Қаңтардың қытымыр аязы күшіне мініп тұр. Мұндай мезгілде жыртқыш аңдар жеуге азық таппай, ауыл маңын жағалайтыны белгілі. Түз тағыларының қорадағы төрт түлікке түсуі қалыпты құбылыс болса, шибөрілердің қорымдарды қазып жатқаны тұрғындарды шошытып отыр. Мұндай жаға ұстатар жағдай Талас ауданы, Ақкөл ауылында тіркеліп, бұқара дабыл қағуда.
Қанжан Абдиев қарияның ұлы өткен жылдың соңында мезгілсіз қайтыс болып, жақындары жер қойнына тапсырады. Алайда қара жамылған отбасы баласының моласын бірер күнде көруге барғанда оның айналасы қазылып, жыртқыштар ішке түспекші болғанын байқайды.
– Ұлымның моласының айналасын тазартып, бақылап қайтуға барғанымда қорқынышты жағдайға куә боламын деп ойламадым. Айналасы шұңқыр болып қазылып, жыртқыштар ішке түспекші болғаны анық байқалып тұр. Абырой болғанда дер кезінде келіппін. Баламның денесіне жыртқыштар жете қоймапты. Дереу қазылған шұңқырларды көміп, айналасын қатты материалдармен бекітіп тастадым.
Биыл ауылда шибөрі өте көп. Ымырт түсе ауылды айналып, шуылдап кетеді. Бұл солардың ісі екені анық. Осы шибөрілерді жергілікті билік тарапынан атып, санын азайтып қойса, жөн болар еді. Әйтпесе, ашынған жыртқыштар малды қойып, енді қорым қазуға шықты, – дейді жүрегі қан жылаған әке.
Иә, бұл – шын мәнінде төбе шашыңды тік тұрғызатын жағдай. Осы орайда мұндай оқиғалар ауылда қаншалықты жиі болатынын білмек мақсатпен ауыл имамына хабарластық.
– Ауылда шибөрі өте көп екені рас. Ақкөл көлі жақын орналасқандықтан, жыртқыштар көп жүреді. Күн суытқалы бері шибөрілер тұрғындардың уақ малдарын талап тастағанын естігенім бар. Алайда қорым қазып жатқанын құлағым шалмапты. Бірақ бұл мәселені жіті бақылауыма алып, молаларды аралап шығамын. Содан кейін тиісті органдарға хабар беремін.
Қазақ мұндай жыртқыштарды «қорқау» деп атаған. Қорқаулардың қорым қазуы байырдан бар нәрсе. Көп жағдайда моланың құмы төмен түсіп кетсе немесе ылғал болып жатса, сол кезде шибөрілер «шабуылдайды».
Бұл – алаңдайтын жағдай. Сондықтан ауыл ішіне дейін кіріп кеткен шибөрілердің санын мемлекет тарапынан азайтып берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Төрт түлікті талап, қорым қазып жатқан мұндай шөбірілер ертең ауыл тұрғындарына, оның ішінде жас балаларға шабуыл жасап жатпасына да ешкім кепілдік бере алмайды, – дейді ауыл мешітінің имамы Сейітхамелидин Әміров.
Міне, осылайша ауыл молдасы да бұл жағдайға алаңдаулы күйде отыр. Жабайы жыртқыштардың санын заң шеңберінде азайту турасында Заң не дейді? Соны білмекке облыстық Табиғи ресурстар және тибағат пайдалануды реттеу басқармасына қайырылдық.
– Жыртқыштардың санын азайтудың заңнамалық нормасы бар. Яғни, лицензиясы бар аңшылар қасқыр мен шибөрілерді ата алады. Алайда лицензия алу үшін арнайы инспекцияға өтінім беру керек. Солардың тексерісінен кейін рұқсаттама беріледі. Табиғаттағы тепе-теңдікті сақтау үшін қасқыр немесе шибөрілердің тек белгілі бір пайызын ғана атуға лицензия беріледі. Осы құжат негізінде аңшылардың жыртқыштарды аулауға мүмкіндіктері бар, – дейді басқарманың орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Әділ Жақыпов.
Осы ретте лицензия алудың тәртібі қандай және жылына қанша жыртқыш аңды атуға болатынын білу үшін басқарма маманы бағыттаған инспекцияның есігін қақтық.
– Жыртқыш аңды атуға берілетін рұқсаттама ашық жарияланады. Электрондық база арқылы аңшылық құжаты және мылтығының нөмірін тіркеп көрсетсе, өтінім берушіге аңдарды тегін атуға рұқсат беріледі. Алайда қанша жыртқыштың көзін жоюға болатынын біз белгілемейміз. Оны министрлік бекітеді. Жыртқыш аңдарға жүргізілген есепке қарай атуға болатын пайызын шығарады. Биылға әлі нақты көлемі бекітілген жоқ. Алайда 2024 жылы 289 қасқыр мен 589 шибөрі атуға рұқсаттама қағазы берілді. Бұйыртса, осы қаңтар айында үстіміздегі жылы қанша жыртқыш аңды атуға болатын саны шығады деп күтілуде. Сол кезде өтінім берген аңшыларға рұқсаттама құжаттарын береміз. Олар атқан жыртқыш аңдарын жергілікті орман шаруашылығы мекемесіне өткізеді, – дейді Жамбыл облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Нұрғали Ниязқұлов.
Байқап тұрсақ, жыртқыш аңды атуға рұқсаттама алудың еш қиындығы жоқ екен. Тиісті құжаттарын өткізсең болғаны. Алайда биылға қанша қасқар мен шибөріні аулауға рұқсат берілетіні анық болмауда. Сондықтан ақкөлдік ағайынға сәл төзімділік танытуға тура келеді. Әйтеуір, лицензия беріледі дегенге дейін қорымдардағы мәйіттер қорланбасын деп тілейік.
Саятхан САТЫЛҒАНОВ