«Ореn space» – қолайлы қызмет

Тараз қаласы әкімдігі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесіп, «Жамбыл–адалдық алаңы» жобасы аясында жаңа форматта қызмет көрсететін «Сервистік әкімдік» ашты.
Жаңа жобаның ашылу салтанатына қала әкімі Қайрат Досаев қатысты.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Суретті түсірген Кирилл БЕРДЕЦКИЙ

– Бұл жобаның негізгі мақсаты – халыққа тиімді және қолайлы қызмет көрсету. Екі мекемені біріктіріп, тұрғындардың уақытын үнемдеп, бір мезетте түрлі мәселелердің шешіміне «бір терезе» қағидасымен сапалы жауап беруді қолға алып отырмыз. Шағын және орта кәсіп, жер рәсімдеу сынды сауалдар халықтан көптеп жолданатыны белгілі. Енді осы бағыттағы мәселелерге дер кезінде жауап беріледі, – деді шаһар басшысы.
Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары мен қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандарын бір жерге шоғырландырып, «Ореn space» форматында халыққа қызмет көрсету расында қолайлы. Мұндай жоба мемлекеттік қызметтің сапасын көтеріп қана қоймай, халықтың цифрлық сауаттылығын арттырып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатын да көздейді. Бұдан былай тұрғындар қаланың әр жерде орналасқан бөлімдеріне қатынап, табан тоздырмайды. Мемлекеттік қызметтің барлық түрлеріне бір ғана жерде жауап берілмек. Ең қолайлысы да сол.
– Бұл «Сервистік әкімдік» орталығы арқылы қала тұрғындары консультативті көмек алып, түйткілді мәселелерінің шешімін таба алады. Ашық, қабырғалары әйнекпен қапталған орталықтар арқылы атқарушы орган өкілдері алдын ала тіркелмей-ақ, аптаның белгіленген күндері кез келген уақытта келуіне болады, – деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаев.

Comments (0)
Add Comment