды. Ана тақырыбындағы шығармаларының жиынтығы ретінде 1974 жылы «Ұлпан» атты ірі эпикалық туындысы дүниеге келген. «Ұлпан» – бүкіл аналардың жиынтық бейнесі, ел шежіресінің мазмұнында құрылған роман, ана тақырыбына жазылған шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі. Романда қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы кең көлемде сөз болады. Жазушы әңгімелеріндегі қазақ әйелдерінің өршіл де өжет, қажырлы да сабырлы, пайымды да ақылды қасиеттері барынша жарқын суреттелген.
Бейімбет Майлин қазақ әйелдері теңдігі туралы талмай жазып отыр-ған. «Раушан коммунист», «Рәзия», «Маржан қыз», «Зайкүл», «Қашқан келіншек» сияқты поэмалары ой салады. Бейімбет туындыларының ішінде «Шұғаның белгісі» атты әңгімесі – поэзия мен лирикаға толы шебер жазылған шығарма. Шұға – тағдырында өктем зорлықшылардың кесірінен кеудесін кернеген өкінішінің запыранын жұтып, күресудің жолын білмей, ызасы ішіне жиналған қыз. Шұғаның соңғы жазған хаты махаббат пен мұңға, өкінішіне өртенген, қасірет шеккен жанның жолдаған мәңгілік сағынышы іспетті. «Шұға десе, Шұға еді-ау» деп іштей тамсанып, махаббатының жолында құрбан болған хас сұлуды өлімге қимай, іштей қорланасың. Оған көмек қолыңды соза алмағаныңа қынжылып, жастай солған жауқазын гүлдің өскініне жаның ашып кетеді. Сондай сенімді, сондай тартымды кейіпкердің өмірден өтіп бара жатқанына күйзелесің. Бұл – Бейімбеттің қазақ қызының ішкі психологиясын зерттеп, сезініп барып жазғанының дәлелі. Дүниеден озған Шұғаны ойлап күрсініп тұрып, өз сүйгеніне қосыла алмаған қыздарды ойыңа алып, мұңға батасың. Бұл шығарма, яғни «Шұғаның белгісі» қазақ әйелдерінің теңдігін аңсап, бас көтерген сәттерін көз алдыңа алып келеді.
Иә, мереке қарсаңында фильм, ән, жыр, күйдің тебіренісі арқылы бірде гүл, бірде нұр, бірде күз, енді бірде көктем болып тербелдік, тебірендік. Аспанның мың жұлдызын арнап, әлемнің шексіз мадағын ұсынып, қыздың қыз- ғалдақ ғұмырын жырға қосып, нұрға бөледік. Күлкісінен күн күліп, қабағын түйсе дала күңіренетін әлемі ғажап әйел затына мың алғыс дейсің мұндайда.

Құралай Сейсенбекқызы

Comments (0)
Add Comment