Ортағасырлық Қараханид дәуірінің тілдік мәдениеті

Ұзақ уақыт бойы тарихи-саяси жағдайдың сан алуан себеп-салдарынан, түркі тілдес халықтардың көпшілігінің атамекені болған қазіргі Қазақстан территориясында небір мемлекеттер құрылып, кейбіреулері белгілі бір уақыт өлшемі тұрғысынан алғанда ұзақ өмір сүрген болса, енді біреулері бірнеше ондаған жылдар ғана тайпалық одақ немесе мемлекеттік бірлестік ретінде көрініп, тарих сахнасынан кетіп отырған. Түркі әлемі мен қазақ тарихын зерттеушілердің еңбектеріне жүгінсек, бір кезеңдерде пайда болып, қайтадан ыдырап кеткендерін есепке алмағанда, ұлы дала аумағында скиф, сақ, ғұн мемлекеттік бірлестігінен кейін Ұлы Түрік қағанаты, Батыс және Шығыс Түрік қағанаты, Түргеш қағанаты, Ұйғыр қағанаты, Қарлұқ мемлекеті, Қараханит, Қарақытай, Қимақ, Қыпшақ бірлестігі, Жошы ұлысы, Алтын Орда хандығы, Әбілқайыр хандығы (Өзбек ұлысы), Моғолстан, Қазақ хандығы деген ірі мемлекеттер мен мемлекеттік бірлестіктер болды.
Содан бері қаншама ұлы оқиғалар, күрделі тарихи кезеңдер, қилы замандар өтті. Түркі қағанаты билік құрған ұлы дала аумағында қаншама мемлекет құрылып, қайтадан ыдырап кетіп жатты. Солай бола тұрса да, олардың құрамында болған негізгі ру-тайпалар түркілер еді. Түркі тілдері жылдай уақыт ішінде бірталай өзгерістерге ұшырады. Бірікті, жеке мемлекет те болды, түрлі мемлекеттердің құрамына да енді. Түркі әлемі 40-қа жуық этностарға бөлінді. Олардың тарихи дамуы мен болмысы да, тағдыры да әрқилы болды. Олар кейіннен шартты түрде оғыз, қыпшақ, қарлұқ, қырғыз тілдес түркі тайпалары деген тармақтарға бөлінсе де, бәріне ортақ өркениеті, мәдениеті бар, бір-бірлеріне көп жағдайда әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, өмір сүру салты ұқсас келетін, түп тамыры, ділі, діні бір жекелеген ұлттық мемлекеттерге айналды.
Түркілер тарихта теңдесі жоқ үлкен мемлекет құрған. Соның бірі әрі бірегейі Қараханид мемлекеті. А.Аманжоловтың айтуынша «Түркі рунасы VІ-Х ғғ. ежелгі түркі мемлекеттерінде кеңінен пайдаланған.Оларда «ежелгі түркі тіліндегі» жазба-әдеби тілдің жоғары дамуы таратылып көрсетілген. Қазақстан териториясына қатысы бойынша бұлар Бірінші Түркі қағанаты, Батыс Түркі, Түргеш, Қарлұқ және Қараханид мемлекеттері болып табылады».
Жалпы, түркі жазба әдебиетінің қалыптасуы Қараханид дәуірімен тұспа тұс келеді. ХІ ғасырда атақты Жүсіп Баласағұнның 1069 жылы «Құтты білік» әдеби шығармасының тілі ретінде белгілі қарлұқ-қыпшақ тілінің дәуірлеу кезеңіне ықпал етті. Шығарма түркі тіліндегі неғұрлым көне әдеби ескерткіш болып табылады. Шығарманың тілі түркі тіліндерінің көне батыс түріне жатады. Бұл шығарма бізге Вена, Каир және Ташкент қалаларында сақталған үшін көшірмемен жеткен. Венадағы жазба ұйғыр тілінде, Каир мен Ташкенттегі жазбалар араб тілінде жазылған, түпнұсқа негізінде араб жазуымен жазылған болуы керек, мазмұны бойынша поэма «панд-намэ» деген дидактикалық шығармаға келеді. Мәдени-тарихи тұрғыдан поэма теңдессіз құнды мұра болып табылады. Ол мұсылмандық идеологиясына негізделген және сол идеологияны насихаттайтын түрк тіліндегі алғашқы ірі көлемдегі кайталанбас дара туынды болып табылады. Поэма ХІ ғ. түркі әдеби тілінің үлгісі болып саналады. Бұл шығарманың дүниеге келуі жаңа жазба тілдін калыптасуына негіз болды. Ол Қарахан мемлекетінің шығыс бөлігіндегі түркі тілі немесе қарлұқ-ұйғыр жазба тілі еді. Қысқаша айтар болсақ, «Құдатғу білік» қазіргі түркі тілдес халықтардың барлығына ортақ мақтаныш. Автор поэманы жазуға Шу өзені жағасында орналасқан Баласағұн қаласында кіріскен және оны сол кезендегі түркі әлемінің мәдениет орталығы Қашқарда аяқтаған.
Басты назар салатын дүние бұл Көне Тараз қалашығының маңында орналасқан ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мұралар тізіміне еңген керемет қалашық Баласағұн қаласында өмір сүрген Жүсіп Баласағұнидың туындысы Х-ХІ ғасырлардағы Түркі мәдениетінің соның ішінде Қараханид дәуіріндегі халықтың рухани өмірі мен адамгершілік қасиеттерін, өмір сүру салттарын көрсете білген. Маңыздысы түркі тілінен кейін араб тілінің белсенді қолданыста болғандығының бір дәлелі.
ХІ ғасырда Қазақстан тарихын зерттеуде маңызды орынға ие болатын М.Қашғаридің “Диуани лұғат ат–түрік” атты еңбегі. Ол түрік халықтарының орналасуы жайында мәліметтер бере отырып қыпшақтарға да тоқталған. М.Қашғаридің еңбегі қыпшақтардың тілін зерттеуде өте құнды еңбек болып саналады. Орта Азиядан шыққан ежелгі филолог және саяхатшы түріктер қоныстанған территорияларды аралап жүріп, өз көргендерін нақты жазып отырған, оның еңбегі 1074 жылы жарық көрді. Түркі тілдерін дүниежүзінде ең алғашқы зерттеген – энциклопедист, ғұлама ғалым Махмұт Қашғари. Махмұттың ана тілі – Қарахан мемлекеті қағандарының, яғни Шығыс Түркістан түркілерінің тілі (ғалым оны «таза тіл» деп санайды). Ол тілде Іле бойын жайлайтын яғма, тухси, чығыл сияқты тайпалар сөйлеген. Махмұт Қашғаридың бұл еңбегі үлкен энциклопедиялық шығарма екендігіне және онда аса бағалы да құнды деректер берілгендігіне күмән жоқ. Диуанида 29 тайпаның аты аталды. Ол адамдарды өнер-білімге, әдептілікке шақырып, адамгершілік мораль, этика, ұлтшылдық мәселесін сөз етеді.
Қарахандар әулеттері тұсында түркі әлемінің мақтанышына айналған ұлы тұлғалар дүниеге келді. Олар ислам руханиятының түркі жұртына ғаламат прогрессивтік әсер еткенінің тірі дәлелдері болды. Олар мұсылман әлемінің түрлі ғылым салаларына елеулі үлес қосты.
Ислам кезінде түркілер өздерінде бұрын-соңды болмаған және тіпті сол заманда барлық халықтарды таң қалдырған, аса дамыған білім беру жүйесінде енді. Оның рухани-дүниетанымдық, әлеуметтік салдарын сөзбен айтып жеткізудің өзі қиын. Түркі жастары енді философия, астрономия, математика, химия, география, сол секілді классикалық үлгі болып саналатын араб-парсы әдебиеті мен шет тілдерін (тіпті грек, еврей, үнді, т.б.), түрлі өнерді меңгеруге ұмытылып, Ұлы Жибек жолы бойымен ағылған сауда керуендеріне ілесіп, Таяу Шығыс, Иран, Орта Азия қалаларынан білім алуға ұмтылды. Х-ХІІ ғасырлар аралығында Оңтүстік Қазақстан, Орта Азияның Шығыс бөлігінен Амударияға дейінгі аумақта құрылған қарахандар әулеті мемлекеті Қазақстан мен Орта Азия халықтары тарихында маңызды орын алады. Қарахан әулеті мемлекетінің құрамына кірген шікілі, яғни, тухси, қарлық т.б. тайпалары қазақ, өзбек, қырғыз т.б. түрік халықтарының этногенезінде елеуші рөлін атқарды. Сондақтан Қарахан әулеті мемлекетінің тарихын зерттеу өте манызды болып табылады. ХХ ғасыр басындағы атақты шығыстанушы В.В.Бартольд еңбектерінен кейін қарахан әулеті мемлекетіміз саяси тарихы зерттелген тақырыптар аясына енді. Бұдан кейінгі археолог, нумизмат ғылымдар мен тарихшыларда мәселенің басқа да көптеген қырларын жазба деректер мен археологиялық мәлеметтер арқалы зерттеп, толықтыра түскені бізге мәлім.
Мақаламды аяқтай келе,Қарахан мемлекетінің мәдениетіне екі құбылыс ықпалын тигізді деп айтуға болады, біріншісі қарахандықтар дала өркениеті мен көшпелі түркі елдерінің мұрагерлері, ал екіншісі,олар араб – ислам өркениетінің өрлеу процесінің шеңберіне түскен мемлекет.

Б.Тәжібаев,
«Ежелгі Тараз» ескерткіштері тарихи-мәдени
қорық-музейінің археолог маманы

Деректер:
1. Баласағұн Жүсіп «Құтты білік». Көне түркі тілінен аударған
А.Егеубаев. А., «Жазушы», 2005. – 616 б.
2. Юсуф Баласагуни. Благодатное знание / пер. С. Н. Иванова. Л., Наука,
1990 – с. 711.
3. Қашғари Мұхаммед. Түбібіртүркітілі (Диуанилұғатат – түрік). А.,
«Анна тілі», 1993. Т.1 –192 б.
4.Қазақстан тарихы араб деректемелерінде. 1-2 томдар. А., 2005.

Comments (0)
Add Comment