Әлеуметтік жұмыс – жеке адамдардың әлеуметтік мәселелерін, ең алдымен әлеуметтік жәбір көрген жеке тұлғалар мен қоғамдық топтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге, азаматтардың әлеуметтік кепілдігі бар құқықтары мен қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, әлеуметтік қызметін атқару қабілетін қалпына келтіруге немесе көтеруге қолайлылық туғызатын жағдайлар жасауға бағытталған кәсіптік іс-әрекеттің ерекше бірлестірілген, пәнаралық түрі.
Әлеуметтік қызметкерлердің кәсібі егде жастағы адамдарға, қалыптасқан жағдайларға байланысты сыртқы көмексіз жасай алмайтын адамдар үшін жанқиярлықпен жұмыс істеуге дайын адамдар үшін ғана өмірлік іс бола алады. Қазіргі таңда облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығының мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеп, дені сау адамдармен тең дәрежеде күнделікті тұрмысқа қажетті іс-әрекеттерді меңгерту болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, өмір сүруге дағдыландыру. Орталықтағы ахуалдылықты үй ішіндегі жағдайға барынша теңістірілген десек, артық айтқандық емес.
Әлеуметтік өмірге белсенді түрде бейімдеп, бағыт-бағдар беру мақсатында арнайы әлеуметтік-тұрмыстық бөлмесі қарастырылған. Десек те, бұл бағыттың мақсаты өзіне-өзі қызмет ету, қолдың ұсақ моторикаларын икемге келтіру болып табылады. Қызмет алушыларды тұрғын үй-жайларда (бөлмелерде) орналастыру кезінде олардың денсаулық жағдайы, жас ерекшеліктері, дене және психикалық жағдайы, бейімділігі, психологиялық үйлесімділігі, жеке басының дамуы мен әлеуметтенуінің деңгейі ескеріледі. Жұмысымыз адамдарға қызмет көрсету болғандықтан, ең алдымен қабылданған қызмет алушымен сұхбаттасып, әңгімелесу барысында көңіл-күйін, денсаулық жағдайын, қызығушылығын біле отырып, орталықта жүргізілетін әлеуметтік-тұрмыстық бағытымен таныстырамыз. Тұрмыс – күнделікті өмір. Адамдардың табиғи (ас, киім, денсаулық, еңбек) және мәдени құндылықтарды игеруі, демалу, басқалармен араласу сияқты қажеттіліктерін жүзеге асыру үшін қажетті сала. Ұқыпты, әдепті жүріп-тұруын, таза киініп, басқалармен жақсы мәміледе болуы туралы әртүрлі тақырыптарда баяндамалар оқылады, практикалық тұрғыда асхана бөлмесіндегі заманауи техникалармен таныстырып, қолданылуы үйретіледі, түрлі іс-шаралар өткізіледі. Наурыз мерекесіне орай жұмсақ бауырсақ, наурыз көже дайындау жолдары үйретіліп, ауқымды түрде барлық қызмет алушыларға таратылса, туған күндік мерекелерге тәтті бәліштер пісірілуі үйретіледі, күнделікті ас мәзіріне орай қажетті дәруменді салаттар, түрлі тіскебасарлар, әр ұлттың ас мәзіріне орай бешбармақ, палау, лағман, тәттілердің дайындалу жолдары көрсетіледі. «Инстаграмның» жұмыс парақшасында бұл туралы мәліметтер жүктеліп тұрады.
Орталықта қыркүйек айының 22 күні «Берекелі дастарқан» тақырыбында шеберлік сағаты өтті. Іс-шара кезінде қатысушылар өз құштарлығын, аспаздық қабілеттерін барынша көрсетіп, берекелі дастарқан жайып, белсенді атсалысты. Қызмет алушы Жансая Жұмағұлова нан пісіргішті қолдануды үйреніп, дәмді «Француз» бөлке нанының құрамымен, әзірлеу әдіс-тәсілдерімен танысып, даярлауды көрсетті. Айжан Сүлейменова және Жанат Жұмажанова түрлі-түсті қамырдан диеталық, буда піскен «Раушан гүл» даярлады. «Ташкент» шайының құрамымен, негізгі демдеу әдістерімен танысып, қызмет алушы Кенесары Самидин даярлауды үйреніп, ұсынды.
Омар Хайям айтқандай: «Уайым ертеңгі мәселені шешпейді, тек бүгінгі мазаны алады». Тіршіліктің әр күнін ләззатқа толы шаттық, бақыт деп сана. Қандай жағдай болса да, жақсы немесе жаман болсын, ол бәрібір өзгереді. Ен жақсысы әлі алда. Бастысы, соған сеніңіз.
Айгуль Кулумбетова, облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығының әлеуметтік тұрмысқа баулу ңұсқаушысы, Зауре Дүйсенбекова, әлеумет маманы