Маңғыстау облысы, Қарақия ауданының тұрғыны Жадыра Аменова Италияда өткен халықаралық өнер фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды. Ән-күй пәнінің мұғалімі өзінің өнерімен әділқазылар алқасын тәнті етті, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
– «Өнер адамы болмасам кім болар едім? Не істер едім? Қандай тірлікпен айналысар едім?» деген өз-өзіме қойылатын сан сұраққа ешқандай жауабым жоқ. Өйткені, өнерсіз басқа саланы елестете алмаймын. Менің әлемім – осы, – дейді Жадыра Аменова.
Айтуынша, мұғалім жетігенде өнер көрсеткен. Жадыра өзінің туған ауылы Жетібайда ұстаздық етеді. Ол – Өскенбай Қалманбетұлы атындағы балалар өнер мектебінің оқытушысы.
Orfeo in Italia халықаралық фольклорлық аспаптар өнерінің фестивалі онлайн-форматта өтті. Оған 18-35 жас аралығындағы өнерлі азаматтар қатыса алады. Осы жолғы байқауда «Жетіген» номинациясы бойынша Жадыра Аменова бас жүлдені иеленді. Сондай-ақ өзге де жерлестеріміз домбыра мен қобызда өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.