Орталық Азияға Ислам діні қалай таралды?

Қазақ елінде өткенге үңіліп, халқымыздың тарих торабындағы діни құндылықтарды сүзгіден өткізуге зор қадам жасалуда. Мұндай ілкімді бастамалар халықтың діни танымына өзгеріс енгізуге ұмтылған Ислам дінінің атын жамылған түрлі деструктивті ағымдардың өрісін тарылтып, дәстүрлі діни сенімнің мүддесін қорғап, дәрпін асыруға үлкен мүмкіндік тудырары сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда Ислам дінінің Орталық Азия мен Дешті-Қыпшақ даласына таралу тарихын зерделеу аса маңызды. Өйткені қазақ халқының төл исламтану мектебінің негіздері Ислам дінінің Орталық Азия мен Дешті-Қыпшаққа таралуы мен жерсіну процестерінде жатқаны баршаға аян.

Алғаш болып Ислам дінін қабылдаған Таяу Шығыстағы түркі мемлекеттері Толуни, Ихшид, Сажи, Орталық Азиядағы Самани, Ғазнауи, Тахири, Ғұри, Алтунташ, Мәмуни, Қарахан, Хорезмшах, Солтүстік Кавказ және Еділ бойындағы Хазария мен Бұлғарлар тарихын, сондай-ақ Мәуереннахрдағы Матуриди кәламдық мектебі, Ханафи фиқһтық мәзһабы және Ясауи, Кубрави, Хожеган (нахшбанди) сопылық бағыттарының қоғамның рухани дамуына қаншалықты қызмет еткенін ғылыми тұрғыда саралау – біздің дәстүрлі діни танымымызды жаңғыртуға өз септігін тигізетіні белгілі. Негізінде бұл мәселелерді жеке-жеке тақырыптарға бөліп, арнаулы зерттеулер жасауымыз шарт. Яғни Ислам дінінің таралуындағы саяси фактордан бөлек, діни-әлеуметтік себептер мен рухани үдерістерге дербес ізденіс қажет. Кәлам ілімнің таралуын, фиқһ мәзһабтарының дамуын, сопылық ағымдардың өрістеуін жеке зерттеп келіп, жүйелі түрде қорытындылау тарих шындығын әйгілейтіні белгілі.
Шынтуайтында Ислам діні түркештер билік құрған VII-VIII ғасырларда Орталық Азияға тарала бастады. Хақ дінінің Мәуереннахр мен Түркістан өлкесіне жерсінуі, жергілікті түркілердің төл сеніміне айналу процесі ұзаққа созылды. Оған сол кездегі аймақтық және ұлттық ерекшеліктер, геосаяси ахуал мен діни жағдай және т.б. факторлардың ерекше әсері бар еді. Жаулап алу соғыстары, ұлттық алалаушылық, әлеуметтік теңсіздік және кейбір экономикалық мәселелер Ислам дінінің таралуын кешеуілдетті. Ал түркілердегі харизматикалық басқару жүйесі, ескі және жаңа діннің арасындағы рухани сабақтастық, діннің өзге де артықшылықтары Исламның Орталық Азияға орнығуына екпінді ықпал етті.
Ислам діні Қарахан дәуіріндегі саяси тұлғалардың қолдауы арқылы Орталық Азияда доминанттық күшке айналды. Түркілердің діни дүниетанымы, қоғамдық қатынастарды реттеу құқықтық жүйесі, әлеуметтік және мәдени өмірінде үлкен өзгерістер орын алды. Ғылым мен мәдениет, моральды-этикалық құндылықтар қарыштап дамыды. Матуриди ақидасы мен Ханафи фиқһтық мәзһабы, әһлі сүннет сопылық мектептері аймақта үстемдік құра бастады. Ғылымның түрлі салаларында өркениетке бастар ұлы шығармалар дүниеге келді.
Қарахан дәуіріндегі Ислам дінінің түркілердің жүрек төрінен орын алуына сопылық мектептердің де қосқан зор үлесі болды. Түркістанның піріне айналған Қожа Ахмет Ясауи және оның ізбасарлары Ислам дінінің Сүлеймен Бақырғани, Қажы Бекташ Әулие, Сары Салтық, Жүніс Әмре, Ашық Паша, Ғази Бурханиддин, Дехкани, Ахмед Даий, Насими, Қажы Байрам Әулие, Мансұр ата, Сайд ата Хорезми, Мұхаммед Даншмент Зарнұқи, Суксук ата, Исмайыл ата, Садыр ата, Бадыр ата, Зеңгі баба, Ұзын Хасан ата, шейх Иқани, Құсшы ата, Жүсіп ата, Шопан ата, Қажы Бекташ әулие, Сары Салтұқ, Шайық Лұқпан Перенде, Баба Машын, Әмір Әли Хакім, Хасан Бұлғани, Имам Мерғазы, Шайх Осман Мағрифи секілді хикмет иелері Хақ діннің түркілердің жан-дүниесінде салтанат құруына ерен қызмет етті.
Қарахан және Жошы ұлысында Ислам дінінің одан ары қарай беки түсуіне Ислам дінінің Орталық Азия мен Дешті-Қыпшақ даласына таралу тарихын зерделеу барысында ортағасырлық араб-парсы және түркі деректеріне қатысты зерттеушілердің тұжырымдары бір ізді емес. Мәселен Тизенгаузен жасаған Алтын Орда дәуірінде қатысты тарихи мәліметтер жинағындағы (СМИЗО) ой-пікірлер мен кейінгі тарихи тұжырымдардың арасында үлкен айырма бар. Ислам дінінің Орталық Азияға таралуының тарихи келбеті, ондағы тарихи шайқастар мен келісімдер, саяси қайшылықтар мен рухани үйлесімдердің мәнін ашу, түсіндіру, алғашқы түркі-ислам мемлекеттерінің сипаттамалары, құрылымы, тұрпаты, Мәуереннахрда өркен жайған Матуриди, Ханафи және Ясауи мектептерінің тарихи маңызы мен мәнін ашуда әрбір зерттеуші түрлі әдіснамаларды ортаға қойып, дербес тұжырымдар жасаған. Әлбетте зерттеу қорытындысындағы әртүрлілік – ғылым үшін зор рухани қазына. Десе де түрлі тұжырымдарды тарихи оқулықтарға жүйелеп, бірізді етіп беру өскелең ұрпақтың ой-санасының дұрыс әрі тұтастықта қалыптасуына оң әсерін тигізетіні түсінікті. Сол себепті еліміздегі Орта ғасырлардағы Ислам тарихын кешенді зерттеу аса маңызды.

Ермек МҰҚАТАЙ,
дінтанушы

Comments (0)
Add Comment