Қордайдағы қуаныш

«Асарлатып үй салу» жобасы аясында Қордай ауданында тұрмысы төмен азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Ағымдағы жылы асар әдісімен 15 үй салу жоспарланған десек, жыл басынан бері 2 отбасы қоныс тойын тойлап үлгерген.
Сұлутөр ауылдық округінің әкімі Нұрлан Байсалдың айтуынша, ежелден келе жатқан игі дәстүрді жаңғырту жобасының басты мақсаты – мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз ету ғана емес, халықты бірлікке жұмылдыру.
Аталған ауылдағы 2 баланың анасы Гүлжан Тұрлықожаеваға жуырда ауылдастары жаңа үй тарту етті. Бұған дейін ол балаларымен бірге тар, қолайсыз үйде тіршілік етіп келсе, енді барлық жағдай жасалған, кең ауласы бар, төрт бөлмелі жаңа үйдің иесі атанып отыр.
Ауыл жастарының бастамасымен жалғызбасты анаға үй алып беру үшін қаржы жиналған. Оған ауылдықтар жабыла атсалысқан. Осылайша тұрғындар бір-екі айдың ішінде екі жарым миллион теңге жинады.
– Жолдасым көлік апатынан қайтыс болған соң, мен екі кішкентай баламен жалғыз қалдым. Ауылдықтар менің қиын өмірлік жағдайға тап болғанымды біліп, ақша жинап, осы жайлы үйді сатып алып берді. Көмек қолын созғандардың барлығына алғыс айтамын. Халқымыздың күші – бірлік пен қайырымдылықта. Кейін менің балаларым да мұқтаж жандарға көмек көрсетеді, – дейді Гүлжан Тұрлықожаева.
Айта кету керек, жаңа қоныс той иесінің жұмысқа орналасуына көмек көрсетілген. Қазір ол эколог болып жұмыс істеуде.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Comments (0)
Add Comment